Қазіргі уақытта тәуелсіз сот төрелігінің негізгі кепілдіктері Конституцияда және «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» заңда бекітілген. Бұл нормаларға сәйкес судьялар сот төрелігін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз болып, тек Конституция мен заңға бағынады. Соттардың қызметіне араласуға және сотқа қандай да бір заңсыз ықпал етуге жол берілмейді, мұндай әрекеттер заң бойынша жауаптылыққа әкеледі. Сонымен қатар судьялар нақты істер бойынша ешкімге есеп бермейді, ал сотқа немесе судьяға құрметсіздік танытқандар заңмен жауапқа тартылады.
Сот актілері мен судьялардың талаптары барлық мемлекеттік органдар, лауазымды тұлғалар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар үшін міндетті саналады. Бұл талаптарды орындамау заңнамада көзделген жауапкершілікке әкеп соғады. Дегенмен, құқықтық қағидаттарды заң деңгейінде бекіту олардың іс жүзінде толық әрі тиімді іске асуын автоматты түрде қамтамасыз етпейді. Сондықтан бұл нормаларды жүзеге асырудың нақты және түсінікті тетігі қажет.
Коалиция: Президент бүкіл күшін елге қызмет етуге арнап отыр
Бұрын сот жүйесінің бюджеттік шығындарын негізінен Қаржы министрлігі айқындайтын. Мұндай жағдайда сот билігінің қаржылық тәуелсіздігі толық қамтамасыз етілді деп айту қиын. Осыған байланысты жүргізілген реформалардың нәтижесінде соттардың қаржылық дербестігі күшейтілді. Қазіргі уақытта сот жүйесінің бюджетін қалыптастырудың жаңа моделі енгізіліп, қаржы ресурстарын бөлу және бақылау өкілеттіктері судьялардың өзін-өзі басқару органдарына берілді. Бұл өз кезегінде атқарушы билік тарапынан ықтимал қысым тетіктерін айтарлықтай азайтты.
Аталған реформалар судьялардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға да оң әсерін тигізді. Судьялардың жалақысы өсті, әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктер кеңейтілді. Болашақта судьялардың зейнеткерлік жасқа жетпей-ақ отставкаға шығу мүмкіндігін қарастырып, оларды өмір бойы әлеуметтік қамтамасыз ету мәселесін енгізу де орынды болмақ. Мұндай қадам судья мамандығының тартымдылығын арттырып, сот жүйесіне жас әрі білікті кадрлардың келуіне ықпал етуі мүмкін.
Судьялардың ішкі тәуелсіздігін қамтамасыз ету және сот төрағалары тарапынан қысымды болдырмау мақсатында облыстық соттарда төралқалар таратылды, аудандық соттар төрағаларын сайлау енгізілді, барлық кадрлық өкілеттіктер, оның ішінде қызмет бабындағы ілгерілеу, оқыту, тәртіптік жауапкершілік және т.б. Жоғары сот кеңесіне берілді. Сонымен қатар сот жүйесінің әкімшілік қызметтері жаңадан құрылған Сот әкімшілігі мемлекеттік органына жүктелді. Нәтижесінде сот төрағаларының өкілеттіктері жүйеленді.
Сот реформасының келесі маңызды қадамы ретінде «Қазақстан Республикасы судьяларының өзін-өзі басқару органдары туралы» жеке заң қабылдау ұсынылады. Бұл заң Жоғарғы сот, Жоғары сот кеңесі, судьялар съезі, Судьялар одағы және басқа да қоғамдық бірлестіктер арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа қағидаттарын жүйелеуге мүмкіндік береді.
Мысалы, қазіргі кезде Судьялар одағына мүшелік міндетті емес. Алайда Судья әдебі кодексін бұзу фактілеріне бастапқы баға беру жергілікті деңгейдегі Судьялар одағының филиалдары арқылы жүзеге асырылады. Бұл қоғамдық бірлестікке мүше емес судьялардың әрекеттеріне баға беру тұрғысынан белгілі бір құқықтық қайшылықтар туындатуы мүмкін.
Сонымен қатар сот төрелігіне қолжетімділікті кеңейту мақсатында Астанада үш кассациялық сот құрылды. Егер бұрын Жоғарғы сотта «іріктемелі» кассациялық саты жұмыс істесе, өткен жылы 1 шілдеден бастап кассациялық соттар «тұтас» кассация қағидаты бойынша қызмет атқара бастады. Бұл әрбір тарапқа өз ісін кассациялық тәртіпте қаратуға қосымша мүмкіндік береді. Нәтижесінде қайта қаралған сот актілерінің үлесі азаматтық істерде – 3-тен 18 пайызға дейін, қылмыстық істерде – 8-ден 28 пайызға дейін ұлғайды.
Алтынбек Нухұлы: Адами капитал – конституциялық жаңарудың өзегі
Сот жүйесінің ашықтығын арттыру мақсатында судьяның ерекше пікірі секілді институтты дамыту мәселесі де маңызды. Қазіргі уақытта мұндай пікір іс жүргізуге қатысушылар үшін қолжетімді емес және тек жоғары тұрған сот сатыларының судьялары ғана таныса алады. Сондықтан ерекше пікірді барлық тарапқа қолжетімді ету ұсынылады. Кей мемлекеттердің тәжірибесінде, атап айтқанда Балтық елдерінде, ерекше пікір болған жағдайда істі кеңейтілген сот құрамымен қайта қарау тәжірибесі қолданылады. Мұндай тәжірибені зерттеп, ұлттық сот жүйесіне бейімдеп енгізу орынды.
Сот жүйесінің тиімді қызмет етуіне ықпал ететін тағы бір маңызды мәселе – заң шығару үдерісіне қатысу мүмкіндігі. Қазіргі таңда заңнамалық бастамалар көп сатылы келісу рәсімдерінен өтеді, бұл кейде құнды ұсыныстардың мазмұнын әлсіретеді. Осыған байланысты жаңа Конституция жобасында Жоғарғы сотқа кемінде сот ісін жүргізу мәселелері бойынша ықшамдалған заң шығару бастамасы құқығын беру оңтайлы болар еді.
Жалпы алғанда, жаңа Конституция жобасын қабылдау сот реформасын одан әрі тереңдетуге және сот билігінің тәуелсіздігін нығайтуға жаңа серпін береді. Бұл реформалар сот төрелігінің сапасын арттыруға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын тиімді қорғауға, сондай-ақ қоғамның сот жүйесіне деген сенімін күшейтуге бағытталған. Демек жаңа Конституция жобасы ел азаматтарының конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге негізделген қуатты әлеуеті прогрессивті құқықтық құжат саналады.
Сакен АБДОЛЛА,
Жоғарғы Соттың судьясы