• RUB:
    6.6
  • USD:
    518.37
  • EUR:
    609.97
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Қаңтар, 2025

Үйде дүниеге келген егіз

371 рет
көрсетілді

2024 жылы атыраулық фельдшерлер 49 жүкті ананың өз шаңырағында босануына қолұшын созды. Сондай оқиғаның бірі жақында тағы қайталанды.

Атырау облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы директорының орынбасары Наргиз Абдрахманованың мәліметінше, диспетчерлер пультіне жүкті әйелден шақырту түсіпті. Соған байланысты №9 бригаданың фельдшерлері Эльвира Каримова мен Қанат Жексенбаев шақырту беріл­ген мекенжайға жеткенде, жүкті әйелдің толғағы бас­талған. Фельдшерлер жүкті ана­ны үйінде босандырып, егіздің кіндігін кесті. Содан соң облыстық перинаталдық орталыққа жеткізді.

Фельдшер Эльвира Кари­мова жедел жәрдем стансасында 11 жылдан бері жұмыс істейді. Ал жас фельдшер Қанат Жексембаевтың бұл саладағы жұмысын бастағанына бір жылдан асыпты.

«Біз шақыртумен науқас­тардың мекенжайына жиі барамыз. Бірнеше жүкті ананың үйінде босануына көмек бердік. Алайда егіздің үйде өмірге келуі ал­ғаш рет тіркеліп отыр. Мұндай жағ­дайда қобалжу болады ғой. Деген­мен жүкті ананың егіз қызды аман-есен босануына атсалыстық. Бірін­­шісінің кіндігін кесіп болған сәтте, екіншісі де өмірге келді. Бұл – 2024 жылдың ұмыт­ыл­май­тын ерекше оқиғасы», дейді Э.Кари­мова.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 42 жастағы әйел егізді жүктіліктің 37-аптасында өмірге әкелген. Егіз қыздың салмағы бірдей емес. Бірінің салмағы – 2061, екін­шісінің салмағы 2272 грамм. Бі-р­а­қ екеуінің бойы бірдей – 47 см.

«Егіздің анасы бұған дейін 5 баланы босанған. Енді оның отбасы тағы 2 сәбимен толығып отыр. Қазір егіз сәбидің де, ана­сының да жағдайы жақсы, олардың өміріне төніп тұрған қауіп жоқ. Әзірге дәрігерлердің жіті бақылауында болады», деп мәлімдеді басқарманың бас­пасөз қызметінен.

 

Атырау облысы