Қазақстанда өткен жылы ас тұзы экспортының күрт өсуі тіркелді. 11 ай ішінде шет елге 6,3 млн АҚШ доллары сомасына 85 мың тоннаға жуық минерал жөнелтілді. Тауардың басым бөлігі Ресей Федерациясы мен Қырғызстан еліне сатылған.
Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, 2018 жылдың 11 айында экспортқа 102 мың долларға 3 мың тонна шығарылған екен.
Естеріңізде болса, өткен жылдың күзінде интернетте қазақстандық тұзда белгісіз қоспалар, оның ішінде шыны бар деген ақпарат таралған еді.
Өндіруші «Славяночка» тұзында табиғи минералдардан тұратын ерімейтін тұнба барын және ол адам ағзасына қауіпсіз екенін мәлімдеп ресми ақпарат берген.
Сондай-ақ ЕАЭО аумағында таралатын барлық ас тұзын тәуелсіз аккредитациясы бар зертханалар тексеріп, сәйкестік декларациясын беріп отырады.