Ағымдағы жылдың 21-22 қыркүйегі аралығында Астана қаласында еліміздегі әлеуметтік қамсыздандыру саласы бойынша бірқатар маңызды шаралар өткізу жоспарлануда. Олар: Қазақстан Республикасы әлеуметтік қызметкерлерінің бірінші форумы, «Әлеуметтік аударымдар – жұмыспен қамтылған халықты сәйкесті әлеуметтік төлемдермен қамтамасыз ету» тақырыбында республикалық семинар және жыл сайын өтетін «Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар» республикалық көрмесі.
Форумды өткізудің негізгі мақсаты – сала дамуының негізгі бағдарларын көрсету және әлеуметтік саланың дамуына мемлекеттік қолдау көрсетудің кейінгі басым бағыттары бо-йынша ұсыныстар жасау.
Семинар әлеуметтік сақтандырудың ең үздік заманауи тәжірибелерін ескере отырып, әлеуметтік жаңғырту міндеттерін шешу үшін мамандардың идеяларын біріктіреді, ал көрмені өткізудің мақсаты – мүгедектер мен халықтың басқа да әлеуметтік әлсіз топтарының өмір сүру сапасын жақсартуға көмектесетін әлеуметтік жобаларға қолдау көрсету.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев ел дамуының басты мақсаттары мен басымдықтарын белгілеген Қазақстан-2030 Стратегиясында әлеуметтік қорғалу мәселелері басты орында тұр.
Әлеуметтік қамсыздандырудағы негізгі әлемдік үрдістер және осы салада біздің еліміз қандай орын алады? «Егемен Қазақстанға» берген сұхбатында Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының (ХӘҚҚ) бас хатшысы Ханс-Хорст КОНКОЛЕВСКИ осылар туралы өз ойларымен бөлісті.
– Бас хатшы мырза, Қазақстанға қандай мақсатпен келдіңіз және Қазақстан мен ХӘҚҚ арасындағы ынтымақтастық туралы не айта аласыз?
– Сіздің газетіңізге оқырмандарыңызбен ойымды бөлісуге мүмкіндік бергені үшін шын жүректен алғысымды білдіремін.
Мен Қазақстанға үшінші мәрте келгенім үшін қуаныштымын. 2014 жылы мен VII Астана экономикалық форумына және «Әлеуметтік қорғаудан – әлеуметтік прогреске» тақырыбында өткен ІІІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысқан болатынмын. Ал 2015 жылы әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бойынша Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының (ХӘҚҚ) XIV халықаралық конференциясына қатыстым, онда Қазақстанды қоса алғанда, әлемнің 42 елінен келген осы саланың мамандары әлеуметтік қорғаудың ұлттық жүйесінің жұмысын жақсартуға мүмкіндік беретін тәсілдер мен принциптерді кеңінен талқылады.
Бұл жолы мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұйымдастырған Қазақстан Республикасы әлеуметтік қызметкерлерінің бірінші форумына және «Әлеуметтік аударымдар – жұмыспен қамтылған халықты сәйкесті әлеуметтік төлемдермен қамтамасыз ету» тақырыбында өтетін республикалық семинарға қатысқалы отырмын.
Осындай маңызды шараның ұйымдастырылуы Қазақстанның әлеуметтік қорғау саласындағы жұмыс ауқымының кеңейгенін, әлеуметтік жүйенің табысты қалыптасуындағы адам және оның құқықтары мен мүмкіндіктерінің одан әрі дамығанын көрсетеді.
Қазақстанда әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік сақтандыру саласында халыққа мемлекеттік қызмет көрсетуді жүзеге асыруда инновациялық шешімдер қалыптасқаны нақты байқалады.
Осының бәрі Президент Назарбаевтың осы бағытта алға қойған дамыған 30 елдің қатарына кіру стратегиялық міндеттері аясындағы Қазақстанның басты мақсатына қол жеткізуге көмегін тигізеді.
Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы – басты мақсаты халықаралық деңгейде ынтымақтастықты жүзеге асыру және дамыту болып табылатын ұйым ретінде осы бағыттағы жұмыстарды үнемі қолдайды.
ХӘҚҚ-ның Қазақстанмен ынтымақтастығы жақсы қалыптасуда. ХӘҚҚ-ның Менеджмент, ұйымдастыру және инновациялар бойынша техникалық комиссиясының құрамына кіре отырып, Қазақстан халықаралық маңызды ынтымақтастық құрылымның мүшесі ретінде қауымдастық жұмысына белсенді араласуда.
Кез келген мемлекет үшін басты міндет экономиканы халықтың игілігіне жұмыс істету және тұрақты жұмыс жасайтын әлеуметтік қорғау жүйесін құру болып табылады. Бізді Қазақстанның экономикалық жетістіктерін өз халқын әлеуметтік қолдауды жақсартуға бағыттайтыны қуантады. Мен Қазақстанда әлеуметтік қамсыздандырудың қоғамның маңызды бөлігіне айналғанына, яғни адамдарға салынған инвестиция екендігіне сенімдімін.
ХӘҚҚ өзінің Қазақстандағы мүшелерімен тығыз қарым-қатынасты одан әрі жалғастыра беретіндігіне үміттенеді.
– Конколевски мырза, әлемдегі әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі үшін қандай мәселелерді аса өткір деп санайсыз?
– Таяуда Панамада өткен Дүниежүзілік әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелері бойынша форумда ХӘҚҚ «Әлеуметтік қамтамасыз ету саласының 10 жаһандық міндеті» атты жаңа инновациялық баяндамасын ұсынған болатын.
Көптеген елдерде азаматтарға қажетті төлемдер төлеу қажеттілігіне сәйкес қаржылық қиыншылықтар артуда. Қазіргі таңда әлеуметтік қамсыздандыру бағдарламалары инновациялық шешімдерді жүзеге асыруы керек.
Бүгінгі таңдағы тағы бір жаһандық мәселе – бұл демографиялық жағдай. Дүние жүзінде жұмыс істейтін халық саны азаюда, ал қарттар мен зейнет жасындағы адамдар саны артуда. Егер бұрын жұмсалған қаражаттың орнын толтыру әлеуметтік қамсыздандырудың басты мәселесі болып табылса, қазіргі уақытта біздің бағдарламаларымыз адамдардың еңбек нарығында барынша көбірек болуына жағдай жасайды. Ол үшін түрлі құралдар мен механизмдер қолданылады. Мысалы, қайта оқыту бағдарламалары, жұмыс күшін оңалту, ынталандыру, еңбек жағдайларын жақсарту және т.б.
Зейнетақы жүйелерінің бағдарламаларын реформалауға бас-ты назар аударылуда. Бұл жерде өзіндік ерекшеліктер де бар. Өмір сүру ұзақтығы ұлғаюда, соған сәйкес зейнетақы төлемдерінің ұзақтығы да артуда. Мысалы, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін адамдар орта есеппен алғанда кем дегенде он жылға артық өмір сүрді. Соңғы жылдары көптеген елдер зейнетақы жасын белсенді түрде арттыруда, сонымен қатар әйелдер мен ер адамдардың зейнеткерлік жасын теңдестіруге ұмтылуда. Әдетте мұндай түзетулер біртіндеп, бірнеше жыл ішінде енгізіледі
– Әлеуметтік сала қазақстандық қоғам өмірі үшін ең маңызды салалардың бірі, сондықтан оны азаматтардың тиімді әлеуметтік қорғалуына бағыттау Қазақстан Үкіметінің басты міндеті болып табылады. Осыған байланысты, сіз Қазақстандағы әлеуметтік сақтандыру жүйесін және Қазақстанның ХӘҚҚ аясындағы қызметін қалай бағалайсыз?
– Қазақстанда мемлекеттік базалық әлеуметтік сақтандыру, міндетті әлеуметтік сақтандыру, жинақтаушы зейнетақымен қамсыздандыру және әлеуметтік көмекті біріктіретін халықты әлеуметтік қорғаудың дамыған, көп деңгейлі моделі бар. Мұндай тәсілдер ХӘҚҚ пайымына сәйкес келеді, өйткені ол ең алдымен азаматтарды келеңсіз экономикалық жағдайлар әсерінен тиісті деңгейде қорғауға бағдарланған.
Сіздердің ұлттық жүйелеріңіз жылдам өзгеретін экономикалық жағдайда халықтың қажеттілігін өтей отырып, соңғы онжылдықта қарқынды дамығанын атап өткім келеді. Бұл, сондай-ақ, мемлекеттер өзгеріп отыратын жағдайларда үнемі дамуға тиісті ХӘҚҚ-тың «қарқынды әлеуметтік қамсыздандыру» стратегиялық тәсіліне сәйкес келеді.
Сіздер әлеуметтік қорғаудың саяси басымдықтарын қамтамасыз еттіңіздер. Қазақстан Республикасы ТМД елдерінің ішінде алғашқылардың бірі болып зейнетақы жүйесіне реформа жүргізді және жинақтаушы зейнетақы жүйесін енгізді. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі енгізілді. Жұмыс істейтін халықты мемлекеттік қолдаудың кең ауқымды шаралары жүзеге асырылды. Бұл өте тамаша нәтиже!
Қазіргі жаһандық дағдарыс кезінде біз көптеген елдердегі экономикалық өсімнің төмендегенін байқап отырмыз.
Осындай жағдайда Қазақстан дағдарысқа жауап ретінде жұмыспен қамту саласында және әлеуметтік заңнамаларды нығайту барысында көптеген маңызды құрылымдық реформалар жүргізді.
Қазақстан халықтың әл-ауқатын жақсарту бойынша, оның ішінде, әсіресе зейнеткерлер мен мүгедектерге берілетін әлеуметтік төлемдердің деңгейін арттыруға бағытталған шараларды жүзеге асыруда.
Халықты жұмыспен қамтуға және жұмыссыздық деңгейін ұстауға, оның ішінде кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, қоғамдық жұмыстар мен жастар практикасына бағытталған шаралардың жүзеге асуын ХӘҚҚ асқан мүдделілікпен қадағалайды.
Әлеуметтік қамсыздандырудың дамуы қазіргі замандағы күрделі міндеттердің бірі болып табылады және осыған байланысты Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тиімді тәжірибесі әлеуметтік саясатты қалыптастыруда және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін басқаруды жақсартудағы жалпы міндеттерді шешуде ХӘҚҚ-мен өзара әріптестік қатынаста маңызды рөл атқаруда.
Әлеуметтік саладағы әріптестік туралы айтқанда, биыл Қазақстан Халықаралық зейнетақы және әлеуметтік қорлар қауымдастығына (ХЗӘҚҚ) бірінші рет төрағалық ететінін атап айтқым келеді. Бұл ұйым 25 жыл бойы ТМД-ға мүше-елдердің зейнетақы және әлеуметтік жүйелерін біріктіріп келеді және әлеуметтік қамсыздандырудың дамуына өз үлесін қосуда.
Мен Қазақстанды осы жетістігімен құттықтай отырып, жалпы міндеттерді шешуде өзара түсіністік негізінде біздің ұйымдардың арасындағы әріптестік одан әрі дами түседі деген тілегімді білдіргім келеді
Барлық қатысушыларға Қазақстандағы әлеуметтік қамсыздандырудың дамуына жаңа қарқын беруге мүмкіндік туғызатын табысты еңбек пен жемісті шешімдер тілеймін.
Анықтама
Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы (ХӘҚҚ) 1927 жылы негізі қаланған, ол – халықты әлеуметтік қорғау саласында бірыңғай әлемдік саясатты жүзеге асыратын ұйым болып табылады. ХӘҚҚ Бас хатшылығы Женева қаласында (Швейцария) орналасқан. Әлемнің 145 елін біріктіретін қауымдастық халықты әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіруге бағытталған басқа да халықаралық ұйымдардың шараларына белсене қатысады. ХӘҚҚ басты мақсаттары: халықты әлеуметтік қорғау бойынша дүниежүзілік саясатты енгізу және оның ұлттық, өңірлік және халықаралық экономикаға бейімделуін, әлеуметтік қорғау бойынша халықаралық әдістемелерді жаһандандыру мақсатында түрлі елдерде халықты әлеуметтік қорғау бойынша әкімшілік институттарды енгізу және қолдау; халықты әлеуметтік қорғаудың ұлттық және өңірлік институттары арасында байланыс орнату; халықты әлеуметтік қорғау бойынша менеджерлерді оқыту; әлеуметтік қамсыздандыру саласында халықаралық заңнамаларды концептуалдық әзірлеу және талдау; әлеуметтік қамсыздандырудың тетіктерін қалыптастыру (әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік көмек, әлеуметтік қызмет көрсету); статистикалық зерттеулерді жүргізу және тағы басқалар.
Әңгімелескен
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»