14 Қаңтар, 2016

Білім беру ісіндегі маңызды міндеттер

415 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
ERA_8220Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылғы 6 қаңтарда «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты бағдарламалық мақаласын жариялады. Елбасы өміріміздің барлық салаларын саралап, онда жүзеге асырылатын жаңа бастамалар мен алға қойған мақсаттар жайлы баяндайды. Президент атап көрсеткендей, 2016 жылдың 1 қаңтарынан «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталды. Демек, осы кезең аясында түрлі сындарлы да маңызды шаралар жүзеге аспақ. 14-01-2016-subkhanberdieva 01 - копия Өз мақаласында Елбасымыз еліміздегі білім мәселесін де назардан тыс қалдырмайды. «Білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау салаларын реформалау адам әлеуетінің сапасын арттыруға жағдай жасайды. Білім беру саласында мектепке дейін және мектепте білім берудің жаңа үйлестірілген стандарттарын әзірлеу және бекіту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Білім беру үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізілетін болады», деп атап көрсеткен Елбасы өз мақаласында. Бұл мәселе Елбасының 2015 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауында да көрініс тапқан еді. Осы сөзімізге дәлел ретінде 2017 жылдан бастап «Жалпыға бірдей тегін кәсіптік-техникалық білім» жаңа жобасының жүзеге асырыла бастайтынын айта кетуге болады. Елбасымыз атап өткендей, «оған қатысу, әсіресе, жас қазақстандықтарға олардың өмірлерінде кәдеге асатын арқау­лық еңбек дағдыларын алуға жағдай жасайды». Бұл дегеніміз, бастапқы маман­дықты игерем деушілерді тегін оқыту деген сөз. Мемлекеттің бұл үшін бөлетін қаржысының қайтарымы болатыны да сөзсіз. Ең бастысы, бұдан былайғы жерде мектеп бітірген және жоғары оқу орындарына түсе алмаған түлектер еліміздегі жұмыссыздар санын арттыра бермей, тегін түрде бір жұмысшы мамандығын алып, өзіне нәпақа тауып, еліміздің экономикасы мен әлеуметтік хал-ахуалын дамытуға үлестерін қоса беретін болады. Себебі, қазіргі таңда әлемде етек жайған қаржы дағдарысының басты қатері жұмыссыздықтың өсуі болып отыр. Демек, көз алдымызда жүзеге асырылып жатқан барлық бағдарламалар студенттердің өндіріс орындарында толыққанды білімін жетілдіріп, тәжірибе-дағды жинақтауын және оқу орнын бітіріп шыққан түлектердің нақты жұмысқа орналасуын қамтамасыз етуі тиіс. Осыған сәйкес алға қойылған мақсаттар ғана жүйелі жетістіктерге жеткізеді деп ойлаймын. 2016 жылғы қаңтардан бастап Астана қаласының 24 мектебінде техникалық мамандықтарды оқыту басталды. Қанатқақты жоба екі жылдық кәсіби дайындыққа негізделген және мектептердің 10 және 11 сынып оқушыларына арналған. Оның мақсаты – өз еркімен мамандық таңдауы үшін оқушыларға кәсіби бағыт-бағдар беру. Осы бастаманың арқасында мектеп түлектері орта білім туралы аттестатпен бірге өздері таңдаған мамандықтары бо­йын­ша базалық түсінік пен қабілеттілікті де иеленеді. Ас­тана қаласының оқушыларына ұсынылған мамандықтар тізі­мін қалыптастыру кезінде білім басқармасы елордамызда сұранысқа аса ие мамандықтар мен Мемлекет басшысының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ор­тақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында атап өтіл­ген әлеуметтік жаңғырту қағи­даларына арқа сүйеді. Осының арқасында, Астана қаласының оқушылары тегін және өз таңдауы бойынша шаштараз-шебер, электронды-есептеу машиналары операторы, тігінші, хатшы-референт, бала күтуші, бармен, даяшы сынды мамандықтар бойынша курстар бітіргені туралы куәлік алады. Білім саласындағы тағы бір жаңашылдық, дуалды оқы­­ту жүйесіне көшу. Бұл – дайындықтың теориялық бөлігі білім беру ұйымдарының базасында, ал практикалық бөлігі жұмыс орындарында өтетін оқу түрі. Қазіргі кезде 34 кәсіпорын 10 оқу орнында кадрларды даярлауда дуалды оқыту элементтерін қолдануда. Сондай-ақ, биыл оқытудың бұл әдісі 9 колледжде 9 мамандық бойынша енгізілмек. Негізінен, білім беру, медицина, құрылыс және теміржол салаларын қамтитын болады. Бүгінгі таңда Астана қала­сы­ның техникалық және кә­сіптік білім беру саласы қыз­меткерлерінің алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі – еңбек нарығында сұранысқа ие бола алатын бәсекелестікке қабілетті кәсіби мамандар даярлау. Осыған орай, Қазақстан Республикасының әлемге танылуына үлес қосатын білімді және жоғары білікті жұмысшыларды тәрбиелеу әрбір астаналық колледждің алға қойған мақсаты болуы керек. Дуалды оқыту жүйесінің негізгі мақсаты кәсіптік-техникалық оқу орындарының жұмыс беруші жеке сектордағы өндіріс, шаруашылық мекемелерімен серіктестік ре­тінде бірлесе отырып, нарық заманында бәсекелестікке төтеп бере алатын, жаңа инновациялық-технологиялық бағдарламаларды меңгеруге даяр жұмысшы мамандар даярлау екені белгілі. Қазіргі кезде Астананың ең­бек нарығында жоғары білікті жұмысшы мамандар тапшылығы пайда болды. Қалыптасқан жағдайдың негізгі себебі – білім беру үдерісін ұйымдастыру ісіндегі кемшіліктер, яғни жас маманның бойынан табылуға тиісті тәжірибелік дағды, білім мен тәжірибені талап ететін нақты өндірістік жағдайлар мен теориялық білім арасындағы алшақтықтың орын алуы. Қа­лыптасқан жағдайда теория мен практиканың арасындағы алшақтықты жою мәселесімен жұмыс берушіге күресуге тура келеді, себебі, өндірісті білікті жұмысшылармен қамтамасыз ету – бұл жетістікке қол жеткізудің кепілі. Мұндай жағдайда жас мамандардың оқу үрдісінде алған білімдерін жүзеге асыру жоспарланатын кәсіпорын қызметінің ерекшелігін ескере отырып, қосымша оқу, тәжірибеден өту, қайта даярлау қажеттілігі туындайды. Еңбек нарығы шарттарының өзгеруін ескере отырып, білікті мамандар даярлау жүйесін құрудағы әлеуметтік серіктестердің құры­лымын белсенді пайдалану қажет. Кәсіптік білім беру саласында әлеуметтік серіктестіктің байланысы арқылы білім алушылардың таңдаған мамандық туралы түсініктері қалыптасады, оқу үдерісінде алған теориялық білімдерін тәжірибеде пайдалану дағдыларын тереңдетеді, өндіріс жағдайында шешім қабылдай білу іскерлігі қалыптасады. Міне, осы айтылған мәсе­лелердің бәрі Астана қаласы әкімдігінің білім басқармасына, кәсіпкерлер палатасына, колледждерге және әлеуметтік серік­тестер – кәсіпкерлерге үлкен жауап­кершілік жүктейді. Эльмира СУХАНБЕРДИЕВА, Астана қаласы білім басқармасының басшысы