• RUB:
    6.52
  • USD:
    512.44
  • EUR:
    593.15
Басты сайтқа өту
Тағзым 21 Қаңтар, 2025

Жазушы мұрасы ұлықталды

80 рет
көрсетілді

Таяуда Атбасар қаласында көрнекті қаламгер Ілияс Есенберлиннің туғанына 110 жыл толуына орай жазушының рухына тағзым етіліп, ескерт­кішіне гүл шоқтары қойылды.

Жазушының туған жері Атбасар қаласындағы қаламгердің атындағы музей ұжымы мазмұнды шара ұйым­дас­тырды. Музей директоры Ұлбо­сын Даниярқызы әдебиет әлемін әспет­тейтіндерге жампоз жазушының рухани әлемімізге қосқан орасан зор үлесі туралы таратып айтып берді. Му­зейде көптеген құнды жәдігер бар. Перзенттері тапсырған жазу үстелінде қазақ халқының өткен дәуірінің маңызды тұстары қамтылған белгілі шығармасы «Көшпенділер» трилогиясы өмірге келіпті. Осы атақты шығармаға жарығын түсірген жазушының жарықшамы да бүгінде музейдегі сол үстелдің үстінен орын алған. Музей қорында жазушының таспаға түсірілген өз дауысы, «Мұхиттан өткен қайық» романының қолжазбасы, қолданған жеке заттары мен кітаптары және домбырасы сақтаулы тұр.

Атбасар қаласындағы орталық алаңнан бой көтерген Ілияс Есенбер­линнің ескерткіші 2015 жылы ашылған. Бүгінде аймақтың тарихи-мәдени өмірінде өзіндік орны бар бұл компо­зиция құрылысына жазушының ұр­пақтары мен жалпы руханият жанашырлары демеушілік еткен. Аудан­дық мәслихат төрағасы Нұржан Рахымов салтанатты шарадағы сөйлеген сөзінде Ілияс Есенберлин мұрасының ұлт тарихындағы алар орнына тоқталып, жазушының қайраткерлік істерінің жарқын тұстарын атап өтті.

Ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімінен соң шара қатысушылары әдеби музей залдарына экскурсия жасап, «Жазушы. Азамат. Патриот» тақырыбындағы жиынға қатысты.

 

Ақмола облысы,

Атбасар ауданы