Құқық • Бүгін, 08:30

Тұлғаларды түгендеген қайраткер

9 мин
оқу үшін

Тәуелсіз Қазақстанның құқықтық жүйесін қалыптастыру мен ұлттық руханиятын жаңғырту ісінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған көрнекті тұлғалардың бірі – заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның құрметті судьясы, қоғам қайраткері Бекет Тұрғараев. Ол бүкіл саналы ғұмырын заң үстемдігін орнықтыруға, сот жүйесінің беделін арттыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арнаған азамат.

Тұлғаларды түгендеген қайраткер

Бекет Тұрғараев еңбек жолын сот және құқық қорғау саласында бастап, ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы күрделі кезеңде құқықтық мемлекеттің негізін нығайтуға белсене атсалысты. Заңгер ретіндегі басты ұстанымы – адалдық, мемлекет мүддесіне беріктік, адам тағдырына деген жоғары жауапкершілік болды. Ол қай қызметте жүрсе де сот билігінің беделі мен қоғамдағы рөлін көтеруге күш салды.

Тұлғаның ел жадында қалуы лауазымымен емес, сол қызметте жүріп жасаған ісімен өлшенеді. Әсіресе тарихи кезеңдерде қабылданған батыл шешімдер мен ел игілігіне бағытталған нақты істер адамның шынайы болмысын айқындайды. Осы тұрғыдан алғанда Бекет Тұрғараев – іскерлік пен жауапкершілікті өмірлік қағидасына айнал­дыр­ған қайраткер.

Түркістан облысы Қазығұрт ауданында дүниеге келген Бекет Тұрғараев Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін үздік бітіріп, еңбек жолын Шымкент облыстық сотында тағы­лымдамашы ретінде бастады. Білім­ді әрі алғыр жас маман көп ұзамай кәсіби қабілетімен көзге түсіп, облыстық соттың мүшесі болып сайланды. Кейін он екі жыл бойы облыстық сот судьясы қызметін абыроймен атқарды.

1989 жылы Шымкент қала­сындағы Дзержинский аудан­дық халық сотының төрағасы болып сай­ланған ол құқықтық ағартушылыққа ерекше көңіл бөлді. Оның бастамасымен сот жанынан қоғамдық негіздегі халық университеті құрылып, халық заседательдері мен түрлі сала қызметкерлерінің құқықтық білімін жетілдіруге мүмкіндік жасалды. Нәтижесінде, аталған сот республикадағы үлгілі базалық соттардың біріне айналып, оның жұмыс тәжірибесін тарату жөнінде Әділет министрлігі арнайы қаулы қабылдады.

1992 жылғы 16 қаңтарда Жо­ғарғы Кеңестің XII шақырылы­мындағы сессияда Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы болып сайланған Бекет Тұрғараев құқықтық мәдениетті көтеруге бағытталған көптеген бастаманы жүзеге асырды. Оның басшылығымен сот жұмысына компьютерлік жүйе енгізіліп, судьялардың кәсіби деңгейін арт­тыруға арналған әдістемелік кабинеттер ашылды. Сот мәжілісі зал­дарына Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би есімдерінің бері­луі ұлттық құқықтық дәстүр­ді жаң­ғыртуға бағытталған тағы­лым­ды қадам болды. Бұл бастама судья­лардың рухын көтеріп қана қоймай, халықтың тарихи құқықтық санасын нығайтуға да ықпал етті.

Сот жүйесіндегі жариялылық пен ашықтық қағидаттарын орнықтыруға ерекше мән берген Бекет Тұрғараев халықтың құқықтық сауатын арттыруды басты міндеттердің бірі санады. Оның бастамасымен облыстық соттың құрылтайшылығымен «Заң және заман» газеті жарық көрді. Бұл құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды ағар­тушылық құралға айналған, республика көлеміндегі алғашқы мамандандырылған құқықтық басылымдардың бірі еді.

Б.Тұрғараев Солтүстік Қазақ­стан облыстық сотының төрағасы болып тұрған кезеңде өңірдегі сот жүйесінің беделін арттыруға зор еңбек сіңірді. Сот жүйесінде жариялылық, әділдік, кәсібилік қағидаларын енгізіп, облыстық сотты республикадағы алдыңғы қатарлы базалық соттардың біріне айналдырды. Судьялардың кәсіби деңгейін көтеру, халықтың сотқа деген сенімін нығайту, заң үстемдігін қамтамасыз ету бағытындағы бас-тамалары республика көлемінде жоғары бағаланды. Нәтижесінде, Б.Тұрғараевтың іскерлігі мен ұйымдастыру қабілетін бағала-ған судьялар қауымдастығы оны республика судьялар одағының төрағасы етіп сайлады. Ол судьялар одағының ең жоғарғы марапаты – «Үш би» белгісіне ие болды.

Бекет 2002 жылы «Атқару­шылық іс жүргізуді ұйымдастыру мен дамыту туралы» деген тың тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, оны одан әрі тереңдете зерттей келе 2007 жылы «Атқарушылық іс жүргізу құқы­ғының теориялық проблемалары» деген тақырыпта докторлық диссертацияны да сәтті қорғады.

Б.Тұрғараевтың азаматтық тұлғасын айқындайтын ерекше қыры – оның ұлттық руханиятқа деген жанашырлығы. Ол ел тарихын, ұлттық құндылықтарды, қа­зақ әдебиеті мен мәдениетін қол­дауға әрдайым атсалысып келеді.

Бекең Солтүстік Қазақстан облы­сына барған кезде бұл өңір­дің кезінде қазақтың қасиетті топы­рағы, ұлттың алтын бесігі болғанын, алайда уақыт өте келе қа­зақтың көптеген тарихи тұлғала­рының аты ұмытылып, рух пен сабақтастық әлсірей бастағанын терең сезінді. Осыған орай ол сот жұмысымен ғана шектеліп қалмай, солтүстік өңірдегі қазақ руханиятын қайта түлетуге, ұлттық тарихи сананы қайта жаңғырту ісіне белсене кірісті. «Жеті жарғы» және «Қожаберген жырау» халық­аралық қайырымдылық қорын құрып, қазақ халқының даңқты батыры, жырау Қожабер­ген Толы­байұлының атақты «Елім-ай» жырын, тағы да басқа шы­ғармала­рын жарыққа шы­ға­рып, оның туған жерді жаудан қорғауда орасан зор үлес қосқан ұлы тұлға екенін халық­қа жеткізді. 2013 жылы Қ.Толы­байұлының 350 жылды­ғы­на орай Ғылым академиясын­да «Қожаберген жырау – ұлы дала дауысы» атты халықаралық кон­фе­ренция, Астанада Еура­зия  университетінде «Ел тұтас­тығы үшін кү­рескен қаһарман тұлға – Қожа­берген жырау» атты респуб­ли­ка­лық ғылыми практи­калық кон­ференция өткізді.

Кеңестік кезеңде толық баға­сын ала алмаған Алаш қайраткер­лерінің еңбектерін халыққа қайта таныту бағытындағы бастамалар­ды қолдап отырды. Мағжан ­Жұ­мабаев мұрасын ұлықтау ісіне де үлкен үлес қосып, оның шы­ғар­машылығын насихаттау, ақын ру­хына тағзым ету, әдеби мұра­сын жас ұрпаққа жеткізу бағы­тын­дағы мәдени шаралардың ұйым­дастырылуына қолдау көрсет­ті. Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Бір­­жан сал, Сегіз Сері, Шал ақын­ның еңбек­терін жинақтап, кітап етіп шыға­рып, мәдени ошақтарға, мектеп­тер мен жоғары оқу орындары­на, оқырмандар қауымының қолына жетуіне демеушілік жасады.

Бекет Тұрғараев қай өңірде қызмет атқарса да туған жер ұғы­мын биік қойды. Ол «Ту­ған жерге тағзым» атты акция өтуге бастамашы болып, Қазы­ғұрт ауданы Талдыбұлақ ауы­лын­да өзі оқыған бастауыш мектепті жаңадан тұрғызып, оны 9 жылдық орталау мектепке айналдыруға атсалысты. Мектепті толық ком­пью­терлендіріп, кітап­ханасын ұйымдастырып берді. Қазығұрт ауданының 75 жылдық мерейтойына тарту ретінде «Қазы­ғұрт» атты тарихи-танымдық энциклопедиясының шығуына, сондай-ақ «Оңтүстік Қазақстан» энциклопедиясының да жарық көруіне демеушілік жасады.

Туған жері Сарапхана ауылы­ның маңындағы Шымкент – Таш­кент халықаралық күре жолдың бойында 10 гектар жерге жастар саябағын ашып, оған мыңдаған түрлі көркем ағаш егіп, жарық орнатып, тротуар салып, гранит тасқа ұлы Абайдың тәрбиелік мәні ерекше қасиетті қара сөздерін жаздырып, гүлзар баққа айналдырды. Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында сол саябақтан «Бабалар рухына тағзым» кешенін ашып, соғыстан қайтпай қалған боздақтар мен соғыстан келіп адал еңбекке араласып, дүниеден өткен ардагерлердің атын мәрмәр тасқа жаздырды.

Б.Тұрғараевтың бастамасы­мен елімізде көптеген рухани кез­десу, ғылыми конференция, та­рихи-танымдық іс-шара ұйым­дас­тырылып келеді. Ол қандай қыз­метте жүрсе де, ел мүддесін жо­­ғары қойып, әділдік пен адам­гершілік қағидаларын берік ұстанады.

Бекеңнің еселі еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, бірнеше медальмен марапатталды. Ол – қазақтың жоғын түген­деп жүретін жомарт жүрек­ті, терең ойлы, өр рухты азамат. Кісі­лік келбеті кескінделген, парасат-пайы­мы биік Бекең – шешен ғана емес, қол­ға алған тірлігін түбіне жет­кізе­тін істің, берік ұстаным мен уәде­нің де адамы. Бүкіл саналы ғұмы­рын тынымсыз еңбекке, бар күш-жігерін заң мен тәртіптің нығаюына, еліміздің алға дамуына, әділеттіктің ақ туының биіктей беруіне арнап келеді. Президенттің «адал адам, адал ең­бек, адал табыс» деген сөздері Бекең­­нің өмір жолына қарап айтылғандай.

 

Қуаныш АЙТАХАНОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері

Соңғы жаңалықтар

Халық неге несиеге тәуелді?

Қоғам • Бүгін, 17:18