фото: Ғылым және жоғары білім министрлігінің фотосы
Өтініштерді қабылдау 25 сәуір сағат 23:59-ға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең жоғары нәтижемен грант конкурсына қатыса алады. Тестілеу 10 мамыр мен 10 шілде аралығында өтеді.
Негізгі ҰБТ-ға 2026 жылғы мектеп түлектері, колледж түлектері, былтырғы түлектері, шартты түрде оқуға қабылданғандар, қандастар және шетелде білім алған Қазақстан азаматтары қатыса алады.
Өтінішті Тестілеу орталығының сайтында немесе UTO.kz қосымшасы арқылы беруге болады.
11–16 сәуір аралығында өтінішті бір рет беруге болады. 17–25 сәуір аралығында тағы бір рет немесе алғашқы кезеңде үлгермегендер үшін екі рет өтініш беруге мүмкіндік бар.
Мысалы, 11–16 сәуір аралығында шілде айына, ал 17–25 сәуір аралығында мамыр айына тіркелуге болады. Екі тапсырудың арасында нақты уақыт шектеуі жоқ. Бірақ бір күнде екі рет ҰБТ тапсыруға болмайды.
2026 жылғы мектеп түлектері үшін негізгі ҰБТ тегін. Ал басқа қатысушылар үшін төлем құны – 5640 теңге. Төлемді бір сағат ішінде жасау қажет, әйтпесе өтініш жойылады.
Өтініш беру кезінде талапкер ұсынылған нұсқалардан тестілеу күнін, уақытын және орнын өзі таңдайды.
2026 жылғы мектеп түлектерінен басқа қатысушылар үшін мына күндер ұсынылады:
- 25 мамыр
- 2 маусым
- 5 маусым
- 9 маусым
- 12 маусым
- 15 маусым
Егер талапкер шекті балл жинаса, негізгі ҰБТ сертификатын грант конкурсына да, ақылы оқуға түсуге де пайдалануға болады.