Экономика • Кеше

Қазақстан мен Дүниежүзілік банк 2031 жылға дейінгі ынтымақтастық стратегиясын талқылады

0 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстанмен 2026-2031 жылдарға арналған әріптестіктің жаңа негіздемелік стратегиясы бойынша консультацияларға арналған Дүниежүзілік банк тобының өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz

Қазақстан мен Дүниежүзілік банк 2031 жылға дейінгі ынтымақтастық стратегиясын талқылады

Кездесуді ашқан Серік Жұманғарин ынтымақтастықтың стратегиялық сипатын атап өтіп, 2031 жылға дейінгі өзара іс-қимыл бағдарын айқындайтын құжатты дайындағаны үшін ризашылығын білдірді.

«Біз Дүниежүзілік банкпен әріптестікті жоғары бағалаймыз. Ұсынылған стратегия сараптама, қаржыландыру және бірлескен бастамалар арқылы біздің реформаларды қолдау үшін негіз жасайды», деп атап өтті вице-премьер.

Көлік және цифрлық байланысты дамытуды, су және энергетика секторларында көрсетілетін қызмет сапасын арттыруды, қаржы нарығын дамытуды, жеке инвестицияны ынталандыруды, климаттық саясатты күшейтуді және жаңартылатын энергия көзін пайдалануды арттыруды қосқанда, стратегия жобасында белгіленген басымдықтар Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық құжаттары мен мақсаттарына сәйкес келеді.

Банктің алты жыл ішінде жыл сайын $1 млрд-қа дейін қаржыландыруға дайындығы да атап өтілді. Вице-премьердің айтуынша, бұл жеке секторды нығайту, инфрақұрылымды дамыту мен экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қосымша жағдай жасайды. Реформаларды талдамалық сүйемелдеу Қазақстан Үкіметі мен Дүниежүзілік банктің бірлескен Экономикалық зерттеу бағдарламасы шеңберінде жалғасады.

Кездесу барысында 2020-2025 жылдарға арналған алдыңғы Стратегияны іске асырудың қорытындысы шығарылды. Осы кезеңде жалпы сомасы  $4,2 млрд көлеміндегі 14 жоба іске асырылды. Олардың қатарында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізін дамыту, «Алматы-Қорғас» автожолын қайта жаңарту, ирригациялық және дренаждық жүйелерді жаңғырту және т. б. бар.

Дүниежүзілік банктің Қазақстан мен Түркіменстандағы тұрақты өкілі Андрей Михнев өткен кезең пандемияны қосқанда, бірқатар сыртқы сын-қатермен қатар жүргенін, бұл ретте тараптардың өзара іс-қимылы белгіленген бастамаларды іске асыруға және іс жүзінде нәтижелерге қол жеткізуге ықпал еткенін атап өтті.

Оның айтуынша, «Шығыс-Батыс» және «Оңтүстік-Батыс» жобалары «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» көлік дәлізін дамытып, 5 миллионнан астам адамға шаққандағы байланысты жақсартты. Жол жүру уақыты үштен екіге қысқарып, қозғалыс жылдамдығы үш есе өсті. Көлік шығындары 35%-ға төмендеді. 1 200-ден аса тұрақты жұмыс орны құрылған. Тұрғындардың 93%-ы өмір сүру сапасының артқанын атап өткен.

Шағын және орта бизнесті қолдау мыңнан астам кәсіпорынға гранттық және консультациялық көмек көрсетуге мүмкіндік берді. 175 стартап $41 млн сатылымды қамтамасыз етті және $16 млн инвестиция тартты.

Ирригациялық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі жоба су пайдаланудың тиімділігін 92 мың гектарға арттырып, 60 мың фермерді қосқанда, 94 мың су пайдаланушының жағдайын жақсартты. 763 шақырым арна жаңартылып, өнімділіктің өсуіне және жұмыс орындарының құрылуына ықпал етті. Аграрлық секторда субсидиялау жүйесін реформалауға қосымша талдамалық қолдау көрсетілді.

Халықаралық қаржы корпорациясының (IFC) өкілдері мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын консультациялық қолдауды, сондай-ақ жеке инвесторларға кредит беру мен олардың қатысуын арттыруды қоса алғанда, инвестициялық қызметті жалғастыру жоспары туралы хабарлады. Мысал ретінде ҚТЖ қатысуымен Алматы айналма теміржолын қаржыландыру жобасы келтірілді.

Бұдан арғы басымдықтардың қатарында темір жол инфрақұрылымын жаңғырту, қаржы институттары арқылы шағын және шағын бизнесті қолдау, заманауи ауыл шаруашылығы техникасы мен астықты терең өңдеу жобаларын жеткізуді қаржыландыруды қосқанда, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бар.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар стратегия жобасын айтылған ұсыныстарды ескере отырып пысықтауға және оны Дүниежүзілік Банктің Директорлар кеңесінің қарауына ұсынуға уағдаласты.

Соңғы жаңалықтар