Бұған дейін Балқаш көлінің жағалауына қатысты бас жоспар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленіп, соның негізінде аймақты қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынған. Нәтижесінде Талдықорған қаласынан Балқаш көліне дейінгі автожол толықтай асфальтталып, су, электр және кәріз жүйелері сияқты негізгі коммуникациялар тартылды. Ендігі кезекте жергілікті билік заманауи демалыс орындарын салу үшін инвесторларды тартуға басымдық беріп отыр.
Сарқан ауданының әкімі Ғалымжан Маманбаевтың айтуынша, 12, 24 және 36 сотық көлеміндегі жер учаскелері барлық инвесторларға ашық аукцион арқылы ұсынылады. Бұл формат жобаларды жылдам іске асыруға мүмкіндік беріп, шағын қонақ үйлерден бастап ірі туристік кешендерге дейін әртүрлі ауқымдағы инвестициялық бастамаларды жүзеге асыруға жол ашады. Ал 2 гектарға дейінгі ірі жер телімдері Өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімімен беріледі.
Қосымша ақпарат алу үшін Сарқан аудандық әкімдігіне жүгінуге немесе көрсетілген байланыс орталығы арқылы хабарласуға болады.
Айта кетейік, Балқаш көлінде шомылу маусымы 1 маусымнан 1 қыркүйекке дейін жалғасады. Бұл кезеңде өңір туристер үшін қолайлы демалыс орнына айналады. Көл жағалауы жағажай демалысы, су спорты және балық аулау сияқты түрлі рекреациялық мүмкіндіктерге бай. Қазіргі таңда бір маусымда шамамен 50 мың турист қабылданса, алдағы уақытта бұл көрсеткішті 500 мың адамға дейін арттыру жоспарланып отыр.