13 Мамыр, 2015

Жаңғырту – мемлекеттің жаһандық қатерге жауабы

306 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қазақ ұлттық аграрлық университеті бас ғима­ра­ты­ның Мәжіліс залында 5 халық­тық реформа тақы­рыбын­да ғылыми форум болып өтті. IMG_6625 Форумның мақсаты – Елбасы Жолдауында айқындалған мін­дет­темелерді орындау барысында ел экономикасын өркендетудегі ғылым, білім, өндіріс өкілдерінің жауапкершілігін арттырып, бүгінгі жаһандық сын-қатер­лер жағдайындағы Тәуелсіз мемле­ке­тіміздің тұрақтылығы мен табыс­тылығы туралы мәселелерді саралау. Осы ретте аталмыш ғалымдар форумы Елбасы ұсынған 5 ха­лықтық реформаның жүзеге асырылу мәселелерін қозғады. Президенттің жаңа реформа­ларын қолдай отырып, ғалымдар жаһандық сын-қатерлер жағ­дайын­дағы Тәуелсіз еліміздің тұрақ­тылығы мен табыстылығын арттыруға байланысты нақты ұсыныс-пікірлерімен бөлісіп, нақты тұжырымдарды алға тартты. Елбасы ұсынған жаңа реформалар – қоғамда үлкен қозғау­шы күшке ие болып, әлемдік қауым­дастықты да мойындатып отыр. Бұл реформалар – қазақ­стан­дықтарды біріктіріп, отандық эконо­миканы өркендетіп, халық­тың әл-ауқатын көтеріп, білім, ғылым, өндіріс саласында қолға алынған мемлекеттік бағдарлама­лар­ды тиімді іске асыру жолында жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын­дығына ғылыми орта бек сенімді. – Қазір заман, қоғам басқа. Әлемде жаһандану үрдісі қарқын ала бастады. Адамзат алдында тұрған өзекті проблемаларды шешу – жаңа механизмдерді қажет етуде. Бүгінгі күні әлемде қаржылық-экономикалық дағдарыстың жаңа толқыны белең алуда. Бұған күрделі халықаралық жағдайлар қосылуда. Осы жағдайда Мемлекет басшысының жаңа реформаларды қабылдауы – ел экономикасын жаңа белеске көтеретіні сөзсіз, – деді университет ректоры, академик Тілектес Есполов. Ғалымдар форумы жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ­институттарына арнайы жұмысшы тобын құрып, Мемлекет басшысы ұсынған 5 халықтық рефор­маны жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралар жоспарын дайындап, Ауыл шаруашылығы министрлігіне тапсыруды ұсынды. Форум жұмысының қорытындысы бойынша Елбасы айтқан 5 реформаны қолдауға негізделген қарар қабылданып, онда ғалымдар нақты мақсат-міндеттер мен экономиканы өркендетудегі инновациялық білім мен ғылым саласының алдағы уақытта атқаратын жұмыс бағыттарын айқындады. Форум жұмысына Қазақстан Республикасының Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің ғылыми-зерттеу институттары басшылары мен ғалымдары, атап айтқан­да, – Қазақ егіншілік және өсім­дік шаруашылығы ғылыми-зерттеу инс­титутының директоры Серік Кененбаев, Ауыл шаруашы­лығын механикаландыру және электр­лендіру ғылыми-зерттеу инс­титу­тының директоры Сейіт­қазы Кешуов, Қазақ ветеринария ғылы­ми-зерттеу институтының директоры Ахметжан Сұлтанов, Қазақ агроөнеркәсіптік кешен экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Владимир Григорук, сондай-ақ Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университетінің ректоры Нұрлан Серғалиев, Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев қатысты. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.