Елімізде халықтың жан басына шаққандағы балық тұтыну көрсеткіші өскен. Әрине, қажетті мөлшер саналатын 14–15 килоға дейін әлі біраз бар. Бірақ елімізде балықты қолдан өсіру қарқын алса, бұл межеге де көп ұзамай жетіп қалармыз. Осы күні тауарлы көл шаруашылықтары Алматы, Түркістан, Жетісу өңірінде көбейгені байқалады. Ал Атырау, Қызылорда, Алматы, Шығыс Қазақстан облысында кәсіптік балық аулау қарқын алған.
Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Жәнібек Жұбановтың айтуынша, қазір Аралда жылдық қуаты 24 мың тоннаға жуықтайтын 9 зауыт бар. Былтыр күзде жылына 6 мың тонна балық өңдейтін «Қарашалаң балық» зауыты іске қосылды.
Теңізді өңірдегі «Agrofish 2020», «Арал СДО», «Камбала – балық» балықшылар өндірістік орталығы», «СДО Қарашалаң», «Aral Sea food», «Қарашалаң балық» ЖШС зауыттары балықты терең өңдеумен, «Ар-М-Кон», «Бөген СДО», «Қуаныш», «Zhal gasbay» секілді шағын кәсіпорындар балықты қатырып, мұздатып, ыстаумен айналысады.
«Аудандағы «Арал балық өңдеу зауыты» мен «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС балық өңдеу зауытында ғана еурокод бар. Жаңағы өндіріс орындарынан бөлек, балықты сұрыптап қатырып, сақтайтын цехтар да аз емес. Былтырғы 11 айда 4 190 тонна балық ауланыпты. Бұрнағы жылы 2 847 тонна өнім өңделсе, былтыр бұл көрсеткіш 4 731 тоннаға жетті. Оның 2 080 тоннасы шет мемлекеттерге экспортталды», дейді бөлім басшысы.
Аудандағы Қамыстыбас балық тәлімбағы Кіші Арал теңізі мен кәсіпорын айналасындағы су айдындарына шабақ өсіріп, жібереді. Мемлекеттік тапсырыс есебінен онда жыл сайын 15 млн 220 мың шабақ өсірілсе, оның ішінде 14 млн 800 мың бір жылғы, 420 мың екі жылғы шабақ күтімге алынады.
Ал Ақшатау елді мекеніндегі «Жамбыл» өндірістік кооперативінде балық дернәсілдерін шығаратын инкубациялық цех жұмыс істеп тұр. Цехтан шыққан дернәсілдер жергілікті су қоймаларын балықтандыруға кетеді. Бұдан бөлек, «Арал Рыбторг» ЖШС Аманөткел ауылынан 15–20 млн шабаққа арналған инкубациялық цех құру жұмысын бастапты.
Ауданда тоған шаруашылығы бағытында жақсы бастама бар. Ақирек тауының баурайындағы 380 гектар жерден тоған қазылып, гидроқұрылысы аяқталды. Қазір тоғанға аудандағы «Қамыстыбас» балық тәлімбағында өсірілген ақ амур, дөңмаңдай, сазан шабақтарының 50 мыңы жіберіліп жатыр. Құны 685 млн теңге болатын жоба үшін «Байқоңыр» ӘКК» АҚ арқылы 513 млн теңге несие алыныпты. Жылдық қуаты 300 тоннаға жететін тоғанда алдағы уақытта сазан тұқымдас балықтар өсіріледі.
«Балық шаруашылығын дамытудың 2021–2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасына сәйкес тауарлық балық өндірісін ұлғайту мақсатында «Ақшатау-Сорғақ», «Домалақ», «Тұщы», «Қаракөл», «Алаша», «Ақбілек», «Шөмішкөл» тізімге еніп отыр. Жалпы, ауданда бұл бағыт бойынша жұмыс істейтін 16 шаруашылық бар.
Қызылорда облысы,
Арал ауданы