Кеше Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, ғылыми-зерттеу институтының мамандары ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде ұсынылған тың технологиялар мен үздік жобаларды еліміздің білім саласына енгізу жөнінде әңгіме өрбітті.
Баспасөз мәслихатында Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінің төрағасы Болатбек Әбдірасылов ЭКСПО көрмесінде көрсетілген шетелдік инновациялық жобалар мен технологияларды енгізу жөнінде арнайы сараптамалық жұмыс тобы құрылғанын жеткізді. Құрамында ғылыми-зерттеулер орталығы мен жоғары оқу орындарының ғалымдары және сарапшылары бар жұмыс тобы жаңғырмалы энергия, күн, жел, биоэнергетика салаларындағы жетістіктерді зерттеп, келешек ұрпақтың игілігі үшін пайдасы мол жобаларды іріктеп, тиісті ұйымдарға ұсынбақшы. Б.Әбдірасыловтың айтуынша, білім саласына жаңалық әкелетін технологияларды министрлік үш топқа бөліп қарастырып отыр. Оның біріншісі – ғылыми идеялар мен коммерциялық қолжетімді инновациялар легі болса, екіншісі – білім технологиясы немесе ЭКСПО мұраларын тиімді пайдалану, үшіншісі – осы салаға қатысты соңғы зерттеулерге негізделген оқу-әдістемелік құралдар жиынтығы.
Жалпы, ЭКСПО көрмесіне 55 университет пен ғылыми орталық өкілдері арнайы қатысып, әлемде жүзеге асырылып жатқан тәжірибелермен танысып қайтыпты. Мамандар шетелдік әріптестерімен 100-ден астам кездесу өткізген. Жүздесулер барысында білім және ғылым саласында 9 меморандумға қол қойылып, 20-дан астам келісім жасалған. Атап айтқанда, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Корея, Латвия университеттерімен, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Франция, АҚШ өкілдерімен термоэлектр материалдарынан жасалған құралдарды қолдану жөнінде келісімге келген. Сондай-ақ Польша, Венгрия, Финляндия, Чехия елдерімен жаңғырмалы энергия, смарт-грид, 3D-технологиялары бойынша келіссөздер жүргізілген.
Енді Білім және ғылым министрлігі ЭКСПО алаңында көрсетілген үздік идеялық шешімдерді тиімді пайдаланып, оның ішінде ең ұтымдысын іс жүзінде қолдануды көздеп отыр. Әрі бұл технологияның бәрін мұғалімдерге, оқушыларға кеңінен таныстыратын арнайы ақпараттық портал іске қосылмақ. Биыл жылдың аяғына дейін ашылғалы отырған сайт келешекте білім және ғылым саласындағы инновациялық жобаларды жұртшылыққа дәріптейтін танымдық ақпараттық алаңға айналмақ.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»