Асфендиар сұлтан – Кіші жүз ханы Әбілқайырдың шөбересі, Айшуақ ханның немересі, Кіші жүз Жетірудағы табын руын басқарған, дистанция бастығы болған белгілі тұлға. Оның ұлдары – Мұхаммед Мағзұм Неплюев кадет корпусын, Сейітжаппар Орынбор қаласындағы қазақ сұлтандарының балаларын орыс сауатына үйрету үшін арнайы ұйымдастырылған мектепті бітірген. Ал Сейітжаппардың ұлы Санжар Асфендиаровтың қазіргі Қазақстанның жоғары білім саласын, тарих ғылымын, білікті медицина қызметкерлерін даярлау жүйесін қалыптастырудағы ұшан-теңіз еңбегін көпшілік жақсы біледі.
Асфендиар сұлтанның құлпытасы 2014 жылы Ақсай қаласының тұрғындары Ағажай Меңдіханов пен Зарлық Мусиннің көрсетуімен анықталған болатын. Араб жазуымен жазылған мәтінде «Кіші жүз халқының хан нәсілі Асфендиар Сүгәлі баласы 1865 жылы 73 жасында қайтыс болды. Наурыз айының 21-і, дүйсенбі күні жерленді» деп жазылған. Оған қоса сұлтанның Шыңғыс ханға дейін тарататын шежіресі қашалған екен.
Асфендиар сұлтанның құлпытасы – Қаракемердегі үлкен көне зиратта құламай сақталып қалған жалғыз ескерткіш. Жалпы Бөрлі өңірінде 1930 жылдары большевиктер қазақ молаларындағы араб жазулы құлпытастарды жаппай қиратып, құрылыс материалына пайдаланған. Сондықтан Асфендиар сұлтанның құлпытасы сақталуы осыдан бірнеше жыл бұрын сенсациялық оқиға ретінде қабылданған болатын.
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан бастау алған құлшыныспен осыдан біраз уақыт бұрын Бөрлі ауданының жастары «Туған жерге тағзым» атты штаб құрған болатын. Топ мүшелері ауданның тарихи мүйістерін аралап, қариялармен кездесіп, өңір тарихының шежіресін жинауға кіріскен. Міне, бүгін сол белсенді жастардың бастамашылдығымен тарихи тұлғаның қабірі қоршалып, жаңа белгі орнатылды. Топ жетекшісі Айна Кәрімованың айтуынша, бұл іске ауыл тұрғындары, соның ішінде Ағажай Меңдіханов, Ғарифолла Сейдешұлы секілді ақсақалдар көп үлес қосқан.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»