Телемедицина денсаулық сақтау саласындағы цифрлы бағыттардың бірі болып табылады. Бұл – медициналық ақпаратты қашықтан беру немесе «дәрігер-пациент», «дәрігер-дәрігер» консультацияларын өткізуді оңтайландыру және өңірлік деңгейде денсаулық сақтау саласы үшін қолжетімді көмек беру мүмкіндіктерін ашады.
Бүкіл әлемде телемедициналық қызметтер белсенді түрде 80-90 жылдары енгізіліп, жақсы нәтижелерін көрсеткен. Қазіргі таңда, цифрландыру дәуірінде телемедицина медицина саласында ескірген технологияларға жатады. Осыған қарамастан, мысалы АҚШ-та, клиникалардың 30 %-нан астамы қашықтан берілетін консультациялар жүйесін пайдаланса, дәрігерлердің 50 %-нан астамы «дәрігер-дәрігер» форматында телемедициналық консультацияларды күн сайын пайдаланады екен. Бұл елдерде телемедицинаны пайдаланудың заңнамамен реттелетіні де аса маңызды. АҚШ-та электрондық денсаулық сақтау саласының бір бөлігі ретінде телемедицина саласындағы нормативтік актілердің қабылданғанына 10 жылдан астам уақыт өтті, ал Ресейде заң осы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді.
Қазақстанда телемедицина 2004 жылдан бастап «Ауылдық жерлерде денсаулық сақтау саласындағы мобильді және телемедицинаны дамыту» жобасы аясында дамыды. Телемедицина орталықтары санының өсу динамикасы мынадай: егер 2004 жылы 14 телемедицина орталығы болса, қазіргі уақытта олардың саны 204-ке жетті, олардың ішінде: 145-сі аудандық ауруханаларда, 37-сі облыстық және қалалық ауруханаларда; 25-сі республикалық ғылыми-зерттеу орталықтарында орналасқан.
Елді мекендердің едәуір алшақ орналасуын және жоғары мамандандырылған кадрлардың тапшылығын ескерсек, іс жүзінде телемедицина Қазақстан үшін өте қажет, әрі өзекті. Телемедицинаның дәрігерлер үшін қандай жағдайларда, қаншалықты қажет екенін айтып өткім келеді. Біріншіден, шалғайда орналасқан ауруханаларда кейбір қиын, шұғыл, ауыр операциялар кезінде аудандық бөлімшелердегі дәрігерлердің білімі мен біліктілігі жете бермейді. Осындай жағдайда оларға әлдеқайда біліктілігі жоғары әріптестерінің көмегі өте қажет. Сондықтан бұл әдіс орталықтағы жоғары дәрежелі хирургтердің, медицина профессорларының телемедицина арқылы сол операцияларға қатысуына мүмкіндік беріп, сәтті аяқталуына септігін тигізер еді. Екіншіден, білікті мамандар реанимация бөліміндегі ауыр халде жатқан науқастарға өз кеңесін беріп, дәрігерлердің консилиуміне қатысып, ем жолдарын нақтылап көрсете алады. Үшіншіден, телемедицинаны пайдалана отырып, біліктілігі жоғары хирургтер іс жүзінде студенттер мен жас ординаторларға қиын операциялардың қалай өтетінін көрсетіп, барынша олардың тәжірибесі мен кәсіби шеберлігін арттыруға өз үлестерін қосатыны сөзсіз.
Өкінішке қарай, елімізде мұндай мүмкіншіліктер жоқ, сондықтан хирургия мен реанимация бойынша бірде-бір консультация өткізілмеген. Себебі біздің телемедициналық құрылғылар ауруханалардың кішігірім бөлмелерінде орналасқан, әрі қарай операция мен реанимация бөлімдеріне жеткізілмеген. Ал Американың тәжірибесін қарайтын болсақ, цифрлы медицинаны дамытудың нәтижесінде телемедицинаның көмегімен консультация берілетін операциялардың 90 %-ы сәтті аяқталады екен.
Бізде көп жағдайда телемедицина ауру тарихының, ЭКГ, УЗИ, рентген деректерінің қағаздағы үзінді көшірмелерін электронды түрге көшіруді және оларды республикалық орталықтарға жіберуді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ телемедицина бейнеселекторлық кеңестер, республикалық штабтар, үйлестіру кеңестерін, телелекциялар, оқыту семинарларын өткізу үшін пайдаланылады. 2017 жылы Денсаулық сақтау министрлігі өңірлермен 421 бейне-конференц байланыс сеансын өткізгенін хабарлайды. Мұндай конференциялар мен бейнеселекторлық кеңестерді қымбат телемедицина арқылы емес арзан, қарапайым онлайн режімінде немесе скайп арқылы өткізуге болар еді. Сондықтан біз телемедицинаны енгізу кезіндегі қаншама қаржы бөлінсе де алдымызға қойған мақсаттарға қол жеткізе алмадық. Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша, жұмыс істегелі бері шамамен 3 млрд теңге (2 849 159 102 теңге) сомаға 188 298 телемедициналық және бейне-консультациялар ұсынылған. Қаржыландыру республикалық бюджет есебінен ғана емес, жергілікті бюджет есебінен де жүзеге асырылған. Мәселен 204 қондырғының 22-сі жергілікті бюджет қаражаты есебінен іске қосылған.
Сондықтан қолданыстағы телемедицина қызметі бағдарламасын оның нысаналы мақсатын ескеріп, қазіргі заманғы технологияларға сәйкес қайта қараған жөн деп есептейміз.
Зәуреш АМАНЖОЛОВА, Мәжіліс депутаты