Дүниежүзілік банк жүргізген зерттеулерді зерделесек, Қазақстан азаматтарының түрлі медициналық қызметтер үшін қалтасынан шығаратын қаражатының көлемі 38 пайыздан асып жығылады екен. Ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінде бұл көрсеткіш 20 пайызға да жетпейді. Бүгінгі таңда ЭЫДҰ-ға мүше 35 елдің 19-ы медициналық сақтандыру жүйесін қолданады. Олардың дені мемлекет бақылауындағы медициналық сақтандыру жүйесін басшылыққа алған. Жалпы денсаулық саласына қай елдің бөлетін қаражатын қарасаңыз да айдарынан жел ескен мемлекетті көруіңіз екіталай. ІЖӨ-нің 8-15 пайызын денсаулыққа жұмсайтын алпауыт АҚШ-тың өзінде 40,4 млн адам қарапайым медициналық көмекке зәру.
Денсаулық сақтау мекемелерінде азаматтар үшін медициналық қызмет түрлері қолжетімділігінің әр елде әрқалай болуының тарихи және әлеуметтік қырларымен қатар, сол елдің экономикалық әлеуетіне және мемлекет ұстанған саясатқа тікелей тәуелділігі бар. Мәселен, кеңестік кеңістікте медициналық қызметтің жалпыға бірдей теңгерімділігі болғанымен емдеу орындарының көп ретте базалары әлсіз, озық технологияларды қолданбақ түгіл қарапайым құралдармен жабдықталуы еш сын көтермейтін. Тозығы жеткен ауруханаларда айлап жататын емделушілерге жасалатын ем-дом шаралары тар көлемді қамтыды. Ал Қазақстан нарықтық экономикаға бет бұрғанда елімізде бұрынғы тарихи жад бойынша кепілді тегін медициналық көмек (КТМК) жалпыға бірдей бағытын сақтады. Алайда КТМК қанша тегін дегенмен, жұртшылықтың денсаулыққа қатысты қалтасынан шығарар қаражаты 2011 жылғы 31 пайыздан 2015 жылы 39 пайызға дейін өсті. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы егер пациент төлейтін ақша мөлшері 20 пайыздан асса, оны «апатты шығынға» балап, адамдарды кедейлікке алып баратын жолдың бірі деп есептейді.
Еліміз медициналық қызмет көрсетуге өзгеріс енгізуде қоғамдық сақтандыру жүйесін таңдады. Оның басты артықшылығы – баршаға тең мүмкіндіктің берілуі. Мұнда жарнаны әркім мүмкіндігіне қарай төлейді. Ал медициналық көмекті қажеттілігіне қарай алады деп күтілді.
Яғни қаржыландырудың жаңа түрі медицина саласындағы тарифтерді теңгерумен қатар халықты бірыңғай сақтандыру пакетімен қамтамасыз етуге жол ашады, сондай-ақ белгілі бір санаттағы азаматтардың медициналық қызметтер алудағы шығынын мемлекет өз мойнына алады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін азаматтардың денсаулыққа жұмсайтын шығындары төмендейді, емделушінің таңдау еркіндігіне жол ашылады, озық технологияны талап ететін қымбат операциялар қор тарапынан бөлінген қаржы арқылы жасалады делінді.
Медициналық қызмет көрсетуде сақтандыру жүйесінің енуі әлемдік үрдіс екендігі аян. Оның үстіне нарықтық қатынастар орнаған елде оның болмауы тіпті де мүмкін емес. Жасыратыны жоқ, жыл өткен сайын еңбекке жарамсыз қарттар мен балалар санының артуы мемлекеттік бюджетке түсетін салмақты ауырлата түсуде. Ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, 2030 жылға қарай еліміздегі қарт тұрғындардың үлесі 11,2 пайызға жетеді. 2014 жылы бұл көрсеткіш 6,9 пайыз деңгейінде еді. Демек, келешекте бюджеттен бөлінуге тиіс қаржы да қазіргіден әлденеше есе өсуі мүмкін. Сондықтан нарықтық қатынасқа құрылған медицина саласына өзгеріс енгізудегі жұмыстар шілде айынан басталып, жұмыс беруші кәсіпорындар мен кәсіпкерлер тиесілі жарналарын аударып, қорға жиналған қаражат мөлшері 6 млрд теңгеге жетіп қалғанда, өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың қатарын анықтау қажеттігі аталған реформаға аздап дамыл берді.
Жуырда Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Парламент сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінен кейін «Президент бүгінгі сөзінде медициналық сақтандыру мәселелеріне жеке тоқталды. Біз бұл бағытта біраз дайындық жұмыстарын жүргіздік. Мәселен, медициналық сақтандыру туралы 4 арнайы заң қабылданды. Бүгінде міндетті медициналық сақтандыру қоры құрылып, жарна қаражаттарын жинауда. Осы бір айдың ішінде қорға 5 миллиард теңгеден астам қаржы түсті. Жалпы биыл 25 миллиард теңге жинауымыз керек. Елбасы 2,7 миллион қазақстандықтың медициналық сақтандырудан қалыс қалып қоюы мүмкіндігін ескертті. Расында өзін-өзі жұмыспен қамтыған бұл азаматтардың осы жүйеге қатысуы қиын болайын деп тұр. Олардың бір бөлігі тіпті «қатыспаймыз» деп ойларын ашық айтуда. Себебі сақтандыру жарнасы жалақыдан төленуі керек, ал оларда жалақы жоқ. Біз бұл мәселенің шешімін зерделеудеміз. Бұған қосымша уақыт керек. 2,7 миллион тұрғынның барлығының тізімін бекітіп, қандай санатқа жататынын анықтаймыз. Егер кәсібі болса, бірақ салық төлемей жүрсе, «жеке кәсіпкер» ретінде тіркетеміз. Жұмыссыз жүргендерін мемлекет оқытады, жұмыспен қамту шараларын қабылдайды», деп атқарылар ауқымды істерден хабардар еткен.
Бүгінде жылдамдығын тежеген реформа туралы пікірлер сан алуан. Мәселен, «Гематолог-дәрігерлер қоғамы» республикалық қоғамдық ұйымының жетекшісі Ирина Пивоварова орта жолда дамылдаған дұрыс еместігін, қозғалыс керектігін, кезінде азаматтарды емдеу мекемелеріне тіркеуге тұру қажеттігі айтылғанда осы реформаны жүзеге асыруда көптеген күмәнді ойлар естілгендігін, алайда тұрғындар қаралуы үшін тіркелу қажеттігін ұғынып, өзгеріс еш байбаламсыз, ың-шыңсыз атқарылғанын жеткізе келіп, бұл жерде де азаматтарға өз мәртебесін тезірек айқындау қажеттігі түсіндірілсе, Қазақстан азаматтары сала жұмысын жетілдіретін реформадан қашпайды деген уәж айтады.
«Денсаулық сақтау республикалық палатасы» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Мақсұт Құлжанов «Дәрігерлер үшін қызмет көрсетуде қаражаттың қайдан алынатыны маңызды емес, оларға пациенттерді емдеп, сол үшін дұрыс еңбекақы алулары өзекті. Ал медициналық қызметті қажетті ресурстармен қамтамасыз етпей, қызметтің сапалы көрсетілуін талап ету қисынсыз», дейді.
Денсаулық саласына реформа жүргізу әлеуметтік-экономикалық тұрғыдағы проблеманың қаншалықты қиын түйін екендігін айқындады. «Өзін-өзі еңбекпен қамтиды» дейтін 2,7 млн адамның еш салық төлеместен жұмыс атқарушылармен бірдей әлеуметтік игіліктерді пайдалану мүмкіндігі барлығы көрінді. Алайда өзін өзі еңбекпен қамтушы азаматтарға тиесілі проблемалар да жеткілікті. Мемлекет алдында салық төлейтіндердің қатарында жоқ болғанымен, зейнетақы қорларына қаражат жинақтамаған олар кейін зейнет жасына жеткенде әлеуметтік ең аз қорғалған топқа айналатыны аян. Күнделікті күнкөрісі үшін жалдамалы жұмысқа жегіліп, жүк тасып, дүкендер мен базарларда сатушы, мейрамхана, асханаларда ыдыс жуушы, даяшы болып жүрген қаншама адам бар десеңізші. Жұмыс берушілерге олармен келісімшарт жасау тиімсіз. Жұмыс күнінің аяғында ғана күнделікті келісілген сомасын беріп, арзан күш ретінде пайдаланғанын жөн санайды. Мәселен, көптеген құрылыс компаниялары құрылысшыларды келісімшартсыз жұмысқа қабылдап, аяғында ақшаларын төлемей кететіні де жасырын емес. Ал осы іспетті өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың проблемасына мемлекеттік деңгейде мән берілуіне денсаулық сақтау саласына жасалатын реформа себін тигізді.
Сөз жоқ, медициналық қызметтер сапасының жақсаруы, пациенттердің жоғары технологияға негізделген қымбат операцияларды қор есебінен жасатуы, дәрі-дәрмектің қолжетімді болуы, жақсы клиникада емделуге жол ашылуы халыққа өте маңызды. Бұл үшін МӘМС жүйесінің енгізілуі де заман талабы екені айқын. Егер барлық жұмыс беруші заңды айналып өтпей, маусымдық немесе уақытша келісімшарт жасасып, әлеуметтік төлем түрлерімен салықты дер кезінде аударып тұрса, мәселенің оң шешім табатыны, одан барлық тараптың ұтатыны анық.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»