• RUB:
    6.37
  • USD:
    507.07
  • EUR:
    572.53
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Қыркүйек, 2017

Ассамблея мүшелері латын әліпбиін қолдайды

40 рет
көрсетілді

Қазақстан үкіметі Елбасының тапсырмасымен латын әліпбиіне өту мәселесін кезең-кезеңімен жүзеге асыру мәселесін күн тәртібіне қойды. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, ла­тын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешетін қағидатты мә­се­ле. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз, деп қадап айт­қан болатын.

 

Әрине, осындай мемлекеттік мәселеден тағдыр-талайымен қазақ жеріне орныққан, бақытын осында тапқан этнос өкілдері қалыс қала алмайды. Жақында Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің отырысында мем­ле­кеттік тілдің латын графикасына өту жайы талқыланды.

«Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің ғимаратында өткен кеңестің отырысына кеңес мүшелері мен облыс­тағы этномәдени бірлестіктердің төраға­лары және Ассамблея жанындағы Қоғам­дық келісім кеңесі, Аналар кеңесі, Ғылы­ми-сарапшылық топ пен облыстық мәс­лихаттағы «Ел бірлігі» депутаттық тобының жетекшілері мен белді өкілдері қатысты. Отырысты Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, облыстық Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Мұратәлі Қалмұратов жүргізді.

Шара барысында ОҚО ҚХА төраға­сының орынбасарлары облыстық корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Роза Пак пен облыстық грузин этно­мә­­дени бірлестігінің төрағасы Заал Бочо­ри­швили, Қазақстандағы өзбектер қоғамдық бірлестіктері «Дустлик» қау­ым­дастығының жетекшісі Икрамжан Хашимжанов, облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Байдулла Қонысбек, облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Балхия Көмекбаева, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Жеңісбек Мәуленқұлов, ОҚО ҚХА жанындағы Ғылыми-сарапшылық топтың жетекшісі, профессор Асма Қалыбекова сөз сөйлеп, елімізде уақтылы қолға алынған бастаманы бірауыздан қолдайтындықтарын жеткізді. Тілдерді дамытудың рес­пуб­ликалық үйлестіру-әдістемелік орталығы ұсынған қа­зақ тілінің латын графикасына негіз­дел­ген əліпби жобасын осындай отырыстар мен жиындарда жан-жақты саралап, талдап, талқылауға шақырды.

– Өзбекстан, Түрікменстан және Әзер­бай­жан сияқты түркі тілдес елдер латын әліп­биіне әлдеқашан өтті, – деді Қазақ­стан­дағы өзбектер қоғамдық бір­лес­тіктері «Дустлик» қауымдастығының жетекшісі Икрамжан Хашимжанов. – Елбасының қағидатты мәселе деп айтатынындай бар. Кеңес империясының ұлттарға жасаған шовинистік пиғылдары көптеген буынға отаршылықтың уын ішкізіп, рухсыздандыру мақсатына жұмыс жасады. Азат елдің баласына ондай құлдық қамыт керек емес. Екіншіден, әлемнің 80 пайызға жуығы ағылшын тілінде сөйлейді. Латын әліпбиі халықаралық тілді меңгеруге де жәрдем береді. Сондықтан да біз Елбасының тап­сыр­­масының орындалуына бірігіп күш жұм­саймыз.

Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы