13 Мамыр, 2015

Атырау облысында майдангер-мұнайшыларға 500 мың теңгеден берілді

211 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
ембиликтерАТЫРАУ. 13 мамыр. Атырау облысындағы «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы соғысқа қатысқан майдангер-мұнайшының әрқайсысына 500 мың теңгеден қаржылай көмек берді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Екінші дүниежүзілік соғыстан елге оралып, отандық мұнай-газ өнеркәсібінің қарыштап дамуына еселі еңбегімен үлесін қосқан майдангер-мұнайшылардың қатары азайып барады. «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы бас директорының орынбасары Қуандық Калидуллиннің айтуынша, бүгінде аталған кәсіпорынның құрылымдық филиалдарында жұмыс жасаған 15 майдангер қалған. Кәсіпорын басшылығы Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне орай олардың әрқайсысына 500 мың теңгеден қаржылай көмек берді. «Біздің ұжымның қалыптасу кезеңіне аға ұрпақтың қосқан үлесі айрықша, еңбегі ерен деп есептейміз. Біз ардагер-мұнайшыларды, соның ішінде, соғыс және тыл ардагерлерін үнемі құрметтеуден жалықпаймыз. Өйткені, еліміздің негізгі табиғи байлығы – мұнай мен газды игерудің бастауында аға буын өкілдері тұрады. Әсіресе, соғыс жылдарындағы мұнайшылардың қажырлы еңбегі Ұлы Жеңісті жақындата түсті. Біз «Ембімұнайгаз» құрылымдарында еңбек еткен 15 соғыс ардагерінің әрқайсысына 500 мың теңгеден, ал тыл ардагерлеріне 20 мың теңгеден қаржылай қолдау көрсетуді ұйғардық», – дейді «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы бас директорының орынбасары Қуандық Калидуллин. Жолдасбек Шөпеғұл. Дерек, сурет: egemen.kz.