Университет • 17 Мамыр, 2024

Су шаруашылығы мамандарын бірлесіп даярлайды

78 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» ұлттық ғылыми-зерттеу университетінің филиалын ашу туралы келісімге қол қойылды.

Су шаруашылығы мамандарын бірлесіп даярлайды

Шымкент қаласында ма­ман­дарды бірлесіп даярлау мәсе­лесі екі ел үкіметтері дең­гейінде талқыланып, KazNARU мен ТИАШМИИ ғылыми зерттеу оқу орындары ректор­ла­ры­ның кездесуі өткен болатын. Нәтижесінде, Ташкент қала­сын­да KazNARU базасында фи­лиал ашу жөніндегі Жол картасы қабылданып, жоғары оқу орындары арасында 2028 жылға дейін ғылым-білім қызметі саласында ынтымақтастық келісім­шарты жасалды.

Білікті мамандар даяр­лауды мақсат еткен келісімдер аясында KazNARU басқарма төрағасы – ректор Ақылбек Күрішбаев пен ТИАШМИИ ғылыми зерттеу университетінің ректоры Баходир Мирзаев Су хабының аудиториялары мен ғылыми-зертханаларының жұмысымен танысты. Сонымен бірге инфра­­құрылымды дамыту, қар­жы­лан­ды­руды нығайту, оқу үрдісін жетіл­діру үшін заманауи оқу және ғылыми әдебиеттермен қамтамасыз ету, су ресурстарын басқару, суды пайдалану, мелиорация және жерді рекультивациялау саласында бірлескен ғылыми жобаларды әзірлеуге қатысты таяу уақытта жүзеге асатын бағыттарды жан-жақты талқылады.

«Мемлекет басшысы агро­өнер­кәсіптік секторды дамыту­дың басым бағыттарын айқын­дай отырып, нарықта сұранысқа ие мамандарды даярлауға база­лық жоғары оқу орнын анықтау жө­нінде нақты міндеттер қой­ғаны белгілі. Осыған орай жақында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ТИАШМИИ ғылыми зерттеу университетінің филиалын KazNARU-да ашу туралы бұй­рық­қа қол қойды. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің жалпыға міндетті стандартына сәйкес «В082 Су ресурстары және суды пайдалану», «М137 Су ресурстары және суды пайдалану» бі­лім бағдарламалары бойынша KazNARU-мен бірлесіп әзір­лен­ген қосдипломдық бакалавриат және магистратура бағ­дарламаларын іске асыра оты­рып, біліктілігі жоғары су шаруа­шылығы мамандарын даяр­лайтын боламыз», деп атап өтті ректордың бірінші орынбасары Пірімқұл Ибрагимов.

Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын меха­никалан­дыру инженерлері институты ғылыми-зерттеу университетінің тарихы 1923 жылдан Түркістан мем­лекеттік уни­верситеті гидро­техникалық бө­лі­мі­нің базасындағы ин­женерлік-мелиоративтік фа­куль­тетінен басталады. 1929 жылы осы факультет негізінде Орталық Азия мақ­та-ирригациялық поли­техникалық институты құ­рылды. 1934 жылы бұл оқу орны Орталық Азияның суару және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтымен біріктіріліп, Ташкент суару және ауыл шаруа­шылығын механикаланды­ру инженерлері институты бо­лып өзгертілді. Бастапқыда оның құрылымында гидромелиорация және мелиорация факультеттері ғана болған. Одан кейінгі кезеңде жерге орналастыру, гидромелиорациялық жұмыстарды механикаландыру, технология және ауыл­шар­уа­шылық машиналарын жөндеуді ұйымдастыру, жалпы инженерлік факультеттер ашылып, оқу бағдарламасындағы инно­вациялық өзгерістер бүгін­де аталған институттың халық­аралық нарықта инженер кадр­лар даярлаудағы рейтингінің артуына ықпал етіп отыр. 2021 жылы оқу орнының атауы Таш­кент ирригация және ауыл шаруа­шылығын механикалан­дыру инженерлері институты ұлт­тық ғылыми-зерттеу универ­ситеті болып өзгертілді.

Бүгінде университет гидро­энергетика, ирригация, мелиорация, ауыл шаруашылығындағы инновациялық техникалар мен технологиялар, су үнемдейтін суару технологиялары, жаңар­тыл­ған энергия көздері, геодезия және геоинформатика, экология мен қоршаған ортаны қорғау бағыттары бойынша жоғары білікті кадрларды даярлау жөніндегі базалық жоғары оқу орны ретінде аймақ елдеріне тартымды болып отыр. Мұнда 12 мыңнан астам студент 40 бағыт бойынша 7 факультетте білім алып, магистратурадан 32 мамандық алып шығады.

KazNARU Су хабының директоры Андрей Рябцевтің айтуынша, филиалда білім беру, оқуға қабылдау және білім сапасын басқару тәртібі еліміз заңнамасы, сондай-ақ филиал­дың ішкі құжаттарымен ретте­ле­ді. Студенттерге қазақ, орыс, ағылшын тілдерін және «Қазақ тілі» мен «Қазақстан тарихын» оқыту жоспарланған. Оқу үрді­сіне шетелдік профессор-оқытушыларды тарту көзделіп отыр. Жаңа филиалдың ашылуы су шаруашылығына қажетті бәсекеге қабілетті мамандар даярлаумен қатар Өзбекстан мен Қазақстанның су ресурстарын ұтымды пайдалану, ауыл шаруашылығы өнеркәсібі саласында инновациялық технологияларды әзірлеу, цифрлы экономиканы дамыта отырып, Орталық Азиядағы су қауіп­сіз­дігін нығайтуға бағыт­талған кешенді білім бағдар­ламаларын іске асыратын болады.

Қазіргі кезде екі университет арасында жасалған келісімшарт негізінде KazNARU Су, жер және орман ресурстары факультеті бірінші курсының 15 студенті Ташкентте Ирригация және гидротехникалық құрылыстар факультетінде білім алып жатыр.

 

АЛМАТЫ