Тағдырдың жазмышымен Ольга әкесі Худян-Бин Виктордан, анасы Марина Оспичуктан жастайынан айырылады. Қос қанаты қырқылғанымен, өмірге деген өзгеше махаббаты қайратын мұқалтуға мұрша бермеді. Нағашы әжесі Людмиланың қолында өсіп, жылуын сезінеді. Жұдырықтай қыздың жанарындағы отты байқаған әжесі жанып тұрған жүрегіне жігер береді. «Қалайда осы қызды оқытып, тоқытамын», деген арманы шындыққа айналады.
Ольганың қазақ тілін еркін меңгеріп кетуіне ортасының да әсері мол. Қаймағы бұзылмаған орта! Қасиетті топырақ Қоянды қонысы. Ол осындағы №35 орта мектептен білім алады. Ондағы ұстаздар мен оқушылар Ольганың ана тіліне деген құрметін көріп, алақанына салады. Мектепте мерекелік концерттерге, қоғамдық іс-шараларға белсене қатысады. Оқуда да озат оның ендігі ойлағаны – ұлағатты ұстаз болу.
Осы арманының ізіне түсіп, Қарағанды гуманитарлық колледжін бастауыш сынып мұғалімі және практикадағы психолог мамандығы бойынша тәмамдайды. Әрі қарай жоғары білімін тереңдетіп, Болашақ академиясында педагогика және психология мамандығы бойынша диплом алады.
Уақыт өте келе Ольга өзінің өмірлік жары Айдын Тұрсынұлымен отау құрады. Өзі өсіп-өнген қастерлі Қарқаралыға келін болады. Берекелі әулет Оқановтар шаңырағы ақ келінге құрметпен қарап, қолдау көрсетеді. Ұлттық салт-дәстүрлерді жетік білетін, келін әдебінің бәрін бойына сыйдырған ол, әрине, қайынжұртында сыйлы.
Ольга өлең оқығанды жанындай сүйеді. Және қалай оқиды? Ол осы бір бойындағы асыл өнері арқылы телеарнадағы бағдарламаларға қонақ болып, көрермен көзайымына айналды. Әсіресе Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Шаханов, Күләш Ахметова, Ақберен Елгезек, Қалқаман Сарин, Алмас Темірбай сынды лириктердің өлеңдерін жатқа соғады. Ең қызығы, осы өнері жолдасы Айдынмен танысуына сеп болыпты. Ольганың «ТикТок» желісіндегі парақшасында кешкілік поэзия сағатын өткізіп отырғанын кезіктіріп қалған Айдын кілт тоқтап қалады. Талантына таңырқап қалған ол парақшасын ұзақ уақыт бақылап жүріп, сезімін білдірсе керек.
Жан-жақты Ольга – қоғам белсендісі. «Отан орда» Қарағанды қоғамдық бірлестігінің мүшесі. Мерекелік концерт жүргізеді. Театрларда өлең оқиды. Кәсіби шеберлігі сондай, Астанада өтетін ауқымды іс-шараларға да шақырту алады.
Қазір жолдасы екеуі отбасылық кәсіпті дөңгелентіп отыр. Отағасы Айдын – жүк көлігінің жүргізушісі. Үнемі алыс сапарларға шығады. Ал Ольга – логистика саласының маманы. Тапсырыс қабылдап, барлық құжатын заңдастырып, табысын есептеп әрі еселеп отырады.
Екеуі ата-аналарының ақ батасымен еншісін алып, қалаға қоныс аударады. Бірақ қолдары қалт етсе қаладан қашып, ауылға қарай жол тартады. Ата-аналарының махаббатына шөлдейді. Ауылға бара салысымен қазан көтеріп, ет асып, бауырсақ, шелпегін пісіреді. Ата-енесі жақсы көретін тәтті бәліштерін даярлап, дастарқанын толтырады. Ас үйдің шаруасына да пысық Ольга «енем екінші анама айналды» дейді.
– Анамнан ерте айырылғандықтан, үлкеннің жан жылуын аңсаймын. Енем Назира аз уақыттың ішінде ақылшыма, қамқоршыма, сырласыма айналды. Білмегенін үйретеді. Жолдасым екеуміз ауылға асығамыз. Аса қатты алаңдамайтынымыз, қолдарында абысыным бар. Біз қаладан барған сайын емен-жарқын сөйлесіп бір қуанып қаламыз. «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» деген сөз бар емес пе? Сол себепті ата-анамыздың қадірін білуден басқа біз үшін ұлы міндет жоқ, – дейді Ольга.
Қарағанды облысы