Жақында Мәжілісте еліміздің басты қаржылық құжатының жобасы таныстырылды. 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет, осы жылдарға Ұлттық қордан бөлінетін кепілдендірілген трансферт және бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері туралы заң жобалары бойынша Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов пен Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндады.
Қаржы министрі бюджет түсімдері құрылымының сапалы өзгеруі; мұнай түсімдерінің 1902,3 млрд теңгеге азаюы; мұнайлық емес түсімдердің 852 млрд теңгеге өсуі көзделгенін жеткізді. Ұлттық қордың қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың жаңа тұжырымдамасына сәйкес кепілдендірілген трансферт мөлшері 2018 жылғы 2,6 трлн теңгеден 2020 жылы 2 трлн теңгеге дейін төмендейтін болады.
Республикалық бюджет шығыстары 2018 жылға 9 217,9 млрд теңге, 2019 жылға 9798,2 млрд теңге, 2020 жылға 10219,7 млрд теңге көлемінде жоспарланып отыр. Бюджет жобасы әлеуметтік бағытты сақтайды. Әлеуметтік блоктың шығыстары 2018 жылы 4101,3 млрд теңгені немесе шығыстардың жалпы көлемінің 44,5 %-ын құрайды.
Үш жылдық кезеңде экономикалық өсудің жаңа моделін құру бойынша міндеттерді іске асыру – экономиканы технологиялық жаңғырту және цифрландыру, кәсіпкерлікті жаппай қолдау, сондай-ақ дәстүрлі базалық салаларды – аграрлық секторды, көлік және логистика инфрақұрылымын дамыту арқылы жүзеге асырылатын болады.
Бюджет тапшылығы 2019 жылы ішкі жалпы өнімнің 1 %-на дейін біртіндеп төмендейтін болады.
Қаржы министрінің айтуынша ішкі жалпы өнімнің нақты өсуі 2022 жылы 4,2%-ға, 2018 жылы 3,1% деңгейінде болжануда. 2018 жылы номиналды жалпы ішкі өнім 55 906,2 млрд теңгеден 2022 жылы 75 875,4 млрд теңгеге дейін өседі. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 2018 жылы 9,0 мың АҚШ долларын құрап, 2022 жылы 11,7 мың АҚШ долларына дейін ұлғаяды.
Мұнай өндіру көлемі 2018 жылғы 86 млн тоннадан 2022 жылы 88,6 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Экспорт 2018 жылғы 47,5 млрд доллардан 2022 жылы 60,6 млрд-қа дейін, ал импорт 2018 жылғы 34,0 млрд АҚШ долларынан 2022 жылы 45,5 млрд АҚШ долларына дейін өседі. Ұлттық банк инфляцияның жылдық мақсатты дәлізін 2018 жылғы 5,0-7,0%-дан 2019 жылы 4,0-6,0%, ал 2020-2022 жылдары 3,0-4,0%-ға дейін төмендеу болжанған.
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Ұлттық қор қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың жаңа тұжырымдамасына сәйкес Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферт 2018 жылы – 2 трлн 600 млрд теңге, 2019 жылы – 2 трлн 300 млрд теңге, 2020 жылы – 2 трлн теңге көлемінде айқындалғанын айтты.
«Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2018-2020 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасы енгізілді. Ол орталық және жергілікті деңгейлерде 1,5 мыңнан астам құжатты қысқартуды, орталық және жергілікті деңгейлерде бюджеттік бағдарламаларды іске асыруда дербестікті кеңейтуді көздейді.
Мәжілістегі таныстырылым Қаржы және бюджет комитетінің отырысы шеңберінде өтті. Бюджеттік заң жобаларының одан арғы талқылаулары осы комитеттің мүшелері Сергей Симонов пен Омархан Өксікбаев бастайтын жұмыс топтарында өтетін болады.
«Егемен-ақпарат»