15 Қаңтар, 2016

Құрылысқа қажетті комбинат

324 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
IMG_3822Қызылордаңызда тұрғын үй құрылыс комбинаты жұмыс істеп жатыр. Өткен желтоқсанда комбинаттың тұсауы кесілді. Елбасының қатысуымен өткен телекөпірде. Бұл қандай өндіріс орны? Нендей пайдасы бар? Бүгінгі сөз осы хақында. Сыр өңірінде құрылыс қарқын алып, Қызылорданың алып құрылыс алаңына айналғанына бірнеше жыл болды. Алайда, осы құрылысқа қажетті материалдың дені өзге аймақтардан тасымалданады. Енді міне, бұл өзекті мәселе де шешімін тапты. Өңірде құрылыс материалдары өндірісіне қатысты бірегей жоба қолға алынып, өмірге жолдама алды. Аталған тұрғын үй құрылысы комбинатын салу туралы өзара ынтымақтастық меморандумына облыс әкімдігі мен «РМЗ-Шапағат» ЖШС басшылығы қол қойған-ды. Нақты кезеңде шаһардың солтүстік-батыс бөлігінде индус­триялы алаң салынып, бірнеше зауыт қатар бой көтеретін өндірістік алаңда шыны зауытының құры­лысы қарқынмен жүріп жатса, біз тақырыпқа тамызық еткелі отыр­ған серпінді жоба қаланың оңтүс­тік өнеркәсіптік аймағында орналасқан. Атал­ған жобаның «Өнімді­лік-2020» бағдарламасы шең­бер­інде жүзеге асырылып жатқа­нын айрықша атап өтпекпіз. Жалпы, «Өнімділік-2020» бағдар­ламасының негізгі мақсаты – еңбек өнімділігін арттыру арқылы отандық экономиканың бәсекеге қаблеттілігін күшейту. Бұл – Елбасының тапсырмасы бойынша Үкімет іске асырып жатқан мемлекеттік индустрияландыру бағдарламасының құрамдас бөлігі. «РМЗ-Шапағат» ЖШС жүзеге асырып жатқан жобаның құны 1,5 миллиард теңгені құрайды. Шикізат базасы ретінде жергілікті кеніштердегі құм мен қиыршық тас пайдаланылады. Ал цемент пен арматура өзге облыстардан алынады. Комбинат 70-ке жуық адамды жұмыспен қамтиды. Құрыш қолды құрылысшылар да жергілікті тұрғындар арасынан дайындалады. Жұмыссыз жандарды кәсіби бейімдеу мақ­сатында кәсіпкерлердің өңірлік палатасы дуалды оқыту жүйесін ендірудің жол картасын жүзеге асыруда. Бүгінде «Техмаман» оқы­ту орталығында 100-ге жуық адам қайта даярлау курсынан өтті. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жа­нындағы «Техмаман» оқу орталы­ғының директоры Серік Толыбаев «Біз бульдозер, жол құрылыс ма­ши­наларын және трактор, автог­рейдер, роторлы экскаватор жүргі­зушісі, слесарь мамандарды дайын­даймыз. Оқу мерзімі 2 айды құрай­ды», дейді. Кәсіпорынның толық­тай жұмыс істеп кетуіне «Бай­қоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ өз пайда­сын тигізді. Аталған мекеме қаржы­сына комбинаттың сырты инже­нерлік инфрақұрылымы жасалды. Комбинат бетон-қабырға, баспал­дақтар, әртүрлі ұзындық­тағы жабынды плиталар мен биік­тігі 12 метрлік колонналар және тұрғын үй құрылысына қатыс­ты өзге де материалдарды неміс технологиясы бойынша шығарады. Айта кетейік, плиталар 120 метрлік қос қалыпта құйылып, тапсырыс берушінің сұранысына сай кесіледі. «Өнімділік-2020» бағдар­ла­ма­сына қатысқан кәсіпкер комбинат құрылысына қажетті қаржының 938 миллион теңгесін несиеге алып, қажетті технологиялық құрыл­ғыларды немістің «WEILER» компаниясынан сатып алған. Бұл үшін ол «Қазақстанның Даму банкі» АҚ-тың еншілес кәсіп­орны болып табылатын «БРК-Лизинг» АҚ-тан жылдық өсімі 5 пайыздық несие алып отыр. Мамандардың айтуынша, дайын бетон қабырғалардың ортасына жылу оқшаулайтын материал салынады. Нәтижесінде цемент 30 пайызға үнемделмек. Мұнда темір-бетон бұйымдарының сапасын тексеретін зертхана да болады. Демек, Қызылордада бәсекеге қабілетті өнім өндіріліп, оны өзге аймақтарға шығаратын күн де алыс емес. Бүгінде Сыр өңірінде демо­гра­фиялық ахуал жақсы дамып келеді. Жыл санап халық саны артып, тұрғын үй құрылысы да қар­қын алған. Бас жоспар бойынша алдағы жылдары Сырдың сол жағалауын игеру басталады. Оның үстіне, кірпішке қарағанда, бетон қабырғалар сеймсмологиялық жағы­нан берік. Міне, осы жайт­тарды есепке алсақ, облыстағы құ­рылыс материалдары өндірісі секторындағы алғашқы қарлығаш тәрізді комбинаттың аймаққа, одан қалды республикаға берері мол болмақ. Аталған жоба өңір экономикасына едәуір серпін берері анық. Әсіресе, 2017 жылдан бастап игеріле бастайтын Сырдарияның солтүстік жағалауындағы жаңа қоныстың тез әрі сапалы салынуына үлкен септігі тиер еді. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда облысы.