• RUB:
    6.39
  • USD:
    518.53
  • EUR:
    588.17
Басты сайтқа өту
Сараптама 18 Желтоқсан, 2024

Әйел мәртебесі: Кешеден бүгінге дейін

121 рет
көрсетілді

«Қыздың жолы – жіңішке» дегендей, халқымыз қашанда қыз баланың тәрбиесіне, оның өсіп-өнуіне, отбасы мен қоғамдағы рөліне ерекше көңіл бөлген. Еліміз дәстүрі­міздегі осынау бай рухани мұраға арқа сүйеп, заман талабына сай қыз-келіншек, әйелдер­дің өз әлеуетін барынша ашуына мүмкіндік туғызатын саясат жүргізіп келеді.

Көрсетілген инфографика елімізде әйелдер мәртебесін көтерудің тарихи белестерін Тұңғыш қыздар училищесінен бастап, қазіргі заңнамалық өзгерістерге дейін суреттейді. Бұл тарихи жолдағы әр қадам әйелдердің қоғамдағы рөлінің біртіндеп нығая түскенін айшықтайды.

1991 жылы Тәуелсіздігімізге қол жеткізгеннен бас­тап біз өз бағытымызды дербес анықтауға мүмкіндік алып, әйел мәртебесін ұлттық саясаттың маңызды бағыты ретінде дамыта түстік. Республикамыз қол қойған халықаралық келісімдер мен әзірлеген ұлттық стратегия-жоспарлар әйелдердің саяси, экономикалық және қоғамдық өмірге белсенді әрі тең қатысуының құқықтық негізін бекітті.

Осы жұмыстың маңызды қадамы ретінде 2023 жылдың қараша айында «Amanat» партиясы Әйелдер қанатының құрылуын атап өтсе болады. Оның миссиясы – әйелдерді барлық деңгейде қолдау, олардың әлеуетін ашуға жәрдемдесу және дамуына кедергі келтіретін тосқауылдарды жою. Әйелдер қанаты білім, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, ерекше қажеттіліктері бар жандарды қолдау, құқықтық қорғау және гендерлік стереотиптерден арылу бағытындағы жобаларды белсенді іске асырып келеді. Әсіресе ауылды жерлердегі әйелдерді қолдауға, кәсіби мансап пен отбасылық міндеттерді үйлестіруге жағдай жасауға, сондай-ақ қоғамның үйлесімді дамуының негізі – отбасылық құндылықтар мен ана рөлін нығайтуға баса назар аударады.

Әйелдер қанаты бүкіл қоғамның дамуына сүбелі үлес қосуға талпынады. «Балаңа уақыт арна!», «Әйел аманаты» және «Томирис» жобалары әйелдердің өмірде кезігетін қиындықтарды жеңіп, өз қабілеттерін ашуға көмектеседі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Мемлекет әрдайым гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге, әйелдердің құқықтарын қорғауға және отбасылық құндылықтарды нығайтуға ерекше назар аударады. Әйелдердің әл-ауқаты – ұлтымыздың жарқын болашағының кепілі».

 

Шолпан Каринова,

«Amanat» партиясының хатшысы,

Әйелдер қанатының төрайымы