Жәдігер • 28 Мамыр, 2024

Есет батырдың мылтығы

567 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейінде ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті батыры Есет Көтібарұлының мылтығы сақтаулы. Оны Есеттің туған інісі – Дәрібайдың шөбересі Шәмеш Сейтмәмбетов аудандық музейге 1992 жылы тапсырған.

Есет батырдың мылтығы

Шәмеш ақсақалдың айтуынша батырдың ұрпақтары бабасынан қалған қаруды екі ғасырға жуық ақ матаға орап, шөп арасына жасырып, ұрпақтан ұрпаққа аманаттап келген. Баба мұрасының қай жерде сақталғанын тек әулеттің ақсақалы ғана білген. Аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нағима Тілембаеваның айтуын­ша, ұзындығы 1 метр 9 см болатын жалғыз ауыз мылтықтың сабы ағаш, ұңғысы темірден құйылған, жан-жағы күміспен өрнектелген. Бірақ кейін күміс тастары түсіп қалған. Қайта қалпына келтіруді қажет ететін құнды жәдігер Астанада, Ұлттық музейде өткен жылжымалы көрмелерде бірнеше рет ел назарына ұсынылды.

Есет Көтібарұлы 1803 жылы Ұлы Борсық құмын­дағы Аққолтық деген жерде дүниеге келген. Ол 1848-1860 жылдары Жоламан Тіленшіұлы, Жанқожа Нұрмұхамбетұлы қозғалыстарына қатысып, Ресей шекаралық әкімшілік бекеттеріне, Елек қамалына шабуыл жасап, Қоқан және Хиуа хандықтарының Сыр бойындағы басқыншылығына қарсы күрескен. Қарсылық қозғалысының шекарасы Арал теңізінің батыс жағалауын, Үлкен және Кіші Борсық құмдарын, Мұғалжар, Жем-Сағыз, Елек-Қобда, Ырғыз, Ойыл-Қиыл өзендерінің бойын қамтыды. Жасағының саны екі мыңға дейін жеткен Есет батыр патша өкіметінің шекаралық комиссиясынан қазақтардың Жайық пен Елек өзендеріне дейінгі аралықта көшіп-қонуын шектемеу, мал жайылымын тарылтпау, елден түйе жинауды тоқтатуды, түтін салығын азайтуды талап етті. 1858 жылдың қыркүйегінде Орал казак-орыс отрядымен шайқастан соң көтеріліс басылды. Есет халқын қырғыншылыққа ұшыратпау үшін күресті тоқтауға мәжбүр болды. Жазалаушы отряд қолына түскен батырдың туған інісі Бекет бастаған сарбаздар ұсталып, Орынборда тергеліп, Сібірге жер аударылған.

Батыр 1889 жылы дүниеден озғанда Шалқар ауданының Шолақжидесіне жерленіп, 1890 жылы шикі кірпіштен күмбезді мазар тұрғызылды. Екі жылдан соң жанына батырдың інісі Дәрібай жерленді. Есет Көтібарұлының ұрпақтары бүгінде Шалқар ауданының Есет ауылында тұрады.

 

Ақтөбе облысы 

Соңғы жаңалықтар

Кітап. Қоғам. Кітапхана

Мәдениет • Бүгін, 08:41

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Қоғам • Бүгін, 08:38

Менің Түгіскенім

Тарих • Бүгін, 08:36

Ақ Олимпиадалар қайда өтеді?

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 08:32