14 000 000 000 өңірде Елбасының “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасымен 6 аурухана салуға осыншама теңге қарастырылған Халықтың денсаулығын қорғау маңызды міндеттердің қатарында болғандықтан, өңірде бағдарлама бойынша нақты жұмыстар қолға алынып, оның тиянағы келтірілуде. Мысалы, бағдарламаға сәйкес жоспарланған 6 аурухана құрылысына 14 млрд. теңге қарастырылса, оның төртеуінде жұмыс қыза түскен. Мердігер ұйымдар белгіленген құрылыс-құрастыру жұмыстарын толық көлемде орындап, нысандардың сапалы салынуына мән бергені осының дәлелі. Олардың қатарында Іле ауданы Өтеген батыр кентіндегі 200 төсектік Алматы өңірлік балалар ауруханасы мен 450 адамды қабылдайтын емхана, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласындағы 250 төсектік орталық аурухана және Алакөл ауданындағы Достық кентіндегі 50 төсектік ауылдық аурухана құрылыстарын айтуға болады. Ал қалған екі денсаулық сақтау нысанына байланысты типтік жобаларды жасау аяқталып, жұмыс кестеге сай жалғастырылуда. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.
* * *
400 000 000 Ақтөбе қаласындағы Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрын күрделі жөндеуге бюджеттен осыншама теңге қаржы бөлінген Бұл қаржының 150 миллион теңгесі республикалық бюджеттен, қалғаны жергілікті бюджеттен бөлініп отыр. Өткен жылдың мамыр айында басталған күрделі жөндеу жұмыстары алдағы қыркүйек айында аяқталады деп күтілуде. Театрдың іші-сырты адам танымастай өзгереді. Жиһаздар, көрермендер залындағы отырғыштар, жылжымалы сахна, аспалы шамдар, басқа да заттар толықтай жаңартылады. Жиһаздар мен басқа құрал-жабдықтар Сауд Арабиясынан, Түркиядан, Ресейден әкелінуде. Театрдың күрделі жөндеу жұмыстарын “Оксибилд” компаниясы жүргізуде. Мұнда 70 адам еңбек етуде. Бұған дейін театрдың бас ауруына айналып келген жылу мәселесі де оң шешімін таппақ. Театр ғимаратының дербес жылу қазандығы да салынып жатыр. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.
* * *
83 000 Өткен жылы өңірге осыншама адам туристік сапармен келді Облыс бойынша 12 туристік фирма жұмыс істейді. Баянауылдағы Жасыбай көлі жағасында туристерге арналған 20-шақты демалыс үй бар. Бұл жердің туристік маршрутын танымдық-этнографиялық тарихи туризм орталығы деп те атауға болады. Жыл сайын осы жердегі ұлттық саябақ шаруашылығы 35-40 миллион теңгедей пайда тауып отыр. Ішкі туризмнің өркениетке ілесе бастауының арқасында Мойылды курортына, Қалатұз шипажайына Ресейден, Германиядан туристер көптеп келуде. Сонымен қатар, облыстағы туристік фирмалар сыртқы туризм саласына да нақты назар аударуда. Мысалы, облыстан шетке шыққан туристердің 96,2 пайызы ТМД-дан тыс елдерді таңдаған. Облыс тұрғындарынан 2009 жылы Түркияға –3110 адам, Қытайға – 1132, БАӘ – 408, Германияға – 332, Тайландқа – 291, Мысырға– 235, Чехияға –112 адам барып қайтқан. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар облысы.