Білім • Бүгін, 07:43

Түлектерге төсбелгі табыс етілді

3 мин
оқу үшін

Семейде облыс әкімі Берік Уәлидің қатысуымен мектеп бітіруші түлектерге арналған салтанатты шара ұйым­дас­ты­рылды. Мерекелік жиын барысында 2025–2026 оқу жылын үздік аяқтаған Семей қаласының 160 тү­ле­гіне «Алтын белгі» төс­бел­гісі табысталды. Сондай-ақ облыстың білім сала­сына елеулі үлес қосқан мұға­лімдер мемлекеттік наг­радалармен марапатталды.

Түлектерге төсбелгі табыс етілді

«Бүгін біз үздік түлектерді ғана емес, туған өлкеміздің көз қуанышы мен мақтанышын ұлықтауға жиналып отырмыз. Он бір жыл бойы талмай ізденіп, білім жолында аянбай еңбек етіп, шәкірттік кезеңнің ең биік белесі – «Алтын белгі» төсбелгісін иеленген шәкірттерді шын жүректен құттықтаймын! Бұл марапат – сіздердің ғана емес, сапалы білім мен саналы тәрбие берген ұстаздарыңыздың, әрдайым қолдау көрсеткен ата-аналарыңыздың ортақ жеңісі мен ортақ мерейі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында «Жастар «Елді сүю дегеніміз – халыққа пайдасы тиетін жаңа­лық ашу, жаңа іс бастау» деп түсі­не­ді. Олар Қазақстанды дамыған, көркейген мемлекет ретінде көргісі келеді. Заманауи технологияларды меңгеріп, халқымызды озық ойлы ұлттардың қатарына қосуға талпынады», деп жастарға үлкен сенім мен биік үміт артып отыр. Сіздер осы үміттің үдесінен шығады деп сенеміз. Қанаттарыңыз талма­сын, армандарыңыз асқақ болсын», деді Берік Уәли.

Өткен оқу жылында облыс көлемінде 362 оқушы «Алтын белгі» иегері атанса, биыл бұл көрсеткіш 432-ге жетті. Осы жылы өңірде 6 065 түлек мектеп бітіріп отыр. Ал олардың сапалы білім алып, саналы азамат болып қалыптасуына 12 мыңнан астам мұғалім үлес қосты. Жалпы 2025–2026 оқу жылында Семей қаласындағы 53 мемлекеттік, 8 жекеменшік, 2 мамандандырылған мектепті жалпы саны 51 276 оқушы аяқтады. 11-сыныпты бітірген 22 854 түлектің 160-сы «Алтын белгі» иегері атанса, 231 түлек мектепті үздік аттестатпен аяқтады.

Облыста дарынды оқушыларға қолдау көрсетіліп келеді. Биыл жоғары оқу орнына түсуге об­лыстық бюджеттен қаржы қа­рас­тырылып, өңірдің 200 түле­гіне облыс әкімінің гранты бөлінді. Осындай грант былтыр да берілген.

Сондай-ақ жиында облыстың білім саласына елеулі үлес қос­қан мұғалімдерге де құрмет көрсетілді. Атап айтқанда, Семей қаласының №8 жалпы орта бі­лім беретін мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Рай­хан Әбішева, Жарма ауданы­ның Ақтайлақ би атындағы жалпы орта білім беретін мекте­бі­нің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Майра Жан­діл­динова, Бесқарағай ауданының Долон негізгі білім беретін мек­тебінің тарих пәнінің мұғалімі Жанар Омарәлина, Семей қала­сы­ның №49 жалпы орта білім беретін мектебінің математика пәнінің мұғалімі Гүлфариза Тоқтыбаева «Құрмет» ордені­мен марапатталды. Сондай-ақ Семей қаласының Бауыржан Момышұлы атындағы № 34 жалпы орта білім беретін мектебі­нің қазақ тілі мен әдебиеті пәні­нің мұғалімі Нұрлан Жолбары­сов пен Абай ауданының Бекбо­сы­нов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің математика пәнінің мұғалімі Бақыт Тілеу­бай­ға «Ерен еңбегі үшін» медалі
табысталды.

 

Абай облысы 

Соңғы жаңалықтар

Халық неге несиеге тәуелді?

Қоғам • Бүгін, 17:18