Экономика • Бүгін, 08:45

Көмір генерациясы энергетикалық қуатты күшейтеді

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Көмір – расында стра­те­гиялық актив. Бірақ стратегиялық активтің құндылығы оны қалай және қаншалықты тиімді пайдалана алатынымызға бай­ланысты. Павлодар облысы бүгін көмір генерациясына сүйене отырып, энергетикалық үстемдігін күшейтуді көздеп отыр. Қысқа және орта мерзімде бұл шешім экономикалық тұрғыдан тиімді. Алайда ұзақ мерзімде экологиялық әрі технологиялық трансформациямен қатар жүруі шарт.

Көмір генерациясы энергетикалық қуатты күшейтеді

Суретті түсірген – Валерий Бугаев

Павлодар – отандық энерге­ти­каның жүрегі. Елде өндірілетін электр қуатының шамамен 40 па­йызы осы өңірге тиесілі. Мемле­­кет басшысы Ұлттық құрылтайда «кө­мір – стратегиялық актив» екенін атап өткеннен кейін Ертіс-Баян аймағындағы көмір генерациясын кеңейтуге бағытталған жобалар жаңа қарқын алды.

Бүгінде облыстағы энергия көз­дерінің жиынтық қуаты – 8542 МВт. Негізгі салмақты Б.Нұржанов атындағы Екібастұз МАЭС-1 (4040 МВт) мен МАЭС-2 стансалары (1000 МВт) көтеріп отыр. Сондай-ақ Ақсудағы Еуроазия­лық энергетикалық корпорация стансасы (2475 МВт) – аймақ энергетикасының маңызды буыны. Былтыр өңір 49,1 млрд кВт/сағ электр энергиясын өндірді. Бұл – республика бойынша аса қомақ­ты үлес. Павлодар – тек тұтынушы емес, елдің индустриялық белде­уін жарықпен, жылумен қамтып отырған негізгі аймақ.

Алдағы жылдары жүзеге асуға тиіс жобалар ауқымы ерекше. Ең ірісі – Екібастұз МАЭС-3 станса­сының құрылысы. Жоба бойынша әрқайсысы 660 МВт болатын төрт энергия блогі орнатылып, жалпы қуат 2640 МВт-қа жетпек. Бұдан бөлек, МАЭС-2-де №3 және №4 блоктар (әрқайсысы 550 МВт) салынады. Егер барлық жоспар то­лық орындалса, өңірдегі электр қуа­тының өндірісі 8542 МВт-тан 12717 МВт-қа дейін ұлғаяды. Яғни өсім – 49 па­йыз. Бұл Павлодардың елдегі ­электр өндірісіндегі үлесін іс жүзінде ­50 пайызға жақындатуы мүмкін.

Бірақ бұл жерде мынадай заң­­ды сауал туындайды: ішкі нарық­­­тағы сұраныс пен экспорттық әлеует ­­бұл көлемді толық игере ала ма? Қа­зір елімізде электр тұтыну біркелкі емес. Солтүстік артық өндірсе, оңтүс­тік тапшылық көреді. Демек, жаңа қуат тек өндіріс көлемін арттыру емес, энергия ағынын тиімді басқаруды да талап етеді.

Жергілікті қуат өндіретін алып нысандардың барлығы бүгінде көмірді пайдаланып отырғаны белгілі. Ал аталған жерасты бай­лығына Ертістің Павлодар өңі­рі аса бай. Көмір өндіруші кәсіп­орындардың өндірістік қуаты шамамен – 80 млн тонна. Оның ішінде КСН маркалы тас көмір – 70 млн тонна, 3Б маркалы қоңыр көмір – 9 млн тонна, Т маркалы тас көмір – 600 мың тонна. Өнеркәсіптің жалпы көлеміндегі тау-кен секторының үлесі – 24,9 пайыз болса, тау-кен өндірісі секторының үштен бірі – көмір өндірісіне тиесілі. Ал елі­мізде өндірілетін көмірдің 60%-ы Павлодар жерінен шығады.

Былтыр облыста көмір өндірісі 3,8% пайызға артып, өндіріс көлемі 298,4 млрд теңгені құраған. Бұл салада Екібастұздағы «Богатырь Көмір» ЖШС, «ЕЭК» АҚ-ның «Шығыс» кеніші, «Ангренсор-Энерго» ЖШС, сондай-ақ Баянауыл ауданындағы Майкөбе көмір бассейніндегі қоңыр көмір (лигнит) өндіретін «Гамма Сарыкөл» ЖШС мен «Майкөбен-Вест» ЖШС танымал. Бұлардың ішінде «Богатырь Көмір» мен «Шығыс» кеніші өңірдегі барлық көмірдің 80 пайызын беріп отыр. Осы салада бүгінде 15 мыңнан астам адам «екі қолға – бір күрек» тапқан.

Жаңа генерациямен бірге, электр желілерін жаңғырту да қа­тар жүру­де. 2029 жылға дейін 1722 км желіні, ­804 бірлік жабдықты жаңарту көз­дел­ген. Егер генерация өсіп, ал желі тозған күйінде қал­са, жүйелік апат қаупі артады. Ке­йінгі жылдардағы энергетикалық дағ­дарыстар бұл мәселенің өзектілігін көрсетті.

Атап өтерлігі, Екібастұздың аса қуатты энергетикалық әлеуе­тін тиімді пайдалануға бағыт­та­лып отырған «Деректерді өң­деу орталығы алқабы» («Data Processing Valley») жобасын іске асырудың болашағы зор. Есептеу инфрақұрылымы, бұлтты сервис­термен, жасанды интеллектімен жұмыс істеуге арналған қуаттар ор­­­наластырылатын арнайы аймақ құру үшін Екібастұз МАЭС – 1 стан­сасының маңынан ауданы 200 гектар болатын жер телімі белгілен­ген. Сондай-ақ болашақта аумақты 1300 гектарға дейін кеңейту мүмкін­дігі қарастырылған. Жоба аясын­да ұзындығы 15 км электр желіле­рін және қуаты 300 МВт болатын қосалқы стансалар салу көзделген. Келешекте олардың қуатын 1 ГВт-қа дейін ұлғайту жоспарда тұр. Бұл жобаға шамамен 30 млрд доллар инвестиция құйылуы керек. Қазір ірі халықаралық компаниялармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Егер жоба іске асса, Екібас­тұз тек көмірлі қала емес, цифр­лық инфрақұрылым орталығына ­айналуы ықтимал. Бұл – көмір ­энер­­гетикасының табысын жоғары технологиямен ұштастыру әрекеті.

Павлодар облысы енді көмір генерациясы арқылы энергетика­лық қуатты арттыруды көздеп отыр. Көмір генерациясының ар­тық­шылығы айқын: шикізат базасы мол, инфрақұрылым қалыптас­қан, электрдің өзіндік құны салыс­тырмалы түрде төмен. Дей тұрған­мен жаһандық энергетикалық күн тәр­тібі көмірге келгенде аса сыншыл. Көміртек шығарындылары, экологиялық талаптар, «жасыл» транс­формация – бұлардың бар­лығы ұзақ мерзімде көмір генерация­сына қысым тудыратыны белгілі.

 

Павлодар облысы 

Соңғы жаңалықтар

Табиғат сынағына тосқауыл

Аймақтар • Бүгін, 09:00

Келелі кеңес келешегі

Пікір • Бүгін, 08:58

Сот төрелігіне сенім артып келеді

Заң мен Тәртіп • Бүгін, 08:55