Жәдігер • Бүгін, 08:37

Құны алпыс жылқы сәукеле

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Петербордағы Ресей Ғылым академиясына қарасты Антропология және этнография музейіндегі (Кунсткамера) жәдігерлер қатарында қазақ тұрмысына қатысты мыңнан аса құнды дүние сақталған. Соның бірі – қазақ қызының қымбат сәукелесі.

Құны алпыс жылқы сәукеле

Жалпы, Антропология және этнография музе­йінің қорында төрт сәукеле бар. Соның ішіндегі музей қорына алғаш түскені – осы сәукеле. Жәдігерді музейге 1899 жылы Лайықжан Беркімбаев, Хасан Имамбаев өткізген. Екеуі де – қазаққа белгілі қайраткерлердің ұрпағы. Лайықжан Дербісәлі Беркімбаевтың баласы болса, Хасен – Ешмұхамед Иманбаевтың ұлы. Екеуі сол кездегі Ақтөбе және Қостанай уездері аумағынан қазақтың 88 бұйымын музей қорына табыстаған. Тіпті музей қорын жаңа жәдігерлермен толықтырғаны үшін Лайықжан Беркімбаев мойынға тағылатын «Ынтасы үшін» күміс медалімен марапатталып, Хасан Имамбаев Алғыс­хат алған.

Екі қазақ сыйға тартқан жәді­герлер ішіндегі ең құндысы – осы сәукеле. Құнды болатыны сол, бұл сәукелені жасауға шеберлер бір жылын жұмсаған екен. Сәукеленің негізі барқыт және жібек матадан тігілген. Ал әшекейлері гауһар, күміс, алтын, маржан секілді бағалы тастармен көмкерілген. Қатты цилиндр тәрізді бөлігінің биіктігі – 34 см, артқы жағының биіктігі – 45 см. Жоғарғы шеңбері – 34 см, төменгі шеңбері – 60 см. Жамылғысының ұзындығы – 145 см, жолақтарының ұзындығы – 55 см. Моншақ тізбегінің ұзындығы – 56, желке жапқышының ұзындығы – 85 см, моншақты шашақтарының ұзындығы – 67 см. Сәукеленің жалпы салмағы – 2,7 кило. Музей дерегінде сәукелені дайындауға сол кездегі ақшамен 600 рубль жұмсалғаны жазылған. Бұл, қазіргіше айтқанда, 60 жылқының құнына пара пар. Соған қарағанда «бұрындары аса бай адамдар қыздарына жасатқан сәукелелеріне үйір-үйір жылқы жұмсаған» деген әңгіменің негізі бар секілді. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының еңбегінде де сәукеленің құнына қатысты қызық дерек кездеседі. Оның жазуынша, XIX ғасырдың алғашқы жартысында Байсақал мен Сапақ деген бай құда болады. Байсақал құдаларына қыздың сәукелесін жіберіп: «Басқа ештеңе сұрамаймын, тек осы бір сәукеленің бағасын өздері есептеп берсе болды», – депті. Сонда Кенесарының ағасы Саржан төре: «Бұл сәукеленің бағасы 500 байтал болады екен, сондықтан қызының малы 500 жылқы болсын», – деген көрінеді.

п

Сәукеленің тарихы сонау мың­жылдықтардан басталады. Байқа­саңыз, сақтар киген шошақ бөрік пен сәукеле бір-біріне қатты ұқсайды. Тіпті бір қарағанда сәукеле «Алтын адамның» бас киіміне де келіңкірей­ді. Соған қарағанда оның тарихы сонау сақ кезеңінен басталатын секіл­ді. Тарихшы Жамбыл Артықбаев­тың пікірінше, сәукеле мыңдаған жыл тезінен өткен, іріктелген. «Дәстүр­лі қазақ қоғамында кез келген сөз, зат, ­іс-әрекет функционалды саналады. Ал сәукеле – анадан қызына қалып отыратын байлық. Тіпті кейбір сәукеленің құны 500 жылқыға дейін барған», дейді тарихшы. Расында, қазақ үшін сәукеле – көненің көзі. Қазақ арасында «әулеттің рухани қуаты сәукеледе сақталады» деген сенім бар. Сол себепті сәукеле анадан қызға, әжеден немереге сый-мұра ретінде беріліп отырды. Оның қасиетті саналғаны сонша, басқа қыздарға киюге, тіпті ұстап көруге де бермеген.

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін сәукеле секілді ұлттық киімдер «ескі­ліктің қалдығы» саналды. Сөйтіп, бастапқы рәміздік мәнінен, бірте-бірте күнделікті тіпті тұрмыстан да ажырады. Бір қуанарлығы, кейінгі кездері ұзатылған қыздар арасында тазалықтың нышаны саналатын сәукеле кию қайтадан сәнге айналып келеді. Беташарын сәукеле киіп өткізіп жатқан қалың­дықтардың саны артты. Тіпті 2024 жылы қазақтың беташар салты ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енді. Алдағы уақытта сәукеленің өзі де осы құрметті тізімге енгізілсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Соңғы жаңалықтар

«Балуан тас сапары» басталды

Аймақтар • Бүгін, 10:22

Мәдени кодтың тамыры терең

Сұхбат • Бүгін, 08:50