Орталықтың ашылуына ҚазҰУ басқарма төрағасы-ректор Жансейіт Түймебаев, «Aerial Solutions» ЖШС Авиациялық оқу орталығының бас директоры Перизат Құдайбергенова, Қорғаныс министрлігі Ұшқышсыз ұшу жүйелерін дамыту және қолдану департаментінің басшысы Иса Теймуразұлы, Қорғаныс министрлігі Әуе қорғанысы күштері Әскери-әуе күштері қолбасшылығы бас орталығының басшысы Сәкен Рүстемов, Ұлттық қауіпсіздік академиясының кафедра меңгерушісі Артур Имашев, Қазақстан авиация әкімшілігі Лицензиялау департаментінің директоры Әділжан Сұлтанов, белгілі ғалымдар мен оқытушылар қатысты.
Жиынды ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев ашып, орталықтың іске қосылуы еліміздің технологиялық даму жолында ерекше маңызы бар екенін жеткізді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысында «Біздің ұлт ретінде бәсекеге қабілеттілігіміз бен егемендігіміз осы технологияны қалай пайдаланатынымызға тікелей байланысты. Әр маман цифрлық дағдыларды жетік меңгеріп, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін жұмыс барысында тиімді қолдана білуі қажет» деп атап өткен болатын. Сондай-ақ үш жыл ішінде елімізді толық цифрландыруға байланысты стратегиялық мақсат қойды. Осы міндетті жүзеге асыруда ғылыми қауымдастық пен бірлестіктерге зор жауапкершілік жүктелді. ҚазҰУ-да Ұшқышсыз авиацияны дамыту инновациялық орталығы ашылуы – ауқымды ғылыми жобаларды іске асыруға, заманауи дрондарды жасап, құрастыруға, білікті мамандарды даярлауға, студенттердің тағылымдамадан өтуіне мүмкіндік береді. Мұнда жасалған дрондар экономиканың түрлі саласында тиімді қолданылатын болады. Бірлескен орталық өндіріс пен университет арасындағы маңызды серіктестіктің нақты нәтижесін көрсетеді. Жобаның іске асуы еліміздегі цифрлық инфрақұрылымның дамуына, азаматтық ұшқышсыз авиация саласындағы мемлекеттік стратегияны жүзеге асыруға елеулі серпін береді», деді ректор.

Ал «Aerial Solutions» ЖШС Авиациялық оқу орталығының бас директоры П.Құдайбергенова Қазақ ұлттық университетінің базасында ашылған Ұшқышсыз авиацияны дамыту инновациялық орталығы ғылымды, білімді және заманауи ұшқышсыз технологияларды біріктіріп, халықаралық стандарттарға сәйкес мамандар даярлауға жол ашатынын атап өтті. Оның айтуынша, университеттегі академиялық база сапалы тәжірибелік білімді қамтамасыз етіп, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және цифрлық мониторинг салаларының дамуына ықпал етпек. Орталық жас мамандарға ашылған жаңа мүмкіндік, еліміздегі авиациялық жобаларды әлемдік деңгейге шығаруға ықпал ететін болады.
Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі Әуе қорғаныс күштері бас басқармасының жетекшісі Сәкен Рүстемов ұлттық университетпен бұл саладағы ынтымақтастықтың маңызына тоқталып, еліміздегі әуе қозғалысы саласының дамуына елеулі үлес қосатын инновациялық жобалардың дамуы ұшқышсыз авиация саласының жаңа деңгейге көтерілуіне оң ықпал ететінін баяндады. Сонымен бірге «Aerial Solutions» компаниясы авиациялық оқу орталығының басшысы Мәулен Мұстафаев мұнда заманауи кадрлар даярланатынын жеткізді.
Оның айтуынша, орталық базасында азаматтық және мемлекеттік авиация саласына мамандар даярлауда қысқа курстар өтеді. Соның барысында инженерлер, құрастырушылар біліктілігін арттырып, ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға қатысады. Мұнымен қоса ҚазҰУ-мен бірлесе отырып, биыл жаңа оқу жылынан бастап жоғары білімді кадрлар даярланбақ. Бакалаврда оқитын мамандар ұшқышсыз технологияларды құрастыру, басқару бағытында білім алады. Орталықтың ашылуы – әскерде азаматтық борышын өтеп жүрген сарбаздарға да үлкен мүмкіндік. Олар Отан алдындағы борышын 1 жыл өтегеннен кейін 2 жыл жаңа оқу жылынан бастап осы бағытта білім алады. Осы орайда «Сарбаз+» жобасымен ынтымақтастық көзделіп отыр. Инновациялық орталықта дрондар мен сервистерді ішкі және халықаралық нарыққа шығару, инновациялық стартаптарды қолдау, коммерцияландыру іске асады.
Бүгінде Қазақ ұлттық университетінің аумағында 2 мың шаршы метр аумақта дрон құрастыру өндірісі орналасқан. Енді аз уақытта білікті инженерлер еліміздегі дрон өндірісін қолға алып, қорғаныс саласы мен ауыл шаруашылығына арналған ұшқышсыз ұшу аппараттарын құрастыратын болады.
АЛМАТЫ