Әйел әлемі • Бүгін, 10:10

Кран тізгіндеген Рәзия

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әдетте түрлі техникамен байланысты мамандықтың денін ерлерге тән дейміз. Алайда сондай кәсіпті жетік меңгерген қыз-келіншектер де аз емес.

Кран тізгіндеген Рәзия

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Сырым Жаймағамбетовтің дерегіне сүйенсек, мұнайлы өңір­дің құрылыс индустриясында көп­қабатты үйлер мен өзге де нысандарды салуға 28 мұнаралы кран қолданылады. Сондай биік кранды бағындырғандардың қатарында атыраулық Рәзия Ерімбетова да бар.

Өзінің айтуына қарағанда, 1984 жылы мектеп бітірген бойжеткен әуелі сылақшы мамандығының қыр-сырын меңгеруді көздепті. Сөйтіп, сол кездегі «Гурьевнефтехимстрой» өндірістік бірлестігінің алты айлық курсына жазылған. Алайда кәсіпорындағы білікті мамандар кран операторы болуды ұсыныпты. Биыл оның кранды ұршықша үйіргеніне 41 жылдан асты.

–­ Біздің отбасымызда бұл ма­ман­дықпен жұмыс істейтіндер жоқ еді. Бастапқыда ойланып қалдым. Бірақ неге екенін білмеймін, көңі­лімде кран штурвалына отыруға деген қызығушылық оянды. Бірнеше жас алты ай бойы кран операторы мамандығын оқыдық. Арасында тәжірибеден өту үшін құрылыс алаңындағы кранға отырғызады. Албырт кезіміз ғой, биік мұнарадағы кран кабинасынан төңірекке көз салу қызықтырған шығар, – дейді Рәзия Ерімбетова.   

Ол 1985 жылы алғаш рет биіктегі кранның штурвалына отырды. Сол кезде 18 жаста еді. Содан бері өзі таңдаған мамандығына адалдықтан танбады. Әлі де биік құрылыстың дер кезінде бой көтеруіне үлесін қосып келеді. Кейінгі 11 жылдан бері «Direct Construction Service» ЖШС-де жұмыс істейді.

– Алғашқы кезде қобалжыға­ным рас. Бірақ білікті мамандардың кеңесін тыңдап, тәжірибесінен үйренуге тырыстым. Ең бастысы жұмысыңды жауапкершілікпен атқаруға ұмтылу қажет. Биік нысанға қажетті материалды дәлдікпен жеткізуге ептілік те, табандылық та керек, – дейді ол.

Атыраудағы зәулім тұрғын үйлер мен ғимараттардың құрылысына қолтаңбасын қалдырып келеді. Сондай ғимараттың қатарында «Marriott Executive Apartments Atyrau» қонақүйі бар. Мұнайлы шаһар­дағы биік нысан – мұнайлы өңірдегі шетелдіктер тұратын таңдаулы мекеннің бірі.

– Бұл қонақүйдің құрылысын салуға мен де атсалыстым. Сол кезде Қытайда шығарылған кранмен 96 метр биікте жұмыс істедім. Кейінгі жылдары Атырауда да әсемдігімен көз тартатын тұрғын үйлер бой көтерді. Сондай нысандардың құрылысында қолтаңбамның барына марқаямын. Мақсатым – қаламызда әсем ғимараттарды тұрғызуға, еліміздің өркендеуіне үлес қосу, –дейді Р.Ерімбетова.

Қазір ол Ресейде құрастырылған кранмен жұмыс істеуді меңгеріпті. Күн сайынғы жұмысына кіріспес бұрын басшылардың тапсырмасын алады. Жаз мезгіліндегі жұмысы таңғы сағат 7:00-де басталып, 12 сағатқа дейін созылады. Ал қыста 8–9 сағат жұмыс атқарады.

Әке-шешесі кран операторы ма­мандығын таңдаған қызының қалауына қарсылық білдірмепті. Ал күйеуі Аман­гелдімен 9-10-сыныпта бірге оқыған. Кейін Ауғанстанда әскери борышын өтеп келгесін, отбасын құруға шешім қабылдапты. Екеуі төрт қыз, бір ұлды өмірге әкел­ді. Қыздары теңін тауып, тұр­мыс­қа шықты, ұлы 11-сыныпта оқиды.

– Кранмен биікке құрылыс материалын көтеру оңай емес. Қазір үйрендім ғой дегеніммен, қауіпсіздік техникасына қатаң сақтаймын. Өйткені кранмен көтер­ген жүкті қабылдап алатын әріптестерімнің өмірі бәрі­нен қымбат екенін түсінемін. Басшы­ларымыз кран кабинасына жазда ауаны салқындататын, қыста жылытатын қондырғы орнатып берді. Ай сайынғы табысым көңілімнен шығады, – дейді ол.

Әріптестері көпбалалы анаға ұдайы құрмет көрсетеді. Өзі жұмысынан соң үйіне асығады. Өйткені отбасының берекесін кіргізген оның үйіне аман оралуын отбасы мен жасы жүзге таяған қарт анасы күтіп отырады.

 

Атырау облысы

Соңғы жаңалықтар

Бизнестегі бибілер

Бизнес • Бүгін, 10:20

Сыйлыққа да талғам керек

Таным • Бүгін, 10:15

Кран тізгіндеген Рәзия

Әйел әлемі • Бүгін, 10:10

Бала деп байыз таппаған...

Қоғам • Бүгін, 10:05

«Альфа» да анадан туады

Пікір • Бүгін, 09:50