Фото: Жамбыл облысы әкімдігі
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өз сөзінде бұл бастаманың табиғатқа жанашырлықты, ұлттық құндылықтарға деген құрметті және халықаралық ынтымақтастықты айқын көрсеткенін атап өтті.
– Күн шуағына бөленген қызғалдақ алқабы – тек табиғаттың көркі ғана емес, ол – дала өркениетінің үнсіз шежіресі, ұлттық рухтың тірі айғағы. Осындай игі істер арқылы біз табиғат пен дәстүрді ұштастырып, келер ұрпаққа аманат болар құндылықтарды дәріптеп келеміз. Бұл фестиваль Жамбыл өңірінің туристік әлеуетін әлемге танытуға зор мүмкіндік береді, – деді Ербол Қарашөкеев.
Жамбыл өңірі – қызғалдақтың отаны. Мұнда қызғалдақтың 18 түрі өседі, оның 10-ы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Аймақ қызғалдақ түрлерінің сан алуандығы бойынша республикада алдыңғы орында.
Биылғы фестивальдің басты жаңалығы – Нидерланд Корольдігі тарапынан Жамбыл облысына 40 мың түп қызғалдақ тұқымын тарту етті. Құнды сыйлықты Holland Bulb Market компаниясының менеджері, Нидерланд елінің өкілі Марсели Пьехна салтанатты түрде табыстады.
Фестиваль аясында тау бөктерінде тігілген киіз үйлер мен алтыбақандар ұлттық нақышты айшықтап, қолөнершілер көрмесі шараның көркін аша түсті. Ұлттық спорттың сегіз түрінен өткен жарыстар көрерменге ерекше әсер сыйлап, жеңімпаздарға қаржылай сертификаттар табысталды.
Қымызмұрындық дәстүрі де жаңғыртылып, мерекенің мазмұнын байыта түсті.
Шара барысында қонақтар Қаратау бөктеріндегі қызғалдақ алқабын тамашалап, ерекше әсерге бөленді.

«Қызғалдақ мұра» фестивалі «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясымен үндесе түсті. Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз университеті мен «Ауыл» партиясының 200-ден астам ерікті фестиваль аумағын қоқыстан тазартты.