29 Наурыз, 2016

Инвестициялық әлеуеті артқан өңір

233 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ERA_6275Кеше Астана қаласында Ақтөбе облысы әкімдігінің бас­тамасымен және Сыртқы істер министрлігінің қол­дауымен «Ақтөбе: инвестициялар – даму» тақырыбында «Дип­ло­ма­тиялық бизнес клубының» отырысы өтті. Онда елші­лер мен дипломатиялық миссия басшыларына аталған облыс­тың инвестициялық әлеуеті мен мүмкіндіктері таныстырыл­ды. ERA_6367+Аймақтар мен мемлекеттер арасындағы сауда, экономикалық және іскерлік байланыстарды нығайту, сондай-ақ, шетелдік инвесторлардың қызығушылығын тудыру мақсатында ұйым­дас­тырылған шараға 43 мемлекеттің өкілдері қатысты. Жиын барысында Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов аталған биз­нес-клубтың тартымды жобаларды таныстыру үшін тиімді алаңға айналғанын айтып, оның жұ­мысына жоғары баға берді. Өз кезегінде Ақтөбе об­лы­сының әкімі Бердібек Сапарбаев бұл басқосудың маңыздылығына тоқталып: «Елбасының негізгі саясаты экономикалық дамуды қам­тамасыз етіп, халықтың тұр­мы­сын жақсарту екені барша­мыз­ға белгілі. Осы ретте, бүгінгі кез­десу еліміздегі, оның ішінде Ақ­­төбе өңіріндегі экономиканың да­­муы­на және инвестиция тартуға өз үлесін қосады деп сенеміз», – деді. Облыс басшысының айтуын­ша, қазіргі таңда өңірде қолай­лы инвестициялық ахуал қалып­тастыру үшін айрықша шаралар қолға алынуда. Бұл ретте көлік әлеуеті, минералды шикізаттың мол қоры, энергетикалық және ең­бек ресурстары ерекше рөл ат­қармақ. Әсіресе, аталған тетіктер ай­мақтағы тау-кен өндірісін, химия өнеркәсібін, металлургия және ауыл шаруашылығын дамы­туға мол мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Бердібек Мәш­бекұлы соңғы 5 жылда Ақ­төбе облысының негізгі капи­та­лына 12,6 млрд. АҚШ дол­лары көлемінде инвестиция тар­тыл­ғанын айтып: «Бұл сома­ның 4,7 млрд.-ы тікелей шетел ин­вес­ти­цияларының үлесіне тиесілі. Осы ретте Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Нидерланд, Германия сынды елдерді ерекше атап өткен жөн. Биыл да шетел инвестициясының қатысуымен бірқатар жобаны жү­зеге асыруды жоспарлап отырмыз. Олардың ішінде цемент, никель зауыттары мен тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу кәсіпорны бар», – деді. Одан бөлек, облыс әкімі жыл басынан бері Сыртқы істер ми­­нистрлігінің ықпал етуімен ақтө­белік делегация бірқатар елге ар­найы сапар жасап, озық іс­кер­лік орта өкілдерімен кездескенін жеткізді. Сондай-ақ, ол Үндістан, Индонезия, Чехия, Гер­мания, Фин­ляндия, Норвегия және Шве­ция мемлекеттері дипло­матия­лық миссияларының бас­шыла­ры Ақтөбеге келіп, тәжірибе алмасып қайтқанына да назар аударды. Облыстың халықаралық қар­жы ұйымдарымен де бірлесіп нәтижелі жұмыс жасап отырғаны жө­нінде Б.Сапарбаев: «Биыл Ақтөбе – Атырау – Астрахань бағы­тын­дағы жолдың құрылысы баста­лады. Бұл жұмысты Азия даму банкі қаржыландырады. Сон­дай-ақ, бүгінде Астана – Арқа­лық – Ақтөбе облысы – Ақтау бағы­тындағы жолдың құрылысы қарас­тырылуда. Аталған жоба да ха­лықаралық ұйымдардың есебі­нен қаржыландырылмақ. Ал қа­зіргі таңда құны шамамен 7 млрд. теңге болатын сумен және жылу­мен қамтамасыз ету саласында қолға алынған жобаларды Еу­ропа қайта құру және даму банкі қаржыландырып отыр», – деді. Ақтөбе облысының территориясы бойынша елімізде 2-орын алатынына назар аударған өңір басшысы жер көлемінің өзі инвесторлардың қызығушылығын оятатынын айтты. Сондай-ақ, өңірдің Азия мен Еуропаның арасын жалғап жатқанын, елдегі автомобиль, әуе және теміржолдардың басым бөлігі облыс арқылы өтуіне байланысты транзиттік аймақ болып саналатынына тоқталып, инвестиция салуға мүмкіндік мол екеніне ерекше мән берді. Жалпы, жиын барысында қа­тысушылар назарына об­лыстағы азық-түлік, тау-кен өндіру, химия өнеркәсібі, металлургия және қонақ үй бизнесі бо­йынша құны 1,2 млрд. АҚШ доллары болатын 11 жоба ұсынылды. Бұдан бөлек, биыл облыста 104,7 млрд. теңгенің 6 жобасын жүзеге асыру жоспарланып отырғаны айтылды. Шара соңында инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысын ай сайын қадағалап отыратын елшіліктер мен әкімдіктің жауапты қызметкерлерінен тұрақты жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ, Б.Сапарбаев қызығушылық танытқан елдерге бірлескен бизнесті күшейту үшін ақтөбелік кәсіпкерлерден құрметті консулдар тағайындауды ұсынды және осы бағытта толыққанды көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді. Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.