Қазақстан • Бүгін, 16:26

Еліміз әлеуметтік қолдау бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Орталық Азия елдері арасында әлеуметтік қолдау көрсету деңгейі бойынша алдыңғы орынға шықты. Елдегі мемлекеттік қолдау тетіктері көрші мемлекеттермен салыстырғанда айтарлықтай кең әрі қаржылық тұрғыдан жоғары деңгейде жүзеге асырылып келеді, деп жазады Egemen.kz.

Еліміз әлеуметтік қолдау бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр

Фото: Ашық дереккөз

Аймақтағы барлық елдерде әлеуметтік көмек көрсетудің негізі ұқсас – баланың дүниеге келуі, зейнетке шығу, мүгедектік, асыраушысынан айырылу немесе жұмыссыз қалу сияқты жағдайлар. Алайда қолдауды ұйымдастыру мен қаржыландыру тәсілдері әр елде әртүрлі.

Зейнетақы төлемдері бойынша Қазақстан айқын басымдыққа ие. Орташа зейнетақы мөлшері елімізде 157 843 теңге, ал Өзбекстанда – 61 303 теңге, Қырғызстанда – 60 706 теңге, Тәжікстанда – 22 886 теңге. Бұл көрсеткіш Қазақстандағы әлеуметтік қамсыздандыру деңгейінің жоғары екенін көрсетеді.

Жүктілік пен босану бойынша төлемдер де Қазақстанда әлдеқайда жоғары. Орташа есеппен бұл төлемдер 164 350 теңгеден 1 158 107 теңгеге дейін жетеді. Ал Өзбекстанда – 34 520 теңге, Қырғызстанда – 43 215 теңге, Тәжікстанда – 11 415 теңге көлемінде ғана.

Сонымен қатар Қазақстанда әлеуметтік қолдау тек тікелей төлемдермен шектелмейді. Мемлекет бірқатар салаларды субсидиялайды. Мысалы, жолаушылар тасымалына бөлінетін қаржы көлемі артқан. Биыл Астанада 62,34 млрд теңге, ал Алматыда 107,6 млрд теңге әлеуметтік маңызы бар бағыттарды субсидиялауға бағытталған. Бұдан бөлек, коммуналдық тарифтердің өсуіне байланысты өтемақылар жергілікті бюджет есебінен төленеді.

Халықты әлеуметтік қолдау – басым бағыт

Орталық Азия елдерінің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне көз жүгіртсек, айырмашылық айқын байқалады. Қазақстанда:

  • орташа жалақы – 473 158 теңге;
  • ең төменгі жалақы – 85 000 теңге;
  • ең төменгі күнкөріс деңгейі – 50 851 теңге.

Бұл көрсеткіштер Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанмен салыстырғанда едәуір жоғары.

Балалы отбасыларға көрсетілетін қолдау да жүйелі түрде дамып келеді. Қазақстанда біржолғы төлемдер 1-3 балаға 164 350 теңге, 4 және одан көп балаға 272 475 теңге мөлшерінде беріледі. Жұмыс істейтін аналар үшін жүктілік және босану төлемі 1 158 107 теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Сонымен бірге, 1,5 жасқа дейінгі бала күтіміне ай сайынғы жәрдемақы қарастырылған:
бірінші балаға – 24 912 теңге, екіншіге – 29 454 теңге, үшіншіге – 33 952 теңге, төрт және одан көп балаға – 38 493 теңге төленеді. Қырғызстанда, Өзбекстанда және Тәжікстанда бұл төлемдер көлемі айтарлықтай төмен. Мәселен, Қырғызстанда біржолғы төлем 21 607 теңге (4 000 сом) ғана болса, Өзбекстанда – 34 519 теңге шамасында.

Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау бағытында да Қазақстан нақты тетіктерді енгізген. Елде көпбалалы отбасыларға ай сайын 69 330 теңгеден 121 360 теңгеге дейін төленеді. Ал «Күміс алқа», «Алтын алқа» және «Батыр ана» иегерлері 27 680-32 005 теңге көлемінде қосымша жәрдемақы алады.

Елордада әскери қызметкерлерді әлеуметтік қолдаудың тетіктері талқыланды

Аз қамтылған отбасылар үшін де жүйелі қолдау бар. 1-6 жас аралығындағы балаларға 1,5 АЕК (6 487,5 теңге) мөлшерінде төлем беріледі. Сонымен қатар жұмыссыз қалған жағдайда төлем соңғы 24 айдағы табыстың 45%-ына дейін жетуі мүмкін.

Мүгедектігі бар азаматтарға арналған әлеуметтік төлемдер де жоғары деңгейде. I топ – 111 873 теңге, II топ – 89 498 теңге, III топ – 61 022 теңге. Салыстырғанда, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстандағы бұл төлемдер бірнеше есе төмен.

Жалпы алғанда, Қазақстан әлеуметтік қолдауға көбірек қаржы бөліп, жүйелі әрі көпқырлы қолдау тетіктерін қалыптастырған. Бұл – азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жүйелі саясаттың көрінісі.

Соңғы жаңалықтар