Фото: freepik
Қазақстанның өнеркәсіптік инвесторлар одағының президенті Қайрат Еламановтың айтуынша, Үкіметпен бірлесіп ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілген. Ішкі сауда қағидаларына өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік органдардың қажетті түсіндірмелері алынған.
Сала өкілдерінің сөзінше, бағдарлама тоқтап тұрған жоқ. Іске қосу жұмыстары өткен жылдың соңынан бері жалғасып келеді. Дегенмен бір мәселе түбегейлі шешілмей отыр.
Қайрат Еламанов атап өткендей, егер көлікті лизинг арқылы рәсімдеген жүргізуші жол қозғалысы ережесін бұзса, айыппұл автоматты түрде көлік иесі ретінде лизингтік компанияға келеді. Айыппұл уақытында төленбеген жағдайда компанияның шоттары бұғатталуы мүмкін. Бұл – әрі компания, әрі клиент үшін тәуекел. Дәл осы құқықтық олқылық автолизингтің белсенді дамуын тежеп отыр.
Соған қарамастан бағдарламаға қызығушылық бар. Дилерлік орталықтар, өндірушілер мен дистрибьюторлар азаматтардан өтініштерді қабылдап жатыр.
Маңызды жайт – автолизинг нарықтық талаптармен жұмыс істейді, яғни бұрынғы субсидияланған автонесие бағдарламаларындағыдай кепілдендірілген жеңілдіктер қарастырылмаған. 24.kz мәліметінше, бұл құралдың тартымдылығы оның шарттарына, мөлшерлемесіне және икемділігіне байланысты болмақ.
Автосарапшы Алексей Алексеевтің пікірінше, лизинг көлік сатып алудың қосымша әрі тиімді тәсіліне айналуы тиіс. Оның айтуынша, егер лизинг шынымен тиімді болса, автосату көлемі артып, елдегі автопарк жаңарады.
Сарапшылардың бағалауынша, автолизинг нарықтан өз орнын таба алады. Алайда оның кең таралуы үшін:
- Құқықтық олқылықтарды жою;
- Рәсімдерді нақтылау;
- Қаржылық тұрақтылықты күшейту қажет.
Қысқаша айтқанда, автолизингтің несиеге толыққанды баламаға айналуы құқықтық мәселелердің қаншалықты жедел шешілетініне байланысты.
Автолизинг бағдарламасы іске қосылып, мөлшерлеме төмендетілді