Тұрғындар кейінгі кездері ауа сапасының күрт нашарлап, тыныс алудың қиындағанына жиі шағымданады. Мәселен, қала іргесіндегі «Сая» бау-бақша ұжымының тұрғындары күкіртке ұқсайтын өткір иістен зардап шегіп отыр. Тұрғын Әлия Қайырованың айтуынша, үй ішіне дейін кіретін сасық иістен терезе ашу мұңға айналған.
«Тыныс алу мүмкін емес. Қолқаны қабатын иістен жүрегі айнып, қан қысымы көтерілгендер жедел жәрдем шақыруға мәжбүр», дейді ол.
Бұқараның шағымына орай, өткен айдың соңында «Қазгидромет» РМК Атырау облыстық филиалының мамандары мен экологтер арнайы мониторинг жүргізді. Облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Ерлан Есеновтің мәліметінше, тексеру нәтижесі көңіл көншітпейді. Бірқатар аумақта күкірт сутегі мен көміртек оксидінің мөлшері рұқсат етілген шекті концентрациядан бірнеше есе асып түскен. Нақтырақ айтсақ, Кеңөзек ауылдық округіндегі Тасқала ауылының тұсында күкірт сутегінің мөлшері – 17,5, іргелес аумақтарда 15 есеге дейін жеткен. Ең сорақысы, «Химиктер» ауылында бұл көрсеткіш 36,3 есеге дейін артқаны тіркелді.
«Зерттеу жұмыстары қаладағы Мирный, Водник елді мекендерінде, «Тухлая балка» буландыру алаңында жүргізілді. Қазір барлық мәлімет сарапталып жатыр. Алайда қолданыстағы Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, біз Атырау мұнай өңдеу зауытына рұқсат құжатынсыз кенеттен тексеру жүргізе алмаймыз. Сол себепті жинақталған материалдар прокуратураға жолданды. Тексеру құқық қорғау органдары істі тіркегеннен кейін ғана басталады», деп түсіндірді Е.Есенов.
Күдікке ілінген «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-ның баспасөз қызметі зауыттың қалыпты режімде жұмыс істеп тұрғанын алға тартады. Олардың мәліметінше, қала тұрғындары көріп жүрген будақтаған түтін – зиянды қалдық емес, кәдімгі су буы. «Зауыттағы технологиялық үдерістерде жылу алмасу қағидаты қолданылады. Су технологиялық пештерде қыздырылып, градирнялар арқылы салқындатылады. Қыс мезгілінде ауа температурасы төмендегенде бу жерге жақын қабаттарда конденсацияланып, шлейф түзеді. Бұл – жану өнімі емес, әлемдік тәжірибеде бар құбылыс», деп хабарлады кәсіпорын өкілдері.
Сондай-ақ зауыт мамандары санитарлық-қорғау аймағында өз зертханалары арқылы ауа сынамасын алғанын, нәтижесінде күкіртті сутек мөлшері небәрі 0,00002 мг/м³ көрсеткенін, басқа зиянды қосылыстардың нормадан төмен болғанын жеткізді.
«Атырау мұнай өңдеу зауыты» серіктестігі Қоршаған ортаны қорғау бөлімінің жетекші инженері Мөлдір Борашева жағымсыз иістің шығу тегін анықтауда желдің бағытын ескеру қажет екенін айтады.
«Мәселен, шағым түскен күні жел солтүстік-шығыстан, яғни зауытқа қарай соғып тұрды. Демек, ластаушы көз басқа жақта болуы мүмкін. Атырау аумағында бізден де өзге табиғат пайдаланушылар бар. Нақты «кінәліні» құзырлы органдар анықтауға тиіс. Біздің тарапымыздан шекті нормадан ауытқу тіркелген жоқ», дейді М.Борашева.
Әзірге мұнайлы өңірдің тұрғындарын алаңдатқан түйткілдің түйіні тарқамай тұр. Ауаны нақты қай кәсіпорынның ластағаны беймәлім. Жергілікті экологтер тек айыппұл салумен шектеледі. Ал айыппұл жұтар ауаны жұпар етер емес.
Атырау облысы