Биыл Қазақстан жеріне корей диаспорасының қоныс аударылғанына 80 жыл толып отыр. Корейлер де өз еріктерімен емес, елімізде тұрып жатқан басқа ұлт өкілдері секілді тоталитарлық режім жылдарында күштеп көшірілген еді. XX ғасырдың 30-40 жылдарындағы Қазақстанға этностардың қоныс аудару тарихы отандық тарих ғылымы алдындағы өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Республика архивтеріндегі кеңестік кезеңдегі билік органдары қорларындағы құжаттардың құпиясын ашу жұмыстары да бұл іске тың серпін берді.
Қазақстан Республикасы Президентінің архиві Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылды «Жалпұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» деп жариялаған уақыттан бастап саяси қуғын-сүргін, жаппай жазалау шаралары, 1930-50 жылдардағы Қазақстан территориясына қоныс аударулар тарихына қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде архивтің құрастыру ұжымы жекелеген ұлттардың (неміс, поляк, корей) қоныс аудару тарихына қатысты құжаттық жинақтар жариялады. Жинақтың екінші кітабында 1936-39 жылдардағы қоныс аударулар тарихына қатысты, оның ішінде Қазақстандағы корей диаспорасының тарихы туралы құжаттар жарияланды. Корейлердің Қазақстанға қоныс аударуы КСРО Халық комиссарлар кеңесі мен БКП (б) Орталық комитетінің 1937 жылдың 21 тамызындағы бірлескен №1428-326сс «Корей халқын Қиыр Шығыстағы шекаралық аудандардан көшіру туралы» және КСРО Халық комиссарлары кеңесінің 1937 жылдың 28 қыркүйегіндегі №1647-377сс «Корейлерді Қиыр Шығыс аумағынан көшіру туралы» қаулыларының негізінде жүзеге асырылды. Егер алғашқы қаулыда «БКП (б) Қиыр Шығыс өлкелік комитетіне, Өлкелік атқару комитеті мен Қиыр Шығыс Ішкі істер халық комиссариатының (НКВД) басқармасына шекаралық аудандардағы барлық корей халқын Өзбек және Қазақ КСР-леріне көшіру» туралы ұсыныс жасалған болса, екінші қаулыда Қиыр Шығыс аумағынан корей ұлты түгелдей дерлік көшірілетіні және олардың орналасатын аймақтары нақты көрсетілді: Қазақстанда 12 000 корей шаруашылығы Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Гурьев өңіріне орналасатын болды. Алайда, көшірілетін облыстар қаулыда нақты көрсетілгенімен, іс жүзінде мемлекеттік билік органдары қоныс аударған халықтардың бір аумақта шоғырлануына мүмкіндік бермей, оларды бүкіл Қазақстан территориясы бойынша орналастырды. Осылайша, жоғарыда аталған екі қаулының негізінде, Қиыр Шығыстағы корейлердің Қазақстанға көшірілуі жаппай жүзеге асырыла бастады.
1937 жылдың 11 қыркүйегіндегі КСРО Халық комиссарлары кеңесінің №1571-356сс қаулысымен Қиыр Шығыстан қоныс аударудың шығындар сметасы анықталды. Бұл бойынша әр отбасына 6 мың сом қаржы бөлінетін болды. Мұның ішіне бір отбасын көшіру шығындары, тағам және медициналық қызмет көрсету, көшкен жерлерде қалған егістікке, құрылыс және құрал-саймандарға төленетін, келген кезде үй салуға қажетті қаржы және тағы басқалары кірді. Қоныс аудару кезінде корейлерге өздерімен бірге шаруашылық құрал-саймандарын, мал-мүлкін бірге әкетуге рұқсат етілгенімен, іс жүзінде қосымша тауар вагондарының берілмеуі себепті қаулының бұл тармағы жүзеге асырылмады. Егер алғашқы қаулыда мемлекет корейлердің мүліктерін көшіруіне мүмкіндік беріп, шығындарының орнын толтыруға тырысқан болса, қоныс аудару туралы екінші қаулыда мал-мүлкінің бәрін мемлекетке өткізіп, қоныс аударылған жерлерінде айырбас түбіртектері арқылы олардың орнына басқасын алуға мәжбүр болды.
Халық комиссарлары кеңесінің 28 қыркүйектегі қаулысына сәйкес корейлерді көшіру 1937 жылы қазан айында түгелдей аяқталуы тиіс еді. Ішкі істер халық комиссариатының органдары қоныс аударуды халық санының алғашқыда жоспарланғаннан көп болуына қарамастан 1937 жылдың 25 қазанына қарай аяқтады. 1937 жылдың қыркүйегінің аяғына қарай алғашқы корей қоныс аударушылар эшелоны Қазақстанға келе бастады. Осы уақыттан бастап Қазақстандағы корей ұлтының тарихы басталады.
«Из истории депортаций» құжаттар жинағының алғашқы екі кітабында Қазақстанға қоныс аударған ұлт өкілдерінің естеліктері жарияланды. Солардың бірі, Валентина Ли өз отбасының Қазақстанға келуін былайша еске алады: «…Біз 1937 жылдың қыркүйегінің соңы мен қазан айы бойында жолда болдық. Жолда ұзақ уақытқа тоқтаған кездер көп болды. Сондай күндердің бірі есімде қалыпты. Біз бір көлдің жағасына келіп тоқтадық (ол кезде ол маған теңіз секілді болып көрінді). Күн ашық еді. Әйелдердің бәрі киімдерді жуып, оларды бұталарға кептірді. Анам кейін ол көл Байкал екенін айтты, бірақ мен Балқаш деп ойлаймын. Тағы бір есте қалғаны – менің әкем Ли Чан Нён ағам Ли Павелмен бірге қалаға барып, бізге екі себет алма алып келді. Сондай дәмді еді. Қазір ойласам, ол Алматының апорты екен. Алғашында бізді Қармақшы бекетіне түсірді. Өзіміздің тұрған жерімізбен салыстырғанда бұл жер бізге көріксіз болып көрінді. Қиыр Шығыста бізде бөренеден салынған 5-6 бөлмеден тұратын үлкен үйіміз және кудур кан (жылы еден) болған еді. ...Ал бұл жерде біз тек шексіз дала мен қамыстарды ғана көрдік. Тұрғын үй ретінде бізге бұрынғы атқора және оған төсеуге сабан берді. ...17-18 ақпанда біреулер есігімізді қағып, әкемнің атын атады. Сол түні оны қамауға алды, одан кейін әкемізді көрмедік. Бұл 1938 жыл еді. Архив құжаттары бойынша біз оның «халық жауы» және «жапон тыңшысы» ретінде сотталып, атылғанын білдік».
Қазақстанға күштеп қоныс аударылғандар облыстарға шашырай орналастырылды. Олар азаматтық және саяси құқықтарынан айрылды, республика территориясында еркін қозғалу, әскерге қабылдану құқықтары шектеліп, моральдық-психологиялық тұрғыда қысым көрді. Бұл арада көшірілген халықтарға қазақ халқының көрсеткен айрықша қолдауын айта кеткен жөн. Қазақ отбасылары өз шаңырағында адам санының көп болуына, жағдайдың ауыртпалығына қарамастан оларды үйлеріне қабылдады. Қазақстанға келген корей халқы қазақтардың көмегімен қиыншылыққа қарсы тұрып, Қазақстаннан лайықты орнын ала білді.
Мұхаммед ЖЫЛГЕЛДИНОВ, Қазақстан Республикасы Президенті архивінің бас сарапшысы