Фото: depositphotos.com
Аталған іс-шараға арнайы қатысқан Аягөз ауданының әкімінің міндетін атқарушы Айбек Нұғымаров атқарылған жұмыстар туралы айтып берді.
«Қопа ауылындағы С. Сейфуллин атындағы жалпы орта білім беретін мектептің ауласы абаттандырылып, инфрақұрылым нысандары орнатылды. Шағын орталыққа қажетті жағдай жасалды. Сонымен қатар білім беру ұйымының материалдық-техникалық базасы жаңартылып, технология, физика және химия кабинеттері заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталды. Интерактивті панельдер, мәдени іс-шаралар залына арналған жабдықтар толықтырылды. Жаңғыртылған мектеп ғимараты мен ауласы оқушылар үшін қауіпсіз әрі жайлы білім алу ортасын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жұмыстарға демеушілік жасап отырған және жалпы аймақ көлемінде әлеуметтік жауапкершілік аясында қолдау көрсетіп келе жатқан Ақтоғай KAZ Minerals компаниясына алғыз білдіреміз», дейді А.Нұғымаров.
Былтыр 29 желтоқсанда мектепте жаңа оқу кабинеттері ашылған. Ұлдар мен қыздарға арналған заманауи еңбек кабинеттері, толық жабдықталған химия және физика кабинеттері, сондай-ақ жасанды интеллект кабинеті пайдалануға берілген еді. Барлық оқу кеңістігі қазіргі білім беру стандарттарына сай жасақталып, тәжірибелік оқытуға бейімделді.

Ақтоғай кен орнының бас директоры Энтони Тодд мырза бұл бастаманың мәнін әлеуметтік жауапкершілік аясында жасалып жатқан жұмыс екенін атап өтті.
«Біз жұмыс істеп жатқан өңірлерде тек өндірістік көрсеткіштерге ғана емес, жергілікті қауымдастықтардың дамуына да басымдық береміз. Қопа ауылындағы мектепті жаңғырту – болашақ мамандарды тәрбиелеуге қосқан үлесіміз деп білеміз. Заманауи зертханалар мен технологиялық кабинеттер оқушылардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың болашақ кәсіби бағдарын айқындауға мүмкіндік береді. Білімге салынған инвестиция – өңірдің орнықты дамуының негізі», дейді ол.
Оның сөзінше, инвестиция өндірістен түскен табыстың бір бөлігі ретінде емес, өңірлік дамудың өзегіне айналған. Бұл – адам капиталын қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді саясат.
Ауыл мектебінің заманауи форматқа көшуі – жастардың сапалы білім алуына жол ашпақ. Ауыл мектебі жаңарса – ауылдың болашағы нығая түсері сөзсіз. Осы ретте ауыл тұрғындары да жасалып жатқан игі жұмыстарға ағынан ақтарылып алғыстарын жеткізді.