• RUB:
    6.46
  • USD:
    510.19
  • EUR:
    582.79
Басты сайтқа өту
Денсаулық 21 Қаңтар, 2025

Ауырмайтын жол іздеген жөн

206 рет
көрсетілді

Кардиологтер пациенттерге жүрек саулығына жүре қарауға болмайтынын үнемі айтып, ескертіп отырады. Өйткені бұрын ересектерде ғана кездесетін небір емі күрделі аурулар жасарып барады, жас талғамайды. Астана қаласы әкімдігіне қарасты №8 қалалық емхананың кардиолог дәрігері Зүбилә Көпейқызының пікірі де осыған саяды.

Дәрігер Қожа Ахмет Ясауи атындағы университет­тің медицина факультетін ем­деу ісі ма­мандығы бойынша тәмам­даған. Жоғары білім алған соң ауылда, қалада жалпы тәжірибе дәрігері болып еңбек еткен. Кейін, 2011 жылы, Астана медицина уни­верситетінде кардио­логия ма­мандығы бойынша білік­ті­лік­ті арт­тыру курсынан өт­кен. Сол жылы №8 қалалық емха­наға кар­­­­­дио­лог дәрігер болып жұ­мыс­­­­қа орналасып, күні бүгінге де­­йін бір ұжымда еңбек етіп ке­­ле­ді. Пациенттерге жүрек ауру­ла­рының алдын алуға жәр­дем­деседі. Жалпы тәжірибе дәрі­герінің нұсқауымен келген нау­қас­тардың қандағы холестерин дең­гейі артық болса, ем таға­йын­дайды.

– Бізге көбіне қандағы холес­терин деңгейі жоғарылаған пациенттер келеді. Оларға тиісті ем тағайындап, араға үш ай салып, қайта қан тапсыруға нұсқама береміз. Себебі қазір жүрек­тің барлық ишемиялық ауруы­на қандағы май деңгейінің жо­ғарылауы тікелей әсер етеді. Мұ­ның алдын алу үшін әрбір адам жыл сайын қан тапсырса, артық етпейді. Неге десеңіздер, 2011 жылы кардиолог болып жұмысқа орналасқан шақта жүректің созылмалы жетіспеушілігімен ауыратындар некен-саяқ кездесетін. Қазір байқағаным, отыздан енді асқан азаматтардың өзі осы ауруға шалдығатын болған. Сондықтан біз пациенттерді ауырмайтын жол іздеуге шақырамыз. Медицина мен ғылымның дамуы ауруларды емдеуден оның алдын алу шаралары маңыздырақ екенін терең ұқтырады, – дейді кардиолог дәрігер.

Статистикаға жүгінсек, жүрек-қан тамырлары ау­ру­лары, қант диабеті сияқты дерттен болатын өлім-жітім өсіп келе жатыр. Бұл бізде ғана емес, бүкіл әлемде орын алған құбылыс. Араға ондаған жыл салып, бұрын елемеген аурулар күшіне мінсе, кейбір аурулардың жаңа түрлері пайда болады. Ғылым мен медицина сол ауру­ларды зерттеп, талдап, емдеу жолдарын табуға талпынады. Бір қарағанда, мұның барлығы қалыпты үдеріс секілді. Алайда кейбір аурулардың тек қарт адамдарды ғана емес, жастар мен жасөспірімдерді жалмап жатқаны жанға батады. Мысалы, кардиологияда жүрек талмасы, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі, артериялық гипертония сияқты аурулар отыздан асқан жастар арасында да жиі кездесетін болды. Мұның салдарын ғалымдар, дәрігерлер қазіргі өмір салтымен байланыстырады. Оның ішінде дұрыс тамақтанбау, қимыл-қозғалыстың аздығы, күйзеліс, стрессті айтуға болады. Осы орайда пациенттерді емдеп қана қоймай, ауырмаудың жолын іздеуге жәрдемдесіп жүрген Зүбилә Көпейқызының пікірі көңілге қонады.

– Саламатты өмір салтын ұс­тану – кез келген аурудың ал­дын алуға кепіл. Мұны әрбір дәрі­гер пациенттерге үнемі айтып отырады. Саламатты өмір салтын ұстануға дұрыс тамақ­танудан бас­тап, тұрақты физикалық бел­сенділік, күйзелісті жеңу, күн тәртібін сақтау сынды қара­пайым қағидалар жатады. Ден­сау­лығымызды сақтау үшін ең алдымен тамақтану режіміне дұ­рыс көңіл бөлу қажет. Мысалы, уақтылы әрі дұрыс тамақтану барысында кешкі асты өте кеш ішпеу, майлы, тұзды тағамдар­ды шамадан тыс қолданбау маңыз­ды. Сонымен қатар алкогольді ішімдіктерді, энергетикалық сусындарды, темекіні шектеу қажет. Дене белсенділігі – денсаулық­тың кілті. Жаяу жүру, тұрақ­ты физикалық жаттығу жасау, ар­тық салмақтан арылуға септе­се­тін жаттығулар денсаулығы­мыз­­ды нығайтады, – дейді З. Көпейқызы.

Жыл сайын медицина мамандары профилактикалық ме­дициналық тексеруден өтетін топтарды дәрігер қабылдауына шақырады. Қызметтің осы түрі 40-70 жас аралығындағы адамдар үшін барынша маңызды саналады. Себебі осы кезеңдегі тексерулер артериялық гипертония, жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, глаукома, колоректальды обыр, сүт безі обыры, жатыр мойны обыры сияқты ауруларды ерте анықтап, алдын алуға мүмкіндік береді. №8 қалалық емхананың дәрігерлері де осы талап бойынша егде жастағы па­циенттерді скринингтен өтуге ша­қырады. Диспансерлік есепте тұрған пациенттерге де жылы­на бір мәрте тексеруден өтуге кеңес беріп, ахуалын жіті бақылай­ды. Қазір емханада 3 кардиолог еңбек етеді. Олар қабылдауға келген әр науқасқа аурудың салдарын, емделу жолын егжей-тегжей түсіндіруге тырысады. Өйт­кені дәрігердің айтқанының 80 пайызын дұрыс орындамай­тын науқастар да кездеседі.