03 Сәуір, 2015

Мемлекеттік қызмет және мемлекеттік тіл

525 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
04-04-15-Kazak-tili«Қазақстан халқын топтас­ты­рудың аса маңызды факторы бо­лып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Респуб­ликасының әрбір азаматының парызы». Бұл – «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы»­ Заңының 4-бабынан үзінді. Сон­дай-ақ, аталған бапта «Үкімет, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді барынша дамы­туға, оның халықаралық беделін нығайтуға міндетті», деп жазылған. Яғни, бұл тайға таңба басқандай тапсырманың арғы жағында осы міндеттерді орындамас бұрын, Үкімет, мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар мемлекеттік тілді өздерінде тұ­рақты әрі жетік қолдану қажет деген сөз жатыр. Осы жерде Елбасының Қазақ­стан халқына Жолдауында айтқан ұтымды ойы еске түседі. Онда Мем­лекет басшысы: «Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзі­мізден бастауымыз керектігі ұмыт қалады. Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс», деген болатын. Мемлекеттік тілдің абыройын арттыруда, қоғамдық сананы қалыптастыруда мемлекеттік қызметкерлердің алатын орны ерекше. Өйткені, бүкіл бұқараның өмірі мемлекеттік мекемелермен тығыз байланысты десем, артық айтқандық болмас. Тіршілікке қа­жетті құжаттарды рәсімдеу үшін азаматтар мемлекеттік мекемелер мен органдарға жүгінетіні бел­гілі. Сондықтан, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын арттыруға барлығымыз бірге күш салуымыз қажет. Кеңес дәуірі үстемдік құрып тұрған кезде, «Тіл – қатынас құралы» деп ұрандадық. Еге­мен­­дік алған соң, осы ұран­ның жалғандығына көз жеткізген­дейміз. «Тіл – қатынас құралы» емес, «Тіл – белгілі бір елдің жаны» екені айқын білінді. Мы­салы, қазақтың жаны – қазақ тілі. Денеден жан шығып кетсе, адам­ның бақилық болғаны. Сол сияқты тілімізден айырылсақ, ел болудан қалғанымыз деп түсінген жөн. Мемлекеттік тіл төңірегіндегі дау, талас-тартыс Тәуелсіздік алға­нымызға жиырма жылдан асса да, әлі жалғасып келеді. Мемлекет осы салаға ақша аяп отырған жоқ, бүкіл жағдайды жасап отыр. Қызметкерлерге мемлекеттік тіл­ді үйренуге жыл сайын қыруар қаражат бөледі. Өкінішке қарай, көзге ұрарлық нәтиже бермей келеді. Неге? Бұл сұрақтың тууы заң­дылық. Өйткені, мемлекеттік тілге деген қоғамның көзқарасын, сайып келгенде пікірін түбегейлі өзгертпейінше, қазақ тілінің өркендеп кетуі екіталай. Қоғамдық сананы кім қалыптастырады деген сұраққа келетін болсақ, ол әрине ең алдымен бұқаралық ақ­парат құралдары болса, екінші кезекте мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік органдар. Яғни, мемлекеттік қызметкерлер. Ол мейлі, саяси мемлекеттік қыз­меткер болсын, мейлі, әкімшілік мемлекеттік қызметкер болсын, мәселе онда емес. Мәселе, қай мемлекеттік қызметкердің болмасын мемлекет алдындағы парызын түйсінуінде болып тұр. Сондықтан, мемлекеттік қызметкерлердің өз міндеттерін тыңғылықты орындауы үшін бірінші басшы талабы күшті болуы тиіс. Әр мекемедегі тілге қатысты жұмыстың жақсы не жаман болуы тікелей бірінші басшыға байланысты. Егер, бірінші басшы неғұрлым білімді, білікті, нәтижені талап ете алатын болса, ол жерде атқарылатын жұмыс та солғұрлым өнімді болмақ. Сол сияқты Үкімет мемлекеттік тілдің қолдану аясын жетілдіру мақсатында мемлекеттік, жергі­лікті өкілді және атқарушы орган­дардың бірінші басшыларына қа­таң талап қойған кезде ғана бұл салада алға жылжу болады деп пайымдаймыз. «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деп, өз Жолдауларында Елбасымыз үнемі айтып келеді. Сонымен қатар, Президент: «Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады», – деп болашаққа үлкен үміт артады. Көңілге қуаныш, санаға жұбаныш беретін сөздер. Дегенмен, осы ата-бабамыз аң­саған, Елбасы армандаған күнге жету үшін ұлттық сананы дүр сілкіндіру қажет болып тұр. Қазақты «киргизы» деп жүрген заманда, қазақтың болашағы үшін күрескен Алаш арыстарының бірі Сәкен Сейфуллин «Қазақты қазақ дейік, қатені түзейік» деді емес пе?! Бізге де қатені түзейтін кез жеткен сынды. Өйткені, қасиетті қазақ тілі – атадан қалған аманат. Кенжегүл ТЕРГЕМБАЕВА, Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік тіл және ақпарат тобының бас маманы.