• RUB:
    6.37
  • USD:
    510.59
  • EUR:
    578.91
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Қазан, 2017

Зай­ролла Дүйсенбеков - замана зиялысы

62 рет
көрсетілді

Бүгінде 80 жасқа толып отырған, Қазақстан Рес­публикасының Ұлттық Ғы­лым академиясының то­лық мүшесі және оның­ үлкен алтын меда­лінің иегері Зай­ролла Дүйсенбековті бар ғұмы­рын Жердің қасиетін зерттеу мен оның қазақ халқына берерін ұғынуға сарп етіп, жер ресурстарын оңтайлы пайдалануға бағыттаған зиялыларымыздың көш­басшысы деп айтуға толық негіз бар.

Алаштың бетке ұстар талай арысы дүниеге келген, қа­сиетті Баянауылда туған Зай­ролла Дүйсенбекұлы өзінің алдындағы аға буын ағартушылардың, ға­лым­дардың, жазушылардың, ақындардың және қоғам қай­раткерлерінің ең үздік қа­сиеттерін бойына сіңіре білген ойшыл, ғалым, ұстаз және қоғам қай­раткері десек артық айта алмаспыз. 

Кешегісіз бүгін жоқ. Зай­ролла Дүйсенбекұлы сонау Баянауылда өткен балалық ша­ғында-ақ өзінің зеректігімен талайды таңдай қақтырды. Сту­денттік жылдарда ғылыми үйірмелерге белсене қатысып, ғылымға бейімділігімен көзге түсе білді. Өндірісте қызмет етіп жүріп те өзі тәмамдаған жо­ғары оқу орнымен байланысын үзбеді. Сөйтіп Қа­зақ мемлекеттік ауыл шаруа­шылығы институтының күндізгі бөлімдегі аспирантурасына оқуға түсіп, 1966 жылы ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты аталып, ал 1985 жылы докторлық диссертациясын қорғап шықты. 

Зайролла Дүйсенбекұлы 1965­ жылдан бастап Қазақ ауыл шаруашылығы институтын­да ассис­тент, аға оқытушы, до­цент, профессор, кафедра меңгерушісі, агрономия факуль­тетінің деканы секілді қызмет баспалдақтарынан абыройлы өтті. Сол жылдары Зайролла Дүйсенбекұлы педагогикалық, қо­ғамдық және ұйымдастыру жұ­мыстарын теңдей алып жүруімен қатар, өзін тек Қа­зақстанда ғана емес, бүкіл КСРО ғалымдарының алдында ерекше ойлау қабі­летімен танытып, сол кездері жаңа дамып келе жат­қан егіншілік саласында жоспарлы немесе сандық технологияларды пайдаланып, өнім алу проблемасына аса ден қойған зерттеушілер қатарына енді. 

Осыдан бастап ғылыми қо­ғамның ортасында Зайролла Дүй­сенбекұлының табиғат берген математикалық категориялармен ойлау қасиеті айрықша көзге түсе бастады. Сол кездің өзінде егіншілік жүйесінде жос­парлы өнім тек әрбір егіс алқабының әркелкілігін ес­кергенде ғана дұрыс жолға қойылатынын дәлелдеп шықты. Мысалы, оның жоспарлы өнім алу проблемасының теориясы мен программалау әдістемелеріне қос­қан үлесі Бүкілодақтық ауыл­шаруашылық академия­сының 1984 жылы өткен Үйлестіру кеңесінде жоғары баға алды. Бұл КСРО кезінде қазақ ғалымдарына көрсетілген өте сирек құрметтің бірегейі еді. 

Осындай абыройға жетіп, егіншілік ғылымын қарыштап дамытып келе жатқанда қоғам жаңа капиталистік формацияға бет бұрды. Ел алдында бұрын-соңды көтерілмеген жер қаты­нас­тарын нарық талабына сай­ жүргізу проб­лемасы алға қо­йылды. Тәуелсіздікке жаңа қа­дам басқан елдің Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы М.Оспанов аталған проб­лемаларды шешу тек қана Зайролла Дүйсен­бекұлының қолынан келетініне ешқандай күмән келтірмеді. Зайролла Дүй­сенбекұлы 1993 жылы алғашында Қазақ Мемлекеттік жерге орналас­тыру жөніндегі жобалау институтының дирек­торлығына тағайындалды. Ара­ға бір жыл салып «Жер ресурс­тары және жерге орналастыру мемлекеттік ғылыми-өндірістік орталығының» Бас директоры лауазымына ие болып, осы мекемеге қатарынан он үш жыл мүлтіксіз жетекшілік етті.

Зайролла Дүйсенбекұлы осы тұста жер қатынастарын қай­та құру мен жер реформасын жүзеге асыруды негізге ала отырып, жер ресурстарын басқару, қорғау және оны тиімді пайдалануға ар­нал­ған ғылыми-өндірістік бағдарламалар, әдістемелер мен нормативтік құжаттарды әзірлеп шықты. Осындай кешенді, көп салалы және аса күрделі проблемалардың шешімін дайындау және оларды нарықтық экономиканың ауыспалы кезеңінде тұрған мемлекеттің, күнделікті арпа­лыстағы өндіріс саласына енгізу дарынды ғалымнан терең талдау, қарышты еңбек, қайыспас ерік және ерен ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуді талап еткенін және барлық міндеттерді өзіне тән табандылықпен орындап шыққанына халық куә. Зәкеңнің «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» атағын алуы және «Құрмет», «Па­расат» ордендерімен, Ұлттық Ғылым ака­демиясының Алтын медалімен алғашқылар қатарында марапатталуы – Отанымыздың аға­мызды қоғам мен мемлекет алдында сіңірген зор еңбегі үшін баға­лағандығының белгісі. 

Зайролла Дүйсенбекұлының ойшылдығының, матема­тика­лық категориялармен ойлау қасие­тінің, тынымсыз қажырлы да, қайратты ең­бегінің аса ірі нәтижелерінің бірі ретінде, қазіргі Тәуелсіз мемлекеттер­ достастығы елде­рінде әлі күнге дейін теңдесі жоқ «Қазақ­стан Республикасының Жер кадастрын және оның авто­маттандырылған ақпараттық жүйесін» мемле­кеттік инфра­құрылым ретінде өндірістік тәжірибеге енгізілуін баса атап өту керек. Осы жүйені енгізу барысында Зәкең «ақпарат­тық ғасырдың» талаптарын тереңнен түсініп, әлем дең­гейінде сараптама жүргізіп, өз уақытының құзар биігіне кө­терілді. Соның нәтижесінде, «Қазақстан Республикасының Жер кадастры және оның автоматтандырылған ақпарат­тық жүйесі» әлемдегі ең озық геоақпараттық технологияларды пайдалану негізінде дүниеге келді. Мысалы, Зайролла Дүйсенбекұлын айтпағанда, атқарған жұмыстың техникалық жетекшісі болған Жанат Алтаев­тың өзі аты әлемге әйгілі АҚШ-тың ESRI компаниясының лау­реаты атанды. Осы технология­ларды жоғары оқу орнына, дәлірек айтсам Зайролла Дүйсенбекұлының өзі оқып, ұзақ жылдар қызмет еткен қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университетіне енгізу барысында 2005 жылдан бастап тізе қосып, Зәкеңмен бірге еңбек ете бастадық. Ұстазымның жаңа технологияларға деген кіршіксіз құлшынысы мен пәктігі аталған университетте геоақпараттық технологиялар мен ғарыштық технологияларды оқу процесіне және ғылыми-өндірістік жұмыстарға енгізуге мүмкіндік туғызды. Ака­демик ағамыздың қолдауы бүкіл студенттер қауымын арқа­ландырып, оларды республика деңгейіндегі сайыстарда ең жоғарғы сатыларға шығарды және университеттің қатарынан алты ғылыми-зерттеу жобасын ұтып алуына себепкер болды. Геоақпараттық және ғарыштық технологияларды меңгерудің арқасында Қазақ ұлттық аграр­лық университетінің оқы­тушылары алыс шетелдерге барып (Англия, АҚШ, Гол­ландия, т.б.) тәжірибеден өтіп, біліктіліктерін көтеруге мүмкіндік алды. 

Ең алдымен өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының аяғында Зәкең әлемдік доданың алдыңғы қатарында Қазақстан тарихында алғашқы болып гео­ақпараттық жүйелерді пай­даланып, «Қазақстан Республикасының Жер кадастрын және оның автомат­тандырылған ақпараттық жүйе­сін» республикалық мем­лекеттік инфрақұрылым ретінде енгізе білді. Зайролла Дүй­сенбекұлының осы ерен еңбектен туған бастамасы оқулықтарға еніп, Қытай және ТМД елдерінде өнеге ретінде басшылыққа алынып, Қазақстан Республикасының беделін көтерді.

Ұстазыма 2010 жылы­ жо­ғарыда жасаған дайын­дық­та­рын жерге тастауға болмайтынын, «ақпараттық ғасыр­дың» ұлы көшінен қалмай «Қа­зақстан Республикасының Ұлттық кеңістіктік деректер Инфрақұрылымын» дайындап, жасап және дамыту­ жұмыстарын тоқтатпау керек­тігін айт­қа­нымда, еш ойлан­бастан келі­сі­мін беріп, қол­­дау көрсетуге да­йын­ еке­нін айтты. Содан бас­тап Зайролла Дүйсенбекұлы Қазақстан Республикасының Жерді қашықтан зондтау ғарыштық жүйесі және Қазақстан Республикасының жоғары дәлдіктегі жерсеріктік навигациялық жүйесінің жерүсті құрылымы сияқты ғарыштық технологияларды өмірге дайындап жатқан «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамына «Қазақстан Республикасының Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымын» дайындауға қолғабыс жасады. 

Мысалы, 2013 жылы академик ағамыз­дың тікелей қатысуымен «Қазақстан Респуб­ликасының Ұлттық кеңістіктік деректер­ ин­фра­құрылымын 2020 жыл­­­ға дейін дайындау және­ дамыту концепциясы» жаса­лын­ды. Ал 2014 жылы Зай­ролла Дүйсенбекұлының ке­ңес­терін пайдалана отырып менің жетек­ші­лігіммен атқа­рылған ғылыми жұмы­с­­тары­мыз «Қазақстан Республикасының Ұлт­тық ке­ңістіктік деректер инфра­құры­лы­мының» аудан көлемінде қалай жасалатынын жан-жақ­ты көрсетіп берді. Бұл атқарылған еңбек­тер өте нәтижелі болып «кеңістіктік деректер» және «кеңістіктік деректер инфра­құры­­лымы» деген түсініктер алғаш рет «Қа­за­қстан Республикасының ғарыш туралы заңына» енгізілді. Енді мемлекеттің алдында қажетті қаражат бөліп, «Қазақстан Рес­публикасының Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымын» жасау ғана тұр. 

Зәкең өзінің ерекше біткен ойлау жүйесінің арқасында кеңістіктік-уақыттық деректер инфрақұрылымының негіздері, оны қалай жүзеге асыруға болатыны туралы емін-еркін пікір алмасып оты­рады. Солардың бірі 2015 жылы әлемде жа­ңа туған, кеңістіктік-уақыттық деректер инфра­құрылымын жасау арқылы орындалатын, «үшінші жасыл революция» атанған, толығымен сан­дық технологиялардан тұратын «ақылды» немесе «smart» ауыл­ шаруашылығы. Бүгінде Зай­ролла Дүйсенбекұлы әзірге жаңалығы жағынан теңдесі жоқ «ақылды ауыл шаруашылығын» еліміздің агроөндірістік кешеніне енгізу­дің жолдарын іздестіруде. 

Міне, зымыран уақыттың жетегіндегі қым-қиғаш тірліктен еш уақытта шет қалмай, заман ағымымен қолтықтаса араласып, көш­басшылар қатарында жүретін Зайролла Дүй­сенбекұлының үнемі ұлтжандылық сипатын, елі үшін ерінбей еңбек еткен ерен тұлғасын, кейбіреулерге ұқсап жұрт алдында бос даурыққан жел сөзбен емес, іргелі ең­­бе­гімен, ғылыми ауқымды ұлан-ғайыр істе­рімен, парасатқа толы мінезімен көрсете біле­тіндігінің куәсі болып келеміз. 

Ақылбек КҮРІШБАЕВ, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор

АСТАНА