Қоғам • 15 Қаңтар, 2026

Салық режимдерінің ауысуы кітап нарығына қалай әсер етеді?

240 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қосылған құн салығына қатысты бастамалар қоғамдық пікірде көбіне «баға қымбаттайды» деген бір ғана өлшеммен қабылданады. Алайда бұл өзгерістердің салдары кей салаларда әлдеқайда терең әрі ұзақ мерзімді сипатқа ие. Соның бірі – баспа ісі. «Мазмұндама» баспасының директоры, баспагер Шыңғыс Мұқан салық режимдерінің ауысуы мен ҚҚС мөлшерлемесінің өзгеруі кітап нарығындағы қалыптасқан экономикалық тепе-теңдікті шайқалтуы мүмкін екенін айтады, деп жазады Egemen.kz.

Салық режимдерінің ауысуы кітап нарығына қалай әсер етеді?

Сурет ЖИ көмегімен жасалды

Баспагердің сөзінше, ҚҚС-тың табиғатын дұрыс түсінбей, мәселені кәсіпкердің табысына телу – қате пайым.

«Жалпы, ҚҚС – кәсіпкер емес, тұтынушы төлейтін салық. Мәселен, тауар сатып алсаң, түбіртегінде баға ҚҚС-пен көрсетіледі. Біз мәселен бүгінге дейін 3000 теңгенің кітабын ҚҚС-ты қоспай, 3000 теңгеге сатып отырмыз. 3000 теңгеден 4% салық төлейміз. 120 теңге. Өзімізге 2 880 теңге қалады. Ал енді ҚҚС төлейтін Жалпылама салық режиміне (ЖСР), біз кітапты 3 480 теңгеге сатамыз. 480 теңгесін мемлекетке төлейміз, өзімізге 3 000 теңге қалады», дейді Шыңғыс Мұқан.

1 қаңтардан бастап салық реформасы күшіне енеді. Базардағы баға шарықтауы ықтимал

1

Алайда мәселе мұнымен шектелмейді. Шыңғыс Мұқан микроэкономика заңдылықтарына сүйене отырып, бағаның өсуі сатылым көлемінің азаюына әкелетінін алға тартады.

«Бір қарағанда шығын бізге емес, кітап сатып алушыға өтетін секілді. Десе де баспаның шығыны қысқа мерзімде өспегенімен, ал ұзақ мерзімде өседі. Себебі микроэкономика бойынша, кітап бағасы қымбаттаса, кітап аз сатылады. Бірақ баспаның операциялық шығындары сол күйінде қалады, яғни кіріспен салыстырғандағы шығынның үлесі артады. Бұл – бір», дейді ол.

Салық төлеуші «Цифрлық бюджет» арқылы өз аударымын көре алады

Баспагердің пікірінше, мәселенің түп-төркіні ҚҚС мөлшерлемесінің өсуінде емес.

«Екіншіден, бұл жерде ҚҚС-тің 12-ден 16-ға, яғни 4% өсуі де үлкен мәселе емес. Ең басты мәселе енді ЖСР-лер біз секілді шағын кәсіптердің – көбіне Оңайлатылған салық режиміндегілерден (ОСР) сатып алатын кітабын есепке ала алмайды», дейді Шыңғыс Мұқан.

Салық реформасының мәні неде?

Шыңғыс Мұқан осы себепті ЖСР-лер үшін ОСР-лердің ЖСР-ге өткенін тиімді деп санайды. Ал баспа саласының өзі экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші бойынша ОСР-ге жататын кәсіп түрлерінің қатарында. Бұл жағдай ірі кітап дүкендері мен шағын баспалардың арасындағы қарым-қатынасқа әсер етпек.

«Баспа саласы Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші тізімінде ОСР-ге жататын кәсіп түрлеріне кіреді, бірақ егер бізден кітап алып сататын ірі кітап дүкендері үшін бізбен – ОСР-лермен жұмыс істеу тиімсіз», дейді баспагер.

Салық режимін өзгертуге бір реттік мүмкіндік берілді

Оның айтуынша, бұл тек – шағын баспаларға емес, ірі кітап дүкендеріне де ұзақ мерзімді қатер.

«Бұл жерде ірі кітап дүкендері үшін де, яғни барлық ЖСР-лерге де ұзақ мерзімде қатер бар. Олар бізден кітап алмаса, олар дүкендерінде не сатады. Ал шағын баспалар үшін өз кітабымызды оқырмандарға тіке сататын каналдар бар, айталық маркетплейстер, үлкен дүкендер бізден кітап алмаса да, шағын баспалар банкрот болмайды.

Кітап – бұл нан емес. Баспадағы кітаптардың көбі бірегей, яғни зияткерлік құқықпен баспа ғана шығара алады. Ал оқырман оқығысы келетін кітабын онлайн тапсырыс беріп қойып, бірнеше күн күте алады. Сондықтан бұл жерде – ЖСР мен ОСР соғысында тек қана ОСР ұтылады деген сөз емес. Иә, ОСР қысқа мерзімде ұтылса, ЖСР ұзақ мерзімде ұтылады. Ал кез келген кәсіпте маңыздысы – ұзақ мерзімдегі нәтиже», дейді баспагер Шыңғыс Мұқан.

Соңғы жаңалықтар