1916 жылғы отаршылыққа қарсы ұлт-азаттық көтерілісі басшыларының бірі, заманында ноқтаға басы сыймаған Кейкі (Нұрмағамбет) Көкембайұлының жер үшін, елдің бостандығы үшін күресте басы кесілген еді. Империялық қызыл саясат әділетсіздікпен оны баскесер етіп көрсетті, кейінгіге атын ататпады. Бірақ өктемдік жеңісінің баянды болмайтынын уақыт көрсетті. Тоқсан бес жылдан кейін Кейкінің Тәуелсіз елінде әділеттілік пен ақиқат қалпына келтірілді. Өзге жұртта жатқан батырдың бас сүйегі елге қайтарылды. Сөйтіп, туған елі Кейкісін құшағына қысты, туған жердің топырағы батырдың алтын басын бауырына алды.
Арқалық-Торғай тас жолының бойында тұрғызылған кесенеге халқы Кейкі атап кеткен Нұрмағамбет Көкембайұлының бас сүйегін жерлеуді рәсімдеу шарасына Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Венгрияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Андраш Барани, Республикалық есеп комитетінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков, Парламент Мәжілісінің депутаты, мемлекет қайраткері Қуаныш Сұлтанов, белгілі жазушы Сәбит Досанов, батырдың ұрпағы, мемлекет қайраткері Серік Ақылбай, Алматыдағы Орталық мемлекеттік музейдің директоры Нұрсан Әлімбай келді. Сонымен қатар, шараға Парламент депутаттары, облыс басшылары, Кейкінің аруағын сыйлаған жұртшылық және батырдың ұрпақтары қатысты.
Кейкі батырдың бас сүйегін кесенеге жерлеп, Құран бағышталғаннан соң оған қарулы құрмет көрсетілді. Батыр сүйегін туған жер қойнына тапсыруды рәсімдеуге арналған митингіде Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова сөз сөйледі.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауының арқасында былтыр баһадүр бабаның бас сүйегін қайтару туралы келісімге қол жеткені белгілі. Бұл Мемлекет басшысының халықаралық биік беделін тағы бір айшықтады. ХХ ғасырда бабалардың ерлік дәстүрін жалғастырған, сайыпқыран мерген Кейкі батыр тұлғасының ерекшелігі – ол өз заманында егескен екі жүйеге емес, ел-жұртына қызмет еткендігі, есесі кеткеннің жоғын жоқтап, зорлық көрген жандарды жақтап өткен әділеттіліктің жаршысы бола білуінде еді. Тәуелсіз мемлекет тарихында осындай ерлердің ерен істерінің ізі жатыр,–деді Гүлшара Наушақызы.
Архитектор Бек Ыбыраев жобалаған кесенені арқалықтық «Алюминстрой» компаниясы үш айда салып бітірді, оған мемлекеттен 70 миллион теңге шамасында қаржы жұмсалды. Кесененің биіктігі 15 метр, отқа төзімді кірпіштен қаланған. Кірпіш қалауға айранның сары суына шыланған цемент пайдаланылды. Күмбездің үшкір төбесіне бірнеше жерден кішкентай терезе көздері қалдырылған. Ұшар басына мұсылмандық Ай белгісі қадалған. Арқалық қаласында өткен «Кейкі батыр (Нұрмағамбет) Көкембайұлы өмірі мен өлімінің тарихы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысына қатысып сөз сөйлеген Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған тапсырмаларды жүзеге асыру барысында атқарылып жатқан істерді де атап өтті. Мемлекеттік хатшы осы конференция Кейкінің өмірі мен ерлік істерін тереңірек қазып, ғылыми-зерттеуге мүмкіндік тудыратынына сенім білдіретінін айта келіп, алдағы уақытта кейбір өзекті мәселелердің атқарылуына көпшілік назарын аудара кетті.
– Алдымен Қазақстанның ұлттық тарихындағы ақтаңдақ тұстардың орнын толтыруды көздейтін «Жол картасын» әзірлеген жөн болар еді. Маңызды тарихи ұлттық мұраны зерттеу мәселесін жүйелі түрде тарихи өлкетанумен байланыстыруды сұраймын. Тарихи арналымға енгізілген келіссөздер нәтижелері орта, кәсіби, жоғары оқу орындары бағдарламаларына енгізілсе, оның үзіліп қалмай, үздіксіз жүзеге асуына ықпалы болар еді. Халық батырларының ерлігі мен қайраткерлігін ұлттың рәміздік капиталы ретінде зерттеп, жастарға таныстырып, көрсетіп отыру керек, – деді Гүлшара Наушақызы. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Кейкі батырдың бас сүйегін елге алып келуге атсалысқан, бүгінде Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетовтің жеделхатын көпшілікке оқып берді.
Конференцияда Мәжіліс депутаты, мемлекет қайраткері Қуаныш Сұлтанов, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов баяндама жасады. Онда батырдың бас сүйегін туған жер топырағына табыстаған оқиға еш жерде кездеспеген, біздің елдегі өзгелер өнеге алардай тамаша тарихи іс екенін айтты. Венгрияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Андраш Барани, Алматыдағы Орталық мемлекеттік музей директоры Нұрсан Әлімбай, Кейкінің ағасы Қосжанның ұрпағы Сейтқали Қосжанов, ақын Серік Тұрғынбеков сөз алды. Конференцияда облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Кейкі батырдың кесенесін салу мен бас сүйекті жерлеу рәсімін дайындауға арналған жұмыстар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласында айтылған ұлттық сананы жаңғыртудың нақты мысалы болғанына тоқталып, осы іске атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді. Оларға Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың қолынан «Кейкі батыр» төсбелгісін табыс етті.
Кейкінің бас сүйегін жерлеу рәсіміне арналған шараға жиналған қарақұрым жұртта есеп болған жоқ. Батыр кесенесінің жанына 35 ақшаңқан киіз үй тігіліп, Кейкі аруағына арнап ас берілді. Облыс өнерпаздары әннен шашу шашты. Қазақша күрестен жарыста арқалықтық Ғабит Балғымбаев түйе балуан атанып, темір тұлпар мінді. Батыр бабамыз атының тұяғы дүбірлеткен далада жиналған жұрт аламан, топ бәйгелерді тамашалады. Аламан бәйгеде торғайлық Марат Әбеуовтің Бұйражал, топ бәйгеде алматылық Жеңіс Смайыловтың Триумар атты тұлпарлары мәрені алдымен қиып, иелері машина мініп қайтты. Арқалық қаласындағы театрда «Кейкі батыр» спектаклі қойылды. Арқалықта өткен республикалық айтыста бас жүлдені иеленген Маржан Есжанова темір тұлпар мінді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы