Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті жүргізген талдаудың нәтижесінде еліміздегі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 1000-нан аса ұйымның тек 72,3 пайызы қойылған талаптарға сәйкес келетіні анықталды. Сондықтан биылдан бастап осы саладағы ұйымдар үшін міндетті лицензиялау жүйесін енгізудің өзектілігі туындап отыр.
Арнаулы әлеуметтiк қызмет – өмiрлiк қиын жағдайда жүрген адамға (отбасына) туындаған әлеуметтiк проблемаларды еңсеруге қажет жағдайларды қамтамасыз ететiн, оларға басқа азаматтармен бiрдей қоғам өмiрiне қатысу мүмкiндiктерiн жасауға бағытталған шаралар кешенi. Бүгінде елімізде мүгедектігі бар 730 мыңнан астам адам тұрады. Салалық кодекстің қабылдануымен әлеуметтік қорғау инспекторларының мемлекеттік институты енгізілді. Заңнаманың сақталуын бақылайтын инспекторлар өткен жылы мүгедектігі бар адамдарға ғимараттардың қолжетімділігін қамтамасыз ету бөлігінде 2,3 мыңнан астам тексеру, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жөнінде 167 тексеру жүргізген. Қорытындысында орындалуға міндетті 949 ұйғарым беріліп, 215 млн теңгеден астам сомаға 961 әкімшілік айыппұл салынды.
Соңғы жылдары елімізде мұндай қызметтерге қажеттіліктің өсуі мемлекет алдына тиісті сапа мен қолжетімділікті қамтамасыз ету міндетін қояды. Лицензиялау туралы шешім ұсынылатын қызметтердің сапасын бақылауды күшейту, азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында қабылданды. Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін барлық меншік нысанындағы ұйымдарды лицензиялау мәселесі жергілікті атқарушы органдармен, ҮЕҰ-мен бірлесіп алдын ала пысықталған. Шара арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін жаңғырту кезеңдерінің бірі бола отырып, ұйымдарға бірыңғай стандарттарды белгілеуге бағытталған. Бұл стандарттар азаматтардың әлеуметтік мекемелерде тұру жағдайларына, қауіпсіздікті сақтауға, медициналық көмек көрсетуге, сонымен қатар қызметкерлердің біліктілігіне қатысты болады. Мысалы, қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған интернат-үйлерде күтімнің, тамақтанудың, медициналық қызмет көрсетудің ең төменгі стандарттары қамтамасыз етілуге тиіс. Лицензия алу үшiн санитарлық нормалар мен өрт қауiпсiздiгi ережелерiне сәйкес келетiн ғимараттың, оған халықтың қозғалысы шектеулі тобының қолжетімділігінің, қажетті материалдық-техникалық базаның, мамандар штатының болуы шарт.
Ұйымдарды лицензиялау мүгедектігі бар адамдар мен қызмет алушылардың өзге де санаттарын әлеуметтік оңалтудың тиімділігін арттырып, оларды әрі қарай қоғам өміріне ықпалдастыруды, саладағы олқылықтарды жоюды көздейді. Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұловтың айтуынша, осы қызметтерді көрсететін ұйымдардың меншік нысанына қарамастан, қызмет сапасын тиісті деңгейге көтеретін кез әлдеқашан жетті. Өткен жылы осындай орталықтың бірінде болған қайғылы оқиғаны еске түсірсек жеткілікті. Онда жағдайдың талапқа сай болмауынан балалар уланды. Жүргізілген кешенді тексерудің қорытындысы ұйымда мүгедектігі бар балалардың құқықтары өрескел бұзылғанын көрсетті. Мәселен, тұрмыстық қызметтер толық көлемде көрсетілмеген, тамақтандыру, төсектік орын, киім, аяқкиім берудің ең төменгі нормалары бұзылған, скринингтік тексерулер өткізілмеген.
Жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік арнаулы қызмет көрсету орталықтарының белгіленген талаптарға сай болуын қадағалауды қолға алды. ҮЕҰ ұсынатын үкіметтік емес сектор ұйымдарының ішінен өрт қауіпсіздігі актілері жоқ 86 нысан анықталды, 70-нің СЭС қорытындылары болмаған, 87 ұйымның ғимараттарында мүгедектігі бар адамдарға қолжетімділік қарастырылмаған. Т.Оспанқұлов әкімдіктермен, ҮЕҰ-мен лицензиялауға дайындық мәселелерін пысықтауды жалғастырып, лицензия беруден бұрын бақылаудан өткізу кезінде қажетті кеңес берілетінін атап өтті.
Арнаулы әлеуметтік қызметтің деңгейі ұйымдардың белгіленген талаптарға сәйкестігімен қатар, қызметкерлердің кәсіби біліктілігіне де байланысты. Егде адамдарға немесе мүгедектерге күтім жасайтын қызметкер тренингтер мен біліктілікті арттыру курстарынан тұрақты өтуге тиіс. Қазіргі күні еліміздің халықты әлеуметтік қорғау саласында 12,7 мың әлеуметтік қызметкер жұмыс істесе, олардың 12 пайызының ғана бейінді білімі бар. Ал 88 пайызы медицина, педагогика, экономика, тағы басқа саладан келген. Сондықтан әлеуметтiк мекемелер мен жекеменшiк ұйымдардың қызметкерлерiне арналған ақпараттық науқандар, оқыту бағдарламаларын ұйымдастыру қажет. Маңызды өзгеріс – биылдан бастап кәсіби құзыретіне қатысты барлық дерек көрсетілетін Әлеуметтік қызметкерлер тізілімі енгізіледі. Кадр сапасын көтеру үшін тиісті талаптарды белгілейтін кәсіби стандарт әзірленген. 8,3 мыңнан астам әлеуметтік қызметкер бейінді оқытудан өтіп, сертификат алды. Сондай-ақ енді қызметкерлер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі меморандумға қол қойған мамандандырылған кафедралары бар 14 ЖОО базасында қайта даярлау мен біліктілігін арттырудан өте алады.
Қазір жергілікті атқарушы органдар арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетудің мемлекеттік орталықтарын белгіленген нормаларға сәйкестендіру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Әрине, саладағы үдеріс әлеуметтік қызметтер нарығына әсер етпей қоймайды. Көптеген шағын және орта ұйым үшін бұл қосымша қаржылық шығындарға әкелсе де, алдағы уақытта неғұрлым бәсекеге қабілетті, ашық нарықты қалыптастыру, қызметті жоғары стандарттармен ұсыну одан маңыздырақ болса керек. Бұл тұрғыда әлеуметтiк қызмет көрсетумен айналысатын шағын және орта ұйымдарға кедергi келтірмеу үшiн лицензиялаудың жеңілдетілген жүйесiн енгiзу қарастырылған. Яғни мекемелердің қажетті талаптарды сақтай отырып, шамадан тыс әкімшілік қысымсыз жұмыс істеуіне мән беріледі. Бақылаудың нақты тетiктерi жеке және қоғамдық ұйымдардың әлеуметтiк қызмет көрсетудi ұсынуға неғұрлым белсендi қатысуын ынталандырып, әлеуметтік саланы дамытуға мүдделі инвесторларға жаңа мүмкіндіктер ашады. Бастысы, шара адал қызмет көрсетушiлер үшiн қосымша бюрократиялық кедергiлердiң көзiне айналмағаны ләзім.
Ұйымдарды лицензиялау бірінші кезекте көрсетілетін АӘҚ сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, екіншіден, мүгедектігі бар адамдарды, көрсетілетін қызметті алушылардың өзге де санаттарын қоғам талабына бейімдеп, әлеуметтік оңалтудың тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталады.