Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Келесі айдан бастап жекеменшік мектептер лицензиясы, балалар қауіпсіздігі, білім беру қызметінің сапасы, біліктілік талаптарына сәйкестігі тексеріледі. Жаңа оқу жылында мемлекеттік тапсырыстың көлемін жергілікті атқарушы орган анықтайды. Қаржы e-Qazyna платформасында OrtaBilim цифрлық сервисі арқылы бөлінеді. Бұл қаржыландыруды жеңілдетіп, ашықтығын, сыбайлас жемқорлық тәуекелін азайтуға бағытталған қадам болмақ.
Бүгінде еліміздегі 900-ге жуық жекеменшік мектепте 30 мыңнан аса оқушы білім алады. Кейінгі 5 жылда жеке мектеп саны 4 есе, оқушы саны 6 есеге өскен. Тәуелсіз сарапшы Ақнұр Бүбеқұлова орын тапшылығы 2033 жылға қарай 1 млн-ға жететінін алға тартып, мұндай жағдайда мыңнан аса мемлекеттік мектеп салуға тура келетінін әрі қомақты инвестицияны қажет ететінін айтады. Ал қазіргі қалыптасқан жағдайда тиісті шаралардың қолданылуын дұрыс санайды. Бірақ заң аясында жұмыс істеп жатқан жеке білім ошақтарына зиян келмегені абзал. Құқық бұзушылық заң аясында реттелуге тиіс. Оның пікірінше, Астана, Алматы, Шымкент қаласы, Түркістан облыстарында халық саны өсуінен жаңа оқу орындарына сұраныс әлі де арта түседі.
Мемлекет-жекеменшік әріптестігі режіміне көшіруді қолдаған инвестор Асан Нұғымановтың пікірінше, елімізде орта білім беру формаларының әртүрлі болғаны жағымды үрдіс. Бірақ жекеменшік мектептердегі білім сапасының мемлекеттіктен айырмасына қатысты нақты статистика жоқ. Нақты сараптама, шешім шығару мақсатында ондай статистика керек.
– Бүгінде елімізде мемлекет-жекеменшік әріптестігі моделі негізінде ашылған 150 мектеп бар. Бұл – мемлекеттік білім беру мен жеке сектор арасындағы гибридті жүйе. Егер де мектеп құрылысы мен қызмет көрсетуге кеткен шығындарды қайтару үшін жекеменшік білім секторы оқу ақысын көтеруге мүдделі болса, онда мемлекет-жекеменшік әріптестік негізіндегі мектептер жағдайында оператор келісілген бойынша бала санын толықтыруы қажет. Ал мұнда мемлекеттік, немесе жекеменшік мектептегі білім сапасынан жоғары болған жағдайда ғана оқушы көбейеді. Бұл модель Ұлыбритания, АҚШ-та кең таралған. Осы модельдің тиімділігіне сенемін. Өйткені мемлекеттің бір мезетте мектептер құрылысына, тіптен қолданыстағы мектептердің реновациясына инвестиция салуы қиын. Мәселені Президенттің өзі бірнеше рет атап өтті. Маман ретінде айтарым, қазіргі қолданыстағы, сондай-ақ әлі де салынатын «Келешек мектептерін» мемлекет-жекеменшік әріптестік режіміне көшіру қажет, – дейді сарапшы.
Qazbilim ұлттық мектеп жобасының жетекшісі, PhD Аятжан Ахметжанұлының айтуынша, елімізде жекеменшік мектептердің дамуы жалпы білім сапасына үлкен серпін әкелді. Өкінішке қарай, кейінгі 1-2 жылда сала кедергіге тап болды.
– Президенттің өзі жеке мектептерді дамытуға айрықша назар аударып отыр. Салаға инвестиция тарту ісінде жүйелі шаралар қабылдаудың, сондай-ақ мемлекет-жекеменшік серіктестік құралын жетілдіру маңызды екенін айтып, қолданыстағы модельді түбегейлі өзгерту керек деген. Жекеменшік мектептерде оқу ақысы қосымша құзыреттіліктерге қарай белгіленеді. Егер оқушы әлемдік деңгейдегі, сондай-ақ олимпиадалық резерв сапындағы білімді, өнерді үйренетін болса, онда білім ақысының соған сай болуы заңды да. Ал баға саясаты кәсіпкер мен ата-ана арасындағы келісімге байланысты, – дейді сарапшы.
Аятжан Ахметжанұлының айтуынша, жүйелілік пен ашықтықта жекеменшік және мемлекеттік мектепке қойылатын талап бірдей болуы қажет. Осы мақсатта Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті өз құзыретінде толыққанды жұмыс істегені абзал. Сапа меншікке емес, менеджментке байланысты. Сарапшының пікірінше, егер де білімі жоғары елдердегідей сапаға қол жеткіземіз десек, мектептер бір ауысымда жұмыс істеп, бір сыныпта 20 оқушыдан аспағаны абзал. Ал жекеменшік сектордың жалпы орта білім саласындағы үлесі 20–25 пайызды құрауға тиіс. Қазір бұл көрсеткіш 9–10 пайыз шамасында. Оқушыны қамту деңгейі 5–6 пайыз. Бұл сектордың дамуы сапаны, бәсекелестікті қалыптастырады әрі оқушының қосымша құзыреттерді меңгеруіне, білім жүйесіне әлемдік жобалардың енуіне ықпал етеді.
«Еліміздегі білім жүйесі кейінгі жылдары күрделі демографиялық және инфрақұрылымдық қысымға тап болып отыр. Оқушылар санының өсуі мен урбанизация мемлекеттік мектептердің мүмкіндігін шектей бастады. Осы жағдайда мемлекет-жекеменшік әріптестік тетігі жүйенің маңызды тірегіне айналды. Қоғамда бұл модель кейде мемлекет есебінен жеке бизнесті қолдау ретінде түсіндіріледі. Алайда экономикалық есеп бұған кереғар нәтиже көрсетеді», деді Кембридж университетінің білім саласындағы магистрі, «Hyperion Boarding», «Oyu Children», «Astana Garden School» халықаралық білім ордаларының негізін қалаушы Нұрмұхамед Досыбаев.
Сарапшы келтірген мәліметке сүйенсек, биліктің білім мен адам капиталын басым бағыт ретінде белгілеуінің арқасында, 2024 жылы бұл салаға бөлінген қаржы 6,7 трлн теңгеге жетті. Бұл – ІЖӨ-нің 4,96, ал мемлекеттік шығынның шамамен 22 пайызы. Қазір елде 4 миллионға жуық оқушы болса, оның 300 мыңы жекеменшік мектепте білім алады. Егер балаларды толықтай мемлекеттік мектептерге ауыстыру қажет болса, екі ауысымдық жүйеде кемінде 150 мың жаңа орын салу керек. Бір орынның орташа құны 5–7 млн теңге екенін ескерсек, бюджетке бір реттік салмақ 750 млрд пен 1,05 трлн теңге аралығында болмақ. Бұған кейінгі жылдардағы жалақы, коммуналдық қызмет, жөндеу шығындары қосылады. Ал қазіргі модельде мемлекет ғимарат салмайды, тек оқыту үрдісін қаржыландырады. Бір оқушыны жылына 500–700 мың теңге көлемінде жан басына қаржыландырады, ал 300 мың бала үшін 150–210 млрд теңге. Бұл – бір оқушы орнының құрылыс құны шамамен 8–10 жылдық білімін қаржыландыруға тең екенін көрсетеді. Жекеменшік мектеп шығынының 40–60 пайызын ата-аналар көтереді. Ақшалай алғанда, олардың жыл сайынғы үлесі 225–315 млрд теңгеге жетеді. Осылайша, жекеменшік білім беру нарығының жылдық көлемі 375–525 млрд теңгені құрап, тұрақты өсіп келеді. Бұл – ата-аналардың саналы таңдауы арқылы қалыптасқан, мемлекетке салмақ салмай дамып отырған нарық. Мемлекеттік мектеп салынғаннан кейін де бюджетке тұрақты жүк түседі. Ал мемлекет-жекеменшік әріптестікте ғимаратты инвестор салады, мемлекет тек білім қызметін сатып алады. Мұндай тәсілдің тиімділігі «Балапан» бағдарламасы арқылы да дәлелденді.
– Кейінгі 15 жылда шамамен 1 миллион бала жекеменшік балабақшада тәрбиеленіп, мемлекет 4–6 трлн теңге көлеміндегі құрылыс шығынынан құтылды. Халықаралық тәжірибе де осыны көрсетеді. Мәселен, Дубайда 10 шақты мемлекеттік, 250-ден астам жекеменшік мектеп бар. Бұл сала арнайы қолдау арқылы инвестициялық секторға айналған. Әрине, жекеменшік мектепте сапаға қатысты мәселелер бар. Бірақ бұл модельдің кемшілігі емес, басқару мен бақылаудың әлсіздігінен туындайды. Оны цифрлық реестр, тәуелсіз аккредитация, ашық қаржыландыру арқылы шешуге болады. Мемлекет-жекеменшік әріптестікті шектеу ең алдымен мемлекеттік құрылыс тапсырысына тәуелді мердігерлер мен бюджет бөлінісіне ықпалы бар топтарға тиімді болуы мүмкін. Ал мемлекет, ата-аналар, оқушылар мен ұстаздар ұтылады. Мәселе модельдің өзінде емес, оны қалай және кім басқаратынында. Қазір жекеменшік мектептер бытыраңқы күйде. Ал нарық жүздеген миллиард теңгемен өлшенеді және жүздеген мың отбасының мүддесін қамтиды. Егер олар кәсіби қауымдастық құрып, ортақ ұстаным қалыптастырмаса, бұл бәсекеде ұтылу қаупі бар. Ондай жағдайда тек жекеменшік сектор емес, ел ұтылады. Жекеменшік білім беру нарығы елімізде бар. Ендігі оның тағдыры – жүйелі, жауапты және толыққанды субъект ретінде қалыптасуында, – дейді Н.Досыбаев.
Түйін: Сарапшылар қаржыландыру қысқарса, шағын мектептердің едәуір бөлігі жабылатынын айтады. Оқушылар мемлекеттік мектептерге оралып, мұғалімдер басқа салаға кетуі мүмкін. Жекеменшік білім секторы экономикалық белсенді сала, сондықтан монополияланбай, институтционалды дамығаны маңызды.
АЛМАТЫ