Атлант мұхитындағы «MV Hondius» лайнерінде хантавирустан үш адам қаза тапқан соң, Кабо-Верде билігі кемедегі адамдарды эвакуациялаудан бас тартты. Оқшауда қалған жолаушылардың жағдайы күрделі, деп жазады Egemen.kz.
Оқиға Oceanwide Expeditions компаниясына тиесілі MV Hondius кемесінде болған. Кеме қазіргі уақытта Африка жағалауындағы арал мемлекет – Кабо-Верде астанасы Прайя маңында тұр.
Компанияның мәліметінше, қаза тапқандардың барлығы – жолаушылар. Қазіргі уақытта Кабо-Верде билігі жолаушыларға кемеден түсуге рұқсат бермей отыр. Дегенмен жергілікті денсаулық сақтау мамандары кемеге кіріп, жедел медициналық көмекке мұқтаж екі экипаж мүшесін тексерген.
Өлімге әкелуі мүмкін: Қазақстанның 4 өңірінде аса қауіпті вирус таралып жатыр
Хантавирус адамда ауыр әрі кей жағдайларда өлімге әкелетін өкпелік синдром тудыруы мүмкін. АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) мәліметінше, инфекция көбіне кеміргіштер арқылы, олардың зәрі, нәжісі немесе сілекейімен байланыс нәтижесінде жұғады.
Адамнан адамға жұғу өте сирек кездеседі және тек Анд вирусына тән жағдайларда ғана тіркелген. Бұл вирус негізінен Чили мен Аргентинада таралған, ал кеме сол аймақтан шыққан болуы мүмкін.
Қазіргі уақытта жағдайға байланысты тергеу және эпидемиологиялық тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.