• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Әскер 17 Қаңтар, 2025

Әскер – өмір мектебі

106 рет
көрсетілді

19 қаңтарда Қорғаныс министрлігіне қарасты құрылымдардың офицерлері Әскери тәрбиешілер күнін атап өтеді. Әскер – ең алдымен өмірлік тәрбие мектебі. Қолына қару ұстап, ант берген әрбір жауынгер ел мен жерді сүюдің, патриотизм мен рухани-адамгершілік құндылықтардың үлгісін паш етуге тиіс. Ал мұның бәрі әскери-патриоттық тәрбиенің арқасында бойға дариды.

2023 жылы 5 мамырда өткен Бүкіл­армиялық кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Әскерде жүр­ген жастарымыз нағыз сарбаз, нағыз маман болып шығуы – міндет. Олар өс­келең ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс», дегені белгілі. Әскери-патриоттық тәрбие – күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе. Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаевтың айтуынша, осы орайда еліміздегі «Жас сарбаз» әскери-патриот­тық қозғалысының сыныптары мен клубтарының маңызы айрықша. Ол жерде жас жеткіншектеріміз әскери өмірдің қыр-сырына ерте жастан дағдыланып, темірдей тәртіпке бой үйретеді. Әскерге шақырылғанда оның өмір салтына пси­хологиялық және физикалық тұрғыда да дайын болып келеді.

Баланың бойындағы елшіл сезім, отансүйгіштік қасиеттер мектеп жасында қалануға тиіс екенін айтқан министр орынбасары мектеп бағдарламасындағы «Алғашқы әскери дайындық» пәніне тоқталды. Оның айтуынша, алдағы уақытта осы пәнге қатысты бірқатар мәселе өз шешімін таппақ. Себебі қазіргі таңда оқытылып жатқан пән мазмұны көңіл көншітпейді.

«Сабақ беретін мұғалімдердің тә­жірибесі жеткіліксіз. Біз оның бағдар­ламасын қарап, кемшін тұстарын анық­тап, Оқу-ағарту министрлігіне ұсыныс ретінде жолдадық. Министрлік жаңа білім стандарты қабылданған соң, келер жылы «Алғашқы әскери дайындық» оқулығын жаңартып, қайта жазып шығуға келісім беріп отыр», дейді ол.

Жалпы, әскердің тартымдылығын арттыру үшін елімізде қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Жас жеткіншектерді әскерге баруға қалай қызықтыра аламыз? Біз бұған дейін мерзімді әскери қызметшілер үшін «несиелік демалыс» берілетіні, оқу-жаттығуды үздік аяқтағандар үшін жоғары оқу орындарына тегін оқу гранты берілетіні жайында жазғанымыз бар. Ал одан бөлек, қолға қару ұстап, жауынгер болу, оқалы киім киіп, әскери қызметші атану жасөспірімдер үшін қызығатын мамандық па? Осы орайда генерал-майор Ш.Жазықбаев аға буын өкілдерінің әскер тақырыбында жазылған әдеби шығармалардың кейіпкерлеріне еліктеп өскенін, бұл оларды осы салаға қызметке келуіне түрткі болғанын айтады.

«Біздің көбіміз көркем әдебиеттегі қаһармандарға еліктеп, солардай болсақ деп өстік. Алдымызға арман қойдық. Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдатындағы» Қай­рош талай қазақ баласының намысын жанымады деп кім айта алады? Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романындағы Ербол бейнесі де талай баланы төсегінде дөңбекшітті. Тахауи Ахтановтың «Қаһарлы күндері» сұрапыл соғыстағы ерлік пен қажырды суреттейді. Бауыржан Момышұлының еңбектері мен ол кісі туралы жазылған шығармалар талай бозбаланың офицерлік жолды таңдауына әсер еткенін білеміз. Бірақ мұның бәрі аға буын пір тұтқан тұлғалар еді. Өз кезінде бұл туындылар қуатты идеологиялық қызмет атқарды. Ал бүгінде дәл осындай деңгейдегі әдеби туын­дылар неге жоқ? Кейбіреулер бәлкім әскерде сүбелі шығармаларға кейіпкер боларлық тұлға жоқ деп ойлайтын шығар. Алайда, шын мәнінде, қазір де кейінгі жасқа үлгі болар бүгінгінің батырлары аз емес», деген ол бірқатар нақты мысалға жүгінді.

Мәселен, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары тәжік-ауған шекарасында қызмет атқарған жауынгерлеріміз, Иракта бітімгерлік миссияға қатысып, жерін минадан тазартқан офицерлеріміз бен сарбаздарымыз жөнінде әңгімеледі. Иракта жүріп мерт болған капитан Қайрат Құдабаев та әдеби кейіпкер бола алады. Оның арманы, Ирак жеріне барғанда көңілге түйгені, жолдарды, алқаптарды мина мен жарылғыштардан тазартудың қиындығы, сапердің психологиялық күйі, қысқасы тақырыпты қолға алса, бәрі де әдеби шығармаға сұранып тұр. Отқа оранған үйдің тұрғындарын құтқарған Халық қаһарманы Азамат Жұмаділовтің ерлігін ешкім ұмыта қойған жоқ. Күні кеше Ақтаудағы ұшақ апатында да зардап шеккендерге алғашқы болып көмекке жеткен әскери қызметші екен. Жүргізушісі есінен танып қалған автобус­ты тоқтатқан мектеп оқушысы Ақжол Герой да – мақтанышымыз. Осындай мысалдар аз емес. Егер жаңа заманның батырлары жайында романдар мен хикаялар жазылса, өз оқырманын табарына шүбә жоқ.

Әскердегі тәртіп пен тәрбие туралы әңгіме қозғалса, халықтың сана­сында қатталып қалған әлімжеттік мәсе­лесі бірден ойға оралады. Ш.Жазық­баевтың айтуынша, 2025 жылға дейін жүзеге асқан «Өміріңді сақта» ведом­ство­аралық бағдарламасы аясында осы келеңсіздікті жою бойынша алдын алу шараларының барлық кешені жүзеге асып, психологиялық, идео­логиялық және патриотизмге тәр­биелеу сияқты көптеген бағытты қам­тыған. Атап айтқанда, бөлімдердегі жеке құрамды бақылау «Серіктес», «Пирамида» және «Жауынгерлік дос» жүйелері арқылы жүзеге асырылған. Профилактикалық онкүндіктер, акция­лар, айлықтар, анонимді сауалнама жүргізу, психологиялық тренингтер өткі­зумен қатар, Қорғаныс министрлігінің мобильді топтары алдын алу жұмыстарын ұйымдастыру мақсатымен әскери бөлім­дердің командирлеріне әдістемелік көмек көрсетіп отырыпты.

«Қазіргі уақытта негізгі күш-жі­гер әскери қызметшілердің жеке жа­уап­­кершілігін, олардың құқықтық сана деңгейін, мәдениеті мен мінез-құлық этикасын арттыруға жұмсалып отыр. Былтыр Қорғаныс министрлігі әзірлеп, енгізген профилактикалық жұ­мыстың ішінде «Оқиғалар мен құқық бұзушылықтардың профилак­тикасы әдістемесін», «Әлеу­меттік тәуекел­дер картасын», «Әскери тәртіпті ны­ғай­ту жөніндегі лауазымды адамдар жұ­мысының үлгілік алгоритм­дерін» (бөлімше командирінен бригада ко­мандиріне дейін) атап өткен жөн», дейді вице-министр.

Осы орайда Ш.Жазықбаев «Сарбаз аналары» комитетімен өзара іс-қимылды армиядағы профилактикалық қызметтің бір аспектісі ретінде атады. Бұл қоғамдық ұйым өкілдеріне сарбаз қызметінің барлық кезеңінде, атап айтқанда әскерге шақырылған сәттен бастап, запасқа шығарылғанға дейін есік ашық. Оларға әскери бөлімдердің инфрақұрылымымен, мерзімді қызметтегі әскерилердің моральдық-психологиялық жай-күйі­мен, тұрмысымен және қызмет өткеру жағ­дайымен танысуға, жеке әңгімелесулер, семинарлар мен тренингтер, сауалнамалар мен салтанатты іс-шаралар өткізуге, ұсыныстар енгізуге мүмкіндік берілген. Сондай-ақ әскерге шақыру және меди­циналық комиссиялардың жұмысы ке­зінде барлық әскери бөлімге, сондай-ақ облыс­тық (қалалық, аудандық) жинау пункт­теріне кедергісіз кіруге рұқсат етілген.

«Әскерде болып, өмір мектебінен өткен кез келген адам алдымен тәртіп пен жауапкершілікке үйренеді. Сындарлы сәтте өзіне сенімді болады. Қайталап айтамын, әскер дегеніміз – өмір мектебі. Ол – мектеп жастарды отаншылдыққа тәрбиелеп, әскери саланың негізін үйрететін, ер жігітті есейтетін орта. Уақытының басым бөлігі жауынгерлік дайындықтан тұратын әскери өмір бозбаланың ерік-жігерін жанып, намысын оятады. Азаматтық өмірде жеңіл-желпі әрекеттерге үйренген жастарымыз қиындық көрмей өседі. Сол себепті әскерден жалтарудың ретін іздейді. Біз ел қорғайтын азаматтарды тәрбиелейміз. Ал еліне қорған боламын деген жігіт әскер қатарындағы бір жылда көбіне жауынгерлік дайындықпен айналысады. Бұл дегеніміз – біріншіден, елдің жұ­мылдыру ресурсы. Мұны дұрыс түсіне білетін жастар бізде аз емес деп білемін. Олай болса, Отан қорғау деген абыройлы міндетке адал болғанға не жетсін?» дейді генерал-майор.

Ш.Жазықбаев әскери қызметшілерге жасалып жатқан әлеуметтік-тұрмыстық жағдай, соның ішінде еңбекақы мәселе­сіне айрықша тоқталды. Оның айтуын­ша, осы жылдың басты жаңалығы – жеті мемлекеттік орган, атап айтқанда, Қорғаныс, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министр­ліктері, Бас прокуратура, Қар­жы мониторингі мен Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, сондай-ақ Мемлекеттік фельдъегерьлік қызмет еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйе­сіне көшкен. Егер бұрын әскери қызмет­шілердің еңбекақысын төлеу 78 тариф­тік санатпен жүзеге асырылса, енді бірың­ғай тізіліммен 22 позиция бойынша жүр­гізіледі. Бұл жалақы жүйесін едәуір жеңілдетеді және бар диспропорцияларды жояды.

Еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне көшу 2025–2026 жылдар ішінде екі кезеңде іске асырылмақ. Осы жылдың 1 қаң­тарынан бастап офицерлер құрамының лауазымдық жалақысы – орта есеппен 20,3%-ға, батальон командирі – 28,2%-ға, қатардағы және сержанттық құрам – 33,9%-ға, бөлімше командирі – 43,1%-ға, полк сержанты 54,3%-ға артты.

«Екінші кезеңде, 2026 жылы 1 қаң­тар­дан бастап офицерлер құра­мының лауазымдық жалақысы бірінші кезеңдегі жоғарылату деңгейінен орта есеппен 23%-ға артады. Қатардағы және сержанттық құрам алдыңғы өсімнің 10%-ға өсуін күтеді. Осылайша, екі жылда Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар әскери қызметшілерінің лауазымдық айлықтары орташа есеппен 48,2%-ға артпақ», деді министр орынбасары. 

Соңғы жаңалықтар