Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми хабары
Алматы 2011 жылғы 15 қаңтар


Басым бейне – көлденең. Негізгі бейне: тау аясындағы шаңғышы және VII Азия ойындарының символикасы. Төменгі сол жақ бөлігінде банкнота номиналының сандық белгісі, ал төменде ортада орыс тіліндегі әріптік белгі орналасқан. Жоғарыда ортасында «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» жазуы және эмитент банктің логотипі басылған. Жалған ақша жасау жауапкершілігін ескертетін «Подделка банкнот преследуется по закону» деген орыс тіліндегі жазу ашық жердің жоғарғы сол жақ бұрышында орналасқан. Банкнотаның бүкіл өнбойында ашық орындарға қазақтың ұлттық ою-өрнегінің мотиві пайдаланылған.
Жаса, Қазақстан! Желбіре, қазақ байрағы!
Азиада алауы – Шымкентке 13 қаңтар күні шам жамыраған шақта ұшақпен жетті. Алау эстафетасын Шымкент қаласында өткізілуі бойынша ұйымдастыру комитетінің төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Ә.Бектаев, төраға орынбасарлары – Шымкент қаласының әкімі А.Жетпісбаев пен облыстық туризм және спорт басқармасының бастығы Болат Қырықбаев және “Қазақстанның Халық Банкі” АҚ облыстық филиалының төрағасы Ә.Мақұлбаев бастаған делегация қарсы алып, әуежайда БАҚ өкілдерімен баспасөз-мәслихаты өтті. 14 қаңтар. А.Асқаров атындағы ипподром маңайы қарағұрым жұрт. Салтанатты концерт. Бірер аптадан бері тұманды Альбион секілді түнеріңкіреп тұрған Шымкент аспанынан қылаулап қар жауды. Ақша қар және қардай аппақ киім киген алау эстафетасына қатысатын адамдар қаланың түндігін серпігендей күйге түсірді. Азия ойындары Олимпия ойындары сияқты төрт жылда бір-ақ рет болатын спорт мерекесі. Оны өткізу құрметіне дүние жүзінде бәсі бөлек, өзіндік орны бар, әлеуеті күшті мемлекеттер ғана ие болады. Осындай құрмет Қазақстанға көрсетілді. Жиналған жұртқа облыс әкімі Асқар Мырзахметов осыны айтты. Кеше ғана Қытайдың Гуанчжоу қаласында өткен жазғы Азия ойындарында облыстар арасынан бірінші орын алған аймақтың басшысы қысқы Азия ойындарын өткізу мәртебесіне ие болу Елбасымыздың арқасы екендігін айтып, енді спорттағы держава мемлекеттердің біріне айналамыз деді. М.Әуезов атындағы ОҚМУ университетінің ректоры, академик Уәлихан Бишімбаев зиялы қауым атынан ақ тілеу айтты. Сағат 12-де Алау эстафетасы дирекциясы басшысының орынбасары С.Құрманбек пен Алау сақшылары сахнаға шығып, оттықтан бірінші Алау құтыны тұтандырып, облыс әкімі А.Мырзахметовке тапсырды. Алау алып жүгірген облыс басшысын халық құттықтады. “Алға, Қазақстан!” дейді жүздері алаулаған жанкүйерлер, оқушылар. Облыс әкімі эстафетаны Мұхтархан Ділдабековке тапсырды. Он сегіз жасында боксқа келіп, айналдырған төрт-бес жылдың ішінде кейбір боксшылардың қиялына сыймайтын жеңістерге жеткен, Олимпия ойындары мен әлем чемпионатының ақтық сынында өнер көрсеткен оғлан алауды алып Бәйдібек би көшесімен жүгірді. Біз каратэден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Азия чемпионаты мен Азия ойындарының жүлдегері, қазақ даласының батыры – Қажымұқан Мұңайтпасовтың немересі Шаттық Қажымұқанмен тілдестік. – Мұндай байрақты бәсекені өткізу несібесі анау-мынау мемлекеттерге бұйыра бермейді, – дейді Шаттық. – Кеше ғана Еуропаның төрінде отырып төрелік айтып, жыл соңында 56 мемлекеттің басшыларының басын қосып саммит өткізген сүйікті Отанымыз үшін қуанышым жүрегімді жарардай болып тұр. Алау алып жүгіру құрметіне ие болғанымды өзіме зор бақыт санаймын. Отанымыздың мәртебесі қашанда биік болып, осы Азиадада спортшыларымыздың биік нәтижелерге жетуіне шын жүректен тілектеспін. Алау эстафетасын алып жүгірушілер Бәйдібек би, Қонаев даңғылы арқылы Желтоқсан көшесінің бойындағы Абай саябағына жетті. Түскі астан кейін Б.Момышұлы көшесі арқылы Тәуке хан даңғылын басып, Қазыбек би көшесі мен Ордабасы алаңына жеткізілді. Көркем гимнастикадағы көркем қызымыз, Азия және Азия ойындарының абсолютты жеңімпазы, Әлем кубогының жүлдегері Әлия Жүсіпованың қолынан алауды алған спорт ардагері Махамбет Сапарбаев салтанатты түрде сахнаға көтеріліп қазандықтағы алауды жақты. Мереке соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Бақтияр ТАЙЖАН , Шымкент.