Қорғаныс министрі Тараз қаласындағы әскери госпитальде болып, Көксай шатқалында қар көшкінінен зардап шеккен әскерилердің жағдайын біліп, қаза болған сарбаздардың отбасыларына көңіл айтты, деп хабарлайды министрліктің ресми сайты.
Қорғаныс министрі, генерал-полковник Сәкен Жасузақов қар көшкінінен зардап шеккен әскери қызметшілердің хал-жағдайын білу үшін Тараздағы әскери госпитальға барды. Қазіргі уақытта әскери госпитальде сарбаздарға қажетті барлық мамандандырылған медициналық көмек көрсетілген, әскери қызметшілердің жағдайы тұрақты.
Сондай-ақ, әскери ведомство басшысы қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларымен кездесті. Қорғаныс министрі мерт болған азаматтардың отбасылары мен туған-туысқандарына көңіл айта отырып, олардың әрқайсысының өздерінің әскери борышын абыроймен атқарып, әскери қызметтің хас шебері болғанын атап өтті. Үкіметтік комиссия қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеуді жалғастыруда.