Бұған дейін мамандар жүргізген талдау нәтижесі көңіл көншітпейді. Қала мектептеріндегі спорт алаңдарының 90 пайызы ескіріп, заманауи талаптарға мүлдем сай келмейтіні анықталған. Жарықтандырудың нашарлығы мен қауіпсіз жабынның жоқтығы өрендердің спортқа деген ынтасын тежеп келген. Осы түйткілді шешу мақсатында «Қазақстан халқына» қоры Теміртауда «толық қамту» моделін іске асырды. Бұл – жекелеген нысандарды емес, тұтас бір қаланың спорттық инфрақұрылымын кешенді түрде жаңартудың бірегей тәжірибесі.
Қарағанды облысында Қор жалпы сомасы 24 млрд 750 млн теңгеге 33 әлеуметтік жобаны игеріп жатыр. Қомақты қаражаттың елеулі бөлігі – 2,5 млрд теңгесі тікелей Теміртаудың спорттық инфрақұрылымына бағытталды. Бұл инвестицияның 2,4 млрд теңгесін «Қазақстан халқына» қоры бөлсе, 100 млн теңгесін серіктес «Батыр боламын» қоры қамтамасыз етті. Нәтижесі де көп күттірген жоқ. Небәрі үш айдың ішінде қаланың 30 мектебінде заманауи спорт кешендері бой көтерді. 30 футбол алаңы, 28 баскетбол-волейбол алаңы, 29 workout жаттығу аймағы, 5 хоккей корты, 30 секіру аймағы мен кедергілер жолағы оқушылар игілігіне берілді.
Технологиялық сапасына келетін болсақ, мектеп ауласындағы жабдықтар халықаралық стандарттардан кем түспейді. Мәселен, баскетбол қалқандары NBA деңгейіндегі брондалған шыныдан жасалса, алаң бояуы 600 градус температурада күйдіріліп басылған. Бұл аталған нысандар кем дегенде алдағы он жыл бойы жаңартуды қажет етпей, ұрпақ игілігіне қызмет етеді деген сөз.
Жобаның маңызы туралы «Қазақстан халқына» қорының басқарма мүшесі Серікбек Елшібеков: «Бізге әрбір баланың спортпен айналысуға мүмкіндігі болуы – басты міндет. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, спорт әсіресе шағын қалалар мен ауылдық жерлерде қолжетімді болуға тиіс. Біз орнатқан жабдықтардың сапасы тіпті мегаполистердегі кәсіби клубтардан кем түспейді. «Батыр боламын» қорымен бірлесіп, еліміз көлемінде 200-ден астам спорт залын салдық. Сол жерлерден бүгінде әлем чемпиондары шығып жатыр. Теміртауда доп теуіп жүрген бүгінгі жас жеткіншектерді жақын арада халықаралық ареналардан көретінімізге сенімім кәміл. Мақсатымыз – әрбір баланың тұрғылықты жеріне қарамастан, ең заманауи алаңдарда жаттығуына жағдай жасау», дейді.
Теміртау қаласында төрт күнге созылған тартысты дода «Қазақстан халқына» қоры кубогі» өз мәресіне жетті. Жарысқа қатысқан барлық командалар жаңа алаңдарда өз шеберліктерін ортаға салып, спортқа деген жоғары ынтасын көрсетті. Турнир қорытындысында жеңіс тұғырынан көрінген үздіктер анықталды. 6-7 сынып оқушылары арасында №17 мектеп командасы топ жарып, алтыннан алқа тақты. Екінші орынды №12 мектеп иеленсе, үздік үштікті №2 мектеп түйіндеді. 8-10 сынып оқушылары арасындағы бәсекеде Білім-инновация лицейінің өрендері қарсылас шақ келтірмей, жеңімпаз атанды. Күміс жүлде №17 мектепке бұйырса, Ә.Бөкейхан атындағы гимназия оқушылары қола жүлдені қанағат тұтты.
Жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар, жаңа спорттық формалар, сөмкелер мен доптар табысталды. Марапаттар жас таланттарға үлкен қолдау әрі алдағы халықаралық жарыстарға дайындықтың бастауы болмақ.
Бұл бастама Теміртаумен ғана шектелмейді. Бұған дейін осындай нысандар Қарағанды, Шахтинск, Саран, Балқаш, Жезқазған қалаларындағы арнайы мектеп-интернаттар мен балаларды қолдау орталықтарында салынған болатын. Қазіргі таңда жаңа алаңдар тек денешынықтыру сабақтарына ғана емес, секциялар мен мектеп жанындағы лагерьлердің жұмысын жандандыруға, бұқаралық спортты жаңа белеске көтеруге мүмкіндік беріп отыр.
Қарағанды облысы,
Теміртау қаласы