Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Мемлекеттік қолдаудың бұл түрі елімізде 1999 жылы енгізілген. Бүгінде халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің маңызды бөлігі саналады. Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқылы азаматтардың 17 санаты заңнамада белгіленген. Тарқатып айтсақ, олардың қатарында екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен басқа мемлекеттердің аумағында өткен әскери іс-қимылдарға қатысқан ардагерлер, соғыс ардагерлеріне теңестірілген азаматтар, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан жауынгерлердің әйелдері мен қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасы мүшелері, «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарына ие болғандар, тыл еңбеккерлері, Чернобыль атом электр стансасындағы апаттың салдарын жоюға қатысқандар, саяси қуғын-сүргін құрбандары, мүгедектігі бар адамдар, ел алдындағы ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалған азаматтар бар.
Ай сайын түсетін төлемдердің мөлшері жәрдемақы алатындардың санатына байланысты 2,13-тен 138,63 айлық есептік көрсеткішке дейін өзгеріп отырады. Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері жыл сайын АЕК мөлшерінің артуына байланысты, республикалық бюджет туралы заңда белгіленген тәртіппен көтеріледі. Ескеретін жайт, егер азамат бірнеше негізбен арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқылы болса, онда жәрдемақы тек олардың біреуі бойынша ғана төленеді. Бұл ретте төлем алатын тұлғаның өз таңдауы басшылыққа алынады. Таңқаларлығы, елімізде тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар да ел азаматтарымен тең дәрежеде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқылы. Құлаққағыс ретінде айтсақ, арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау үшін өтінішті eGov.kz порталы арқылы немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып толтыруға болады.